Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларды жедел хабар алмасу сервистерінен басқа әлеуметтік желілерде тіркеуге шектеу енгізу жоспарланып отыр. Бұл норма заң жобасында қарастырылған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жаңа талапқа сәйкес, уәкілетті органға бес мыңнан астам жазылушысы бар онлайн-платформалар пайдаланушыларының тізілімін жүргізу құзыреті беріледі.
Сонымен қатар білім беру курстары мен белгілі бір сала бойынша оқыту материалдарын жариялайтын авторлар өздерінің тиісті білімі бар екенін көрсетуге міндеттеледі. Ол үшін диплом немесе сертификат сияқты құжаттар негіз болуы керек.
Бұдан бөлек, заң жобасында «оккульттік қызметтер» ұғымы енгізіледі. Оған табиғаттан тыс, паранормалды немесе ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген қабілеттерге негізделген қызметтер жатады.
Мұндай қызметтер туралы контент жарияланған жағдайда, оның ойын-сауық мақсатында ұсынылатыны және ғылыми не практикалық тұрғыдан расталмағаны туралы ескерту берілуге тиіс.