2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда артты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының үй шаруашылықтарының тұрмыс деңгейіне жүргізген іріктемелі зерттеуінің нәтижесінде белгілі болды.
Зерттеу мәліметінше, бір тұрғынға шаққанда тоқсан ішінде ет және ет өнімдерін тұтыну 20,6 келіден 20,7 келіге өскен. Сондай-ақ сүт және сүт өнімдері 57,2 литрден 58,1 литрге, жұмыртқа 52 данадан 54 данаға, көкөніс 18,3 келіден 18,7 келіге, картоп 11,3 келіден 11,4 келіге дейін артқан. Балық пен теңіз өнімдерін тұтыну да 3,5 келіден 3,6 келіге өсті.
Ал кейбір азық-түлік түрлеріне сұраныс төмендеген. Атап айтқанда, жарма мен дәнді дақылдарды тұтыну 31 келіден 30,6 келіге дейін азайған. Сондай-ақ жеміс-жидек пен жаңғақ, қант, тосап және бал тұтыну көлемі де өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Майлар мен тоңмайларды тұтыну деңгейі өзгеріссіз қалған.
2026 жылдың І тоқсанында бір қазақстандық орта есеппен 11,4 келі картоп, 6 келі бірінші сұрыпты ұннан дайындалған бидай наны, 6 келі сиыр еті, 4,8 келі алма, 4,6 келі құмшекер, 4,2 келі күріш, 54 жұмыртқа, 3,1 литр айран және 2,4 литр шикі сүт тұтынған.
Көкөніс тұтыну бойынша Алматы қаласы республикада көш бастады. Алматылықтар тоқсан ішінде жан басына шаққанда орта есеппен 23,2 келі көкөніс тұтынған. Одан кейін Жетісу облысы (22,8 келі) мен Түркістан облысы (21,4 келі) орналасқан. Ал ең төменгі көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында (16,5 келі), сондай-ақ Абай және Алматы облыстарында (әрқайсысы 16 келі) тіркелді.
Сонымен қатар, қала тұрғындарының көкөністі ауыл тұрғындарына қарағанда көбірек тұтынатыны анықталды. Қалалық жерлерде бұл көрсеткіш бір адамға шаққанда 19,3 келі болса, ауылдық жерде 17,6 келіні құрады.
Ет және ет өнімдерін ең көп тұтынатын өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ақмола және Қарағанды облыстары бар. Ал бұл көрсеткіш ең төмен Түркістан облысында тіркелген.
Айта кетейік, зерттеу еліміз бойынша 12 мың үй шаруашылығын қамтыған іріктемелі сауалнама негізінде жүргізілген.