Ал ең аз мөлшердегі зейнетақы – 33 858 теңге.
БЖЗҚ Қазақстан халқының зейнетақы жинағы 19 трлн теңгеге жақындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
БЖЗҚ ақпараты
2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ-да салымшылардың (алушылардың) жеке және шартты шоттарында шамамен 19 трлн теңге жинақталған. Бір жыл ішінде зейнетақы жинақтары 3,3 трлн аса теңгеге (немесе 21,1%) өсті. Жыл басынан бері 4 айдың ішінде олардың өсімі шамамен 1,12 трлн теңге (6,2%) болды.
– Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 2024 жылғы 1 мамырға 18,3 трлн теңгеден асып, бір жылда 20,6% ұлғайды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 599 млрд теңге (бір жылдағы өсім - 22,8%). Бір жылдағы ең үлкен өсімді (45,7%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті. Олардың көлемі шамамен 6 млрд теңге, – деп хабарлайды қордан.
Жинақтар мөлшерінің өсімі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен мүмкін болды. 2024 жылдың 4 айында салымшылардың шоттарына түскен зейнетақы жарналарының көлемі - 856,4 млрд теңге (өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 29,1% немесе шамамен 193 млрд теңгеге өскен).
Инвестициялық кіріс
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсуде. 2024 жылдың 4 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы 57,9 млрд теңгеден асты.
БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері 01.05.2024 ж. - 517,6 млрд. теңге.
БЖЗҚ-дан төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар түріндегі шығыс ағындары 2024 жылдың 4 айында шамамен 285,5 млрд теңге болды. Бұл ретте осы көлемнің 41,7%, яғни 119 млрд теңгесі - тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ). Зейнет жасына толуға байланысты төлемдер шамамен 67,8 млрд теңге, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 19,2 млрд теңгеге (39,5%) көп. Сондай-ақ, мұрагерлік бойынша төлемдер – 18,5 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 11,4 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 1 млрд теңгеден астам, жерлеуге төлемдер - 3,3 млрд теңге жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына 64,3 млрд теңгеден астам сома аударылды.
Ең бай зейнеткер
Атап кетейік, БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуға байланысты) 33 858 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы - 945 752 теңге. Былтыр БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 32 090 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 742 692 теңге болған.