Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі елдегі жедел ахуалға жүйелі түрде мониторинг жүргізуде. Талдау нәтижелері қылмыс деңгейіне кері әсер ететін үрдістерді уақтылы анықтап, олардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдауға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері республика аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында бірқатар ауыр қылмыстар тіркелді. Олардың қатарында кісі өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, сондай-ақ денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері бар. Қылмыстардың басым бөлігі қалалық жерлерде жасалған, әрі көп жағдайда құқық бұзушылықтар алкогольдік масаң күйде орын алған.
Жүргізілген талдау мұндай құқық бұзушылықтардың негізгі себептері ретінде әлеуметтік мәселелерді, жұмыссыздықты, отбасылық құндылықтардың әлсіреуін және алкогольді шамадан тыс тұтынуды көрсетеді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстардың артуы ерекше алаңдаушылық туғызуда. Бұл профилактикалық және тәрбиелік жұмыстарды күшейтудің қажеттілігін айқындайды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл күшейтілуде. 2025 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» Заңы аясында профилактика субъектілерінің құзыреті кеңейтіліп, барлық өңірлерде жұмыс істейтін отбасын қолдау орталықтарының қызметі жанданды.
Сонымен қатар, заманауи цифрлық құралдар енгізілуде. «FSM Social» жүйесі мен Отбасының цифрлық картасы өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларды уақтылы анықтауға және оларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында Алматы қаласы аумағында «Қауіпсіз үй» қағидаты бойынша кешенді профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылуда. Подворлық аралаулар, тұрғылықты мекенжайлар бойынша тексерулер жүргізіліп, тәуекел топтарына жататын тұлғалар мен отбасылар анықталуда, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған тұлғаларға бақылау күшейтілуде.
Құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын іске асыруға ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу, ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, қоғамдық тәртіпті бұзу және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша шаралар қабылдануда.
Сонымен қатар, Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы тарапынан халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар орналастырылып, азаматтармен, еңбек ұжымдарымен және білім беру ұйымдарының оқушыларымен кездесулер өткізілуде.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралар қылмыс деңгейін төмендетуге, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.