Көңіл көншітпейтін статистиканы Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мамандары айтты.
Дәрігерлер кәмелет жасына толмаған балаларға сергіткіш сусынды сатуға тыйым салу керек деп дабыл қағып отыр. Себебі адам ағзасын білдірмей улайтын өнім, әсіресе, балалар үшін өте қауіпті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Сабақ арасында дүкенге кірген оқушылардың дені осындай сергіткіш сусын алуға бейім. Сатушылар да бұл өнімдердің зиянды екенін бірі білсе, бірі оның денсаулыққа тигізер зардабын ескере бермейді. Дегенмен сөреде самсап тұрған өнімді балаға сатпау керек деген заң жоқ.
Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Дәрігерлер де сергіткіш сусындарды балаларға ішкізбеу керек деп шырылдап отыр. Себебі ондай сусынды жиі ішетін жасөспірімнің бауыры маскүнемдікімен бірдей болады екен. Тіпті жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, соңы қатерлі ісікке ұласуы әбден мүмкін. Сондықтан балалар мен жүкті әйелдерге және қарт адамдар мен қан қысымы бар жандарға бұл сусынды үзілді-кесілді ішуге болмайды.
«Энергетикалық сусындардың құрамында кофеиннің көбі ең бірінші мәселе болып есептеледі. Өйткені өздеріңіз білесіздер, кофеинді жас балдарға, әсіресе, мектеп оқушыларына шамадан тыс қолдану оның жүрек-қан тамыры ауруларына, тіс кариесіне, қант-диабетінің көбеюіне өз салдарын тигізеді. Сусынның құрамында бар В12 витамині де екі-үш есе көп. Ол да өзінің кері әсерін тигізеді», - дейді ҚР ДСМ "Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы" Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Қалмақова.
Алыс жолға шығатын көлік жүргізушісі ұйқымды ашады деп бір-екі құтыны қолтықтай кетуді әдетке айналдырған. Алайда энергетикалық сусындар ағзаны күш-қуатпен қамтамасыз етеді деген тұжырым дәлелсіз. Сусында ондай қасиет жоқ, ол - тек энергия қоздырушысы. Яғни біз өз бойымыздағы қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға аламыз. Алайда ерте ме, кеш пе, бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға мәжбүр боламыз. Бір сөзбен айтқанда, ағзадағы өмір бойына жететін күш-қуатты сарқып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады.
«Біздің елде оқыс жағдай болмағанымен, энергетикалық сусынның кесірінен жүрек айну,бас айналу шағымдарымен жүгінгендер бар. Бұл өнім алкогольді ішімдіктер қатарынан болу керек, жастарға сатуға тыйым салу керек екенін бұрыннан айтып келеміз. Тіпті сотқа арыз да тастадық. Өкінішке қарай, қазір кәсіпкерлердің өзі мәселеге немқұрайлы қарап отыр. Құтының сыртындағы жарамды уақытын өшіріп қайта жазып жатқандары да жоқ емес. Бұл елдің болашағы үшін алаңдайтын жағдай деп ойлаймын», - деді Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасының басқарма төрағасы Светлана Романовская.
Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері 2013 жылдың 19 тамызында «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулыны бекіткен. Құжатта «орта және арнаулы орта білім беретін мекемелерде, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын орындарда, мәдени-көпшілік шараларда энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады», – деп анық көрсетілген. Алайда ол қаулының іске асып жатқаны көрінбейді.