ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков елді мекендерді ауызсумен қамту және инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстарының барысы туралы баяндады, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін барлық қалалар мен ауылдарды 100% сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көзделген.
Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Комитет төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, соңғы жылдары ауызсумен қамту деңгейі айтарлықтай артқан. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, қалаларда халықтың 99,4%-ы, ал ауылдарда 97,8%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
«Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін республикалық бюджеттен 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Әсіресе халқы тығыз орналасқан ауылдарға басымдық берілді. Нәтижесінде 10 өңірдегі қалалар мен Маңғыстау облысының ауылдары толықтай ауызсумен қамтылды», – атап өтті Комитет төрағасы.
2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу үшін биыл бюджеттен қосымша 176 млрд теңге бөлініп, 410 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде қалаларда 89 жобаға 71 млрд теңге, ал ауылдарда 321 жобаға 106 млрд теңге қарастырылған.
Халқы аз ауылдарда суды тиімді жеткізу үшін шағын су тазарту модульдері орнатылуда. Алайда, кейбір ауылдарда тұрғындар жеке құдықтары мен ұңғымалары бар болғандықтан, орталық су жүйесіне қосылудан бас тартуда. Осыған байланысты жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, су сапасын тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Су сапасының тұрақты болуы инфрақұрылымның тозу деңгейіне тікелей байланысты. Қазақстан бойынша су құбырларының жалпы ұзындығы – 106,7 мың шақырым, олардың тозу деңгейі 39%-ды құрайды.
Мәселені түбегейлі шешу үшін «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Бұл жоба аясында 10 мың шақырым желі жаңартылады. Оның ішінде 5 мың шақырым су құбыры желілері жөндеуден өтеді.