ҚАЗАҚТЫҢ ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕРІ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕРІ интернеттен

Әбілфайыз Ыдырысов жайлы бір үзік сыр

 Әдебиет деген алып әлемнің қайраткерлері аз емес. Есімі елден бөлек сондайлық дарынды тұлғамыздың бірі де бірегейі – Әбілфайыз Ыдырысов. Ұлттық руханият, тіл мен әдебиет, журналистика мен педагогика салаларында өзіндік із қалдырған азамат есімі аталғанда, оның еңбектерін еске алмау – әділетсіздік. Ол қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып, қаламының қуатымен елінің еңсесін тіктеуге қызмет етті.

Әбілфайыз Ыдырысұлы 1930 жылы 23 ақпанда Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Егіндісай ауылында туған. Жазушы, журналист, педагог, тарих ғылымының кандидаты. Ол – 800-ден астам публицистикалық мақала, очерк, оқулықтар, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Очерк журналистика жанры ретінде», «Баспа өнімдерін әсемдеу», тағы басқа да пән  бойынша әдістемелік құралдар дайындаған ұстаз. Ә.Ыдырысов – қазақ оқырмандарына «Таңшолпан» деректі романының авторы ретінде де кеңінен танымал жазушы.

Еңбек жолын жастар газеттерінен бастап, бүкіл елге, алдымен, публицист-журналист ретінде танымал болған  Әбекең бүгін республика журналистерінің белгілі ұстазына айналып отыр. Қазақ журналистикасының күрделі проблемасын шешуге қатысқан, оның теориялық негізін жасаған мамандардың бірі. 

Ол өмірінің жарты ғасыр уақытын журналистика, әдебиет майданына арнады. Оның қырық жылында ұстаздықпен айналысты. Көптеген сыйлықтың лауреаты, конкурстың жүлдегері болды. Онға тарта повесть, новелла, романдардың, басқа да көркем туындылардың авторы. Журналист-ұстаз ретінде Ә.Ыдырысов есімдері мәлім Қанижан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Шериаздан Елеукенов тәрізді тұлғалармен замандас, үзеңгілес майталман маман болатын.

Иә, арыны асқақ, арманы биік азамат еңбек етуден ерінбей, талаптанудан тайсақтаған жоқ, көп оқыды. Оқығанымен қоса, ой бөлісіп, озық оқулықтар жазды. Іргелі басылымдарда ірілік танытып, ғылым мен білімді насихаттап,  мұқым елге маңызды ақпарат таратты, тіршілігін тілшілікке арнады. Ірілерге ілесіп, кемеңгерлермен көшелес, көрегенділермен кеселес болды. Оның айғағы – 21 ғасыр қаймағы Әуезовке деген іңкәрлік.

Әбекеңнің «Әуезовке іңкәрлік» (Атамұра, 1997 ж.) кітабын алыңыз. Әуезов әлемі дегенде, Әбілфайыз көкеміз ұлы тұлғаның тұңғиығына үңілді. Оның «Әлемнің Әуезові» екеніне көз жеткізді. Ғажап болмысты Әуезов әлемі!  Көсем көрегендік! Кеңес кезінде Әуезов астарлап айтқан біраз болжамның кейін дөп келгені көп. Сондықтан әуезовтану – ұлтқа ұлағат, терең ілім, мол мирас.

Кітапта негізінде ұлы ойшылдың дәріс алған шәкірттеріне айтқан сол әулиеліктері әңгімеленеді. Әуезов 37 жылғы үркіншілік (респрессия) құрбандары жайында: «Олар әлі-ақ ортамызға оралады...» деген. Олар ақталды. «Қазақтың кім екенін әлі-ақ танытасыңдар» – депті. Міне, егемен ел болдық. «Азаттыққа аттанысты жастарымыз бастайды» десе, бұл – 86-ның желтоқсанында қазақ жастарының ұлт рухын асқақтатып, ақ қар, көк мұзда алау жаққаны. Шыңғыс Айтматов жайлы: «Ол әлі Адамзаттық тұлға болады», деп болжаған. Ол сөзі де ақиқатқа айналды емес пе.

Қысқасы, Әбекем өзінің «Әуезовке іңкәрлік» атты новеллалар жинағында ұлы классигіміздің сондай әулиелік болжам айтқан сәуегейлік сәтін оқиғалық желімен келісті бейнелеп, ғажап адамның қайталанбас абыздық тұлғасын сомдаған. Тіпті, жазушы өз ой толғауында «Маған Әуезовтың дәрісі көп көмектесті. Мен ол кісіні пір тұтамын. Ең бірінші, сол кісі менің түсіме кіріп, аян берді: «Әбілфайыз, жаз!», – деді» деп сыр шертеді. Кейіннен өзі де аға тәлімгер жолын жалғап, қазақтың қабырғалы қаламгері атанды. Басылымдарда бас редактор қызметін атқарып, білгенімен бөліспекке бекінді. Тілші болмақтың тіршілігін тыңдап, талаптыға трамплин болды.

Қаламгердің «Сыр мен шындық» атты шығармалар жинағына (Алматы, «Атамұра», 2000 ж.) енген «Ұлттық рух, ұлттық намыспен асқақтайық!» деген тақырыппен берілген толғауын атамасқа болмас. Бұл туындыда өмір шындығы, қазіргі заман тынысы ащы да болса ақиқат-тын.  Жинаққа енген әр материал мен қазақпын деген пендені еріксіз ойландырады, теңселтіп тебірентеді. Өйткені, оларда ұлтымыздың тағдырына қатысты көкейкесті мәселе көтерілген. Автор: «Неге олай?!» «Неге бұлай?!» «Неге?!» «Ар қайда, намыс қайда?!» – деп толғанады.

Ондай толғанудың сыры мен шындығы – тіл, діл, дін, жер сату, ар, намыс, халық тағдыры, қалталы қазақтар, келімсектердің басынуы бейқам қонақжайлылық, қазына-байлығымыздың талапайға түсуі, бала сату, ата-анадан безу, тың көтеру трагедиясы, түрлі бомбаның жарылыс зардаптары жайы. Сыбайластық пен жемқорлықтың зардабы. Халықты жаулаған түрлі кесапат, дертпен күрес мәселесі, қазақ ауылын тығырықтан шығару проблемасы. Автор аталған публицистикалық туындылар жинағында «дос жылатып айтады» қағидатын ұстанып, әлгі саналғанның бәрін ашына алға жаяды. Ұлттық намыс неге кеміс, ұлттық рух неге төмен? «Қашан оянасың, қазақ?!» деп жан-айқайын сыртқа шығарады.

Тағдырында талайды көрген ұстаз 1953–1965 жылдар аралығында «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы сынды қызметтерді атқарып, ары қарайғы ғұмырын ғылым мен білім беруге арнайды.

Ә. Ыдырысовтың қазақ бас­пасөзінің зерттеушісі ретінде жазған еңбектері – бір төбе. Мәселен, «Адамзат мә­дениетінің өркені», «Қарақай­лыны билеген қазақтар», «Қазақ­тың ат­та­ры беймәлім патшалары, баспагерлері», «Skun касак-көсем қа­зақ», «Терең тарихтың өшпес ізі», «Ахаң мен «Қазақ» газеті жайлы ақиқат» атты сүбелі еңбектері – жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы. Ғалым бұл оқулықтарға енген зерттеу еңбектерінде қазақ басылымдарының тарихы мен журналистерінің әдеби һәм публицистикалық мұрасын терең талдап, таразылап, ғылыми бағасын беріп, тасқа басты. Сондай-ақ сол кез­дегі қазақ баспасөзінің көкейкесті мәсе­лесін қозғап, газет жанры жөнінде кеңінен түсінік береді. Бұл еңбектер – жас журналистер мен ізденушілерге таптырмас  оқу құралы, ұлттық жур­налистиканың шежіресін шертетін құнды қазына.  Әбілфайыздың қолтаңбасы!

Әбекең – ерлік пен қайрат иесі, қайсар кісі. Ол өмірге құштар. Қиындықты жеңе білген адам! Сол жақ аяқ-қолы жансыз қалғанда да сау қолымен жазумен айналысты. Сөз басында айтқандай, қаншама құнды шығармаларды дүниеге әкелді. Мақсатты өмір сүруге барын салды. Өжеттігімен, жанпида, әрекет-күресімен ол Корчагин, Островский пен өзіміздің Зейнолла Шүкіровтың қайсар ерлігін қайталады. Ауыр дертке ұшырағанда, жарты денесі жансызданып жатқанда да айлап-жылдап, күні-түні жазумен өтті. Жас ұлғайған шақта қолға қалам алып, көркем прозаға кірісу екінің бірінің жүрегі дауаламайтын іс. Ондай жүректі қаламгер тек қазақта емес, әлем әдебиетінде де саусақпен санарлық. Алпыстан асқан жазушының көркем шығарма жазуға отырып, күш-қайратын сарп етіп жазған том-том еңбектерінің сан мың шәкірттер жанына сан ғасыр шырақ жағары анық

Әбілфайыз Ыдырысовтың ғұмыры – шындық пен әділдік жолында сарп етілген саналы ғұмыр. Оның азаматтық ұстанымы, ұлтқа деген жанашырлығы талай жасқа үлгі болды. Ғұмырын қазақ баспасөзіне арнаған ол журналистиканың ғана емес, қазақ сөзінің шырақшысы. Оның жазған әр еңбегі, көтерген әр тақырыбы – болашақ ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұра. Қаламы жүрдек, ойы терең азаматтың әрбір сөзі – ұлттық сананың шамшырағы.

Әбілфайыз Ыдырысов публицистикасы мен төл туындылары қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол өз ісіне жай тілмаштық ретінде қараған жоқ, әрбір туындыға ұлттық реңк беріп, төл шығармамыздай сіңіре білді. Оның шығармашылық шеберлігі – өз ісін еркін игеріп, оны қазақы бояумен әрлей білуінде. Әбілфайыз жанына үңілсеңіз, одан ұлтшылдықты емес ұлтжандылықты аңғарасыз. Асып-тасқан астамшылық пен даурықпа популизмнен ада. Иә, ол өз ұлтын, өз өлкесін, халқын жанындай жақсы көріп, пайда әкелуді көздеді. Десекте, «өз ұлтын, халқын сүйген адам, өзгені де өзіндей құрмет тұтуы – шарт» деп ұғынды.

Ұлттық журналистиканың дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткердің мұрасын дәріптеу – бізге артылған аманат. Ұлт үшін қалам тербеген қаламгердің еңбегі өзі сүйген елі, өзін сүйген халқы барда мәңгі жасай бермек

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:08

21:06

21:04

21:02

21:01

20:59

20:54

20:51

20:48

20:44

19:17

18:57

18:26

17:49

17:34

17:18

17:17

17:01

16:48

16:43

16:41

16:35

16:30

16:20

16:16