Халықтың осал топтарына мемлекет жан-жақты көмек көрсетеді, оларды қолдауға миллиардтаған қаржы шығындалады.
Енді бұл іске қоғамның тек осы қабатын ғана қорғайтын жеке омбудсмен институты пайда болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елең еткізетін құжатты жариялады. Ол «Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз санаттары құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру туралы» Президенттің Өкімінің жобасы деп аталады.
Аты айтып тұрғандай, оған Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойғаннан кейін Қазақстанда тек қана ХӘОТ-тарды (халықтың әлеуметтік осал топтарын) қорғайтын жаңа омбудсмен тағайындалады.
«Қазақстанда халықтың әлеуметтік әлсіз санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында қаулы етемін: 1. Қазақстанда өз қызметін қоғамдық бастамада жүзеге асыратын Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз санаттары құқықтары жөніндегі уәкіл институты (бұдан әрі – Уәкіл) құрылсын», – делінген өкім жобасында.
Яғни, қызметі бюджеттен қаржыландырылатын, салмақты жалақы алатын Адам құқықтары жөніндегі уәкілден айырмашылығы сол, жаңа омбудсмен жалақысыз, қоғамдық негізде жұмыс істейді. Бұл лауазым оған тек мәртебе мен атақ әпереді.
Құжатта жаңа уәкілдің негізгі мақсаты «халықтың әлеуметтік әлсіз санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерiнің негізгі кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың құқықтары бұзылған жағдайларда қалпына келтiру болып табылатыны» атап көрсетілген.
Өкімнің орындалуын бақылау Президент әкiмшiлiгiне жүктеледі. Құжат қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Өкімде сөз болып отырған ХӘОТ (орысша СУСН деп атайды) санатына жататындардың қатары үлкен, бұлар:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
Соларға теңестірілген тұлғалар;
Бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеуші отбасылар;
Үкімет бекіткен тізімде келтірілген бірқатар созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын тұлғалар;
Зейнеткерлер;
Жетім балалар, 29-ға толмаған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
Қандастар (оралмандар);
Экологиялық апат, табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ салдарынан баспанасынан айырылған адамдар;
Көп балалы аналар, көп балалы отбасылар;
Мемлекеттік, қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау, қоғамдық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары;
Толық емес отбасылар, жалғызбасты аналар.
Бұл санаттағылардың құрамы қаншалықты әр алуан болса, олардың шағымы да әрқилы болып келеді. Жаңа омбудсменге соның бәрімен айналысуға тура келмек.