2025 жылғы шілде қазақстандықтар үшін бірнеше маңызды жаңалық пен өзгеріске толы болмақ. Мерекелік демалыстан бастап, газ бағасының өсуі, жаңа медициналық жүйе мен тұрғын үй ережелерінің өзгеруіне дейінгі жаңалықтарды қысқаша шолып өтеміз. Толығырақ Аqshamnews.kz тілшісінің материалында.
Үш күн қатарынан демалыс болады
6 шілде – Астана күні. Биыл бұл күн жексенбіге тура келіп тұрғандықтан, демалыс 7 шілдеге (дүйсенбіге) ауысады. Осылайша, ел тұрғындары үш күн қатарынан (6, 7 және 8 шілде) демалып, мерекені кең көлемде атап өте алады.
сурет: depositphotos.com
Не қымбаттайды?
Шілдеден бастап ірі коммерциялық тұтынушылар мен майнингпен айналысатындарға арналған газ бағасы өседі. Ең қымбат баға Алматы, Алматы облысы және Жетісу облысында тіркелген – 76 686 теңге/мың текше метр. Ал ең төменгі баға – Шығыс Қазақстанда, мұнда газдың мың текше метрі 13 069 теңге болады.
Сондай-ақ, ұн мен майдың және алкогольдің де бағасы көтеріледі. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Ұн 44,6%-ға (ең төменгі баға килограммына 96,65 теңгеден 139,81 теңгеге дейін), күнбағыс майы 61,2%-ға қымбаттайды. Ашытқы да қымбаттайды. Бұл ингредиенттердің маңыздылығын ескерсек, көп тағамды дайындау құны да артады. Нан, кондитерлік өнімдер мен ұн өнімдері де қымбаттауы мүмкін.
Алкогольге келетін болсақ: арақ 6,4%-ға, литрі 1136,16 теңгеге дейін, ал коньяк 21,5%-ға, литрі 3282,97 теңгеге дейін қымбаттайды.
сурет: depositphotos.com
Медициналық көмекті төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі
1 шілдеден бастап еліміздің барлық өңірінде Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе медициналық қызметтерді қаржыландыруда әділеттілікті қамтамасыз етуді, жемқорлықты болдырмауды және сапалы ем алуға мүмкіндік беруді көздейді. Пилоттық жоба 1 наурызда Ақмола облысында басталған.
сурет: depositphotos.com
Электрон құжаттарды сотқа тапсыру тәртібі өзгереді
Сот істеріне қатысты құжаттарды электрон түрде жіберу ережесіне өзгеріс енгізілді. 1 шілдеден бастап құжат көлемі 20 МБ-қа дейін ұлғайтылады (бұрын 10 МБ еді), құжаттар *doc, *docx, *pdf, *xlsx форматтарында қабылданады. Қате адресатқа жолданған, оқуға келмейтін немесе қолтаңбасы дұрыс емес файлдар қабылданбайды.
сурет: depositphotos.com
Тұрғын үй төлемдеріне қатысты жаңа ереже
Жаңа өзгерістерге сәйкес, шілденің 1-інен кейін қызметке кірген прокуратура, экономикалық тергеу және азаматтық қорғау саласы қызметкерлері де тұрғын үй төлемін алуға мүмкіндік алады. Қызмет өтілі 20 жылдан асқан мамандарға мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіруге рұқсат беріледі. Сонымен қатар, төлем есебінен алынатын тұрғын үй көлемі 90 шаршы метрмен шектеледі.
сурет: depositphotos.com
Ресейге кіру тәртібі күрделене түседі
30 маусымнан бастап Ресейге кіру үшін электрон өтінішті сапарға кемінде 72 сағат бұрын толтыру міндеттеледі. Тек шұғыл жағдайларда (жақынының өлімі, шұғыл емделу) 4 сағат бұрын хабарлауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, барлық өткізу бекетінде саусақ ізін тапсырып, фотосуретке түсу талап етіледі.
сурет: depositphotos.com
Жаңа әуе рейстері ашылады
– 2 шілдеден бастап Петропавлдан Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласына тікелей рейстер ашылады.
– Шымкенттен Қытайдың екі қаласына жаңа рейстер қосылады:
• Сиань – әр сәрсенбі және сенбі күні
• Үрімжі – әр сейсенбі және жұма күні
сурет: depositphotos.com
Алматыда балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жүйесі іске қосылады
1 шілдеден бастап Алматы қаласында балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, бұл жүйе мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттыру, сапасын жақсарту және ата-аналарға балабақша таңдау еркіндігін беру мақсатында іске асырылмақ.
Бағдарламаға Алматыдағы 988 балабақша қатысады, оның ішінде 196 мемлекеттік және 792 жекеменшік балабақша бар. Ата-аналар балабақшаны бос орынға қарай таңдай алады. Ваучер арқылы ата-аналар балабақшаға ақы төлеп, мемлекеттік немесе жекеменшік мекемелерден қызмет ала алады.
Ваучерді алу үшін ата-аналар электрон портал арқылы өтініш беріп, балабақшаға барғаны туралы растауды ұсынғаннан кейін қаржыландыру алады. Бұл жүйе мектепке дейінгі білімді барлық әлеуметтік топтарға қолжетімді етуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
сурет: depositphotos.com
Жаңа айыппұл түрі күшіне енеді
5 шілдеден бастап Қазақстанда көшеде және аулада өскен ағаштарды заңсыз кесуге тыйым салынады. Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығына сәйкес, сирек және жойылып бара жатқан ағаш түрлерін, сондай-ақ қарапайым өсімдіктерді кесу үшін айыппұлдар белгіленді. Мысалы, қарағай мен шырша үшін айыппұл 15-45 АЕК (58 980 теңгеден 176 940 теңгеге дейін), ал грек жаңғағы ағашы үшін 50-80 АЕК (196 600 теңгеден 314 560 теңгеге дейін) мөлшерінде болады.
сурет: depositphotos.com