ffin.kz

Қазақстанда «Елім-ай» экологиялық туризм ассоциациясы құрылды

Қазақстанда «Елім-ай» экологиялық туризм ассоциациясы құрылды Cурет: Туризм қауымдастығы

9 айда ішкі туристер саны 5,2 млн адамды құрады


Алматыда «Табиғи туризм: жаһандық сын-қатерлер және Қазақстанның келешегі» тақырыбында конференция өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


Шараны Қазақстанда жаңадан құрылған «Елім-ай» Ұлттық экологиялық туризм қауымдастығы ұйымдастырды. Қауымдастық мақсаты – ұлттық парктермен, мемлекеттік органдармен, кәсіпкерлік саламен бірге биоалуантүрлілікті қорғай отырып, елімізде табиғи туризмді дамыту. 


Сол себептен де шарада Қазақстанда экологиялық туризм саласын жетілдіру мүмкіндіктері, ұлттық парктердегі инфрақұрылымды жетілдіру, табиғи туризм арқылы өңірлердің экономикалық әлеуетін өсіру және табиғи алуантүрлілікті барынша сақтап қалу мәселелері ортаға салынды.


Конференцияға cалалық министрліктер өкілдері, еліміздегі барлық ұлттық парктер мен табиғи қорықтардың басшылары, халықаралық қорлар, туристік бизнес, жоғары оқу орындары, зерттеу институттары, экологиялық және қоғамдық ұйымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.


ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаевтың сөзінше, осы жылдың соңғы 9 айында еліміздегі ұлттық парктерге келушілер саны 1 миллион адамға жуықтап, өткен жылғы көрсеткішке жетіп үлгерген. 



«Ішкі туризмнің басқа да көрсеткіштері жақсарды. Соңғы 9 айда ішкі туристер саны 5,2 млн адамды құрап, 2019 жылғы статистикадан асып кетті. Сол себепті еліміздегі ұлттық парктердегі рекреациялық жүктемені ескеру мәселесіне ерекше назар аударғым келеді. Қолда бар әдістемелер ұлттық парктердегі инфрақұрылымды дамытуға негізделмеген. Ал инфрақұрылымды жетілдіру туристерді көбірек қабылдауға септігін тигізеді. Мысалы, егер жол жөнделсе, аумақ  туристердің жүруіне ыңғайланса қосымша 2000 адамды қабылдауға болады, туристік соқпақ жасалса, 1000 адам тағы қосылады.  Алайда біз мұның экологиялық жағын ұмытпауымыз керек. Рекреациялық жүктеменің лимитінен асуға болмайды. Біз осындай концепциямен ғана табиғатты да сақтап, заманауи туризмді де дамыта аламыз», - дейді Е.Еркінбаев. 



Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы басшысы Йоханнес Д. Рай жастар арасында экологиялық ағарту жұмысының маңыздылығына тоқталды.




«Орманда 20 шақырым жүрсеңіз, арнайы қоқыс алаңдарынан да көп қоқыс кездестіруге болады. Сол себепті азаматтар экосаясаттың, экологияның мәнін дұрыс түсінуі керек. Табиғатты қорғай отырып қаржы жаратып қана қоймай, табыс та табуға болады. Экотуризм идеясының ұтымдылығы сонда. Бұл салада жергілікті тұрғындар жұмыс орындарын құрып, кәсіпті дамыта алады. Мұнымен шектеліп қана қоймай, білім беру мекемелеріне барып табиғатты қорғау туралы жиі түсіндіруіміз қажет. Жастармен көбірек жұмыс істегенде ғана инновация болады» , - деп айтты Й.Д.Рай. 



ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев ұлттық парктердегі инфрақұрылымды дамыту жобалары осы бағытта қабылданған тұжырымдамалар негізінде жүзеге асатынын, бұл тұрғыда «Елім-ай» экотуризм қауымдастығымен бірге жұмыс істеу жоспарланып отырғанын атап өтті. Сол себептен де бірқатар мемлекеттік ұлттық табиғи парктер мен ассоциация арасында әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды. 


Ассоциацияның Басқарма төрайымы Самал Ибраева басқа да барлық мүдделі тараптарды бірге жұмыс істеуге шақырды. 




«Қоғам өкілдері мен саладағы сарапшыларды тарта отырып, экология, туризм салаларындағы заңнаманы жетілдіруге белсенді қатысамыз. отуризм саласындағы барлық ұйымдар үшін, қорықтар мен ұлттық парктерге келушілер үшін бірыңғай бақылау мен ережелерді әзірлейміз. Барлық ұлттық парктерде экологиялық бизнес-процесті жолға қойып, сол арқылы ұлттық парктер қызметін толық реформалауға басымдық береміз. Қазірдің өзінде біздің ассоциациямыз мемлекеттік және кәсіпкерлік сала өкілдерін, табиғат қорғау ұйымдарын, туристік кәсіпкерлікті, қоғамдық ұйымдарды, қоғамдық пікір көшбасшыларын, халықаралық ұйымдар басшыларын біріктіріп үлгерді. Күш біріктіру арқылы бірыңғай ұстанымға келеміз деген сенімдемін. Қайталанбас көркі бар табиғи нысандарымыздың ахуалына, ұлттық парктердің жағдайына бей-жай қарамайтын, жалпы табиғатымызға жанашыр азаматтардың және ұйымдардың барлығын ассоциацияға қосылуға шақырамын», - деді ол. 



Экология және тұрақты даму институтының директоры Құралай Кәрібаева ұлттық парктер аумағындағы биоалуантүрлілікті, жер ресурстарын сақтаудың маңызына тоқталды.



«Ұлттық парктер де, экологиялық туризм ұйымдары өз міндеттерін дұрыс атқарса, табиғатымыз байлығымызды келер ұрпаққа бере аламыз.  Біз қазір келешекке тиесілі ресурстарды қолданып жатырмыз. Ресурстарымызды рационалды пайдаланып, жақсы бағдарламалар арқылы осы идеяны әр азаматтың санасына сіңіруіміз керек. Экология, экономика және әлеуметтік мәселелер арасындағы балансты үштаған етіп, тең ұстау өте маңызды», - деді академик. 



Бұдан бөлек, конференция аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басшыларына Іле-Алатау паркінің Аюсай шатқалында танымдық экскурсия ұйымдастырылып, визит-орталық таныстырылды. 



Атап өтейік, табиғи туризм бүгінгі заманның динамикалық трендтерінің бірі. Әлемдік нарықта экотуризм саласындағы маршруттарға сұраныс бірнеше жылдан бері қарқынды өсіп  келеді. Әлемдік статистикаға сәйкес, экотуризм жыл сайынғы өсімнің 10-15% -ын құрайды, пандемия кезінде әлемдік туризмде оның үлесі 30% - ға дейін жоғарылады. Орталық Азия адам қолы тимеген және бастапқы қалпы бұзылмай сақталған табиғи объектілердің көптігімен экотуризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Тек бір ғана Қазақстанның өзінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы 26 млн гектарды құрайды, бұл экотуризмі жақсы дамыған бірқатар елдерге қарағанда он есе үлкен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04