Тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй кешені пайдалануға берілген кезден бері жалғасып келеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Алмалы ауданындағы «Nomad» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесіп, олардың шағымдарын тыңдады. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан инженерлік желілер мен құрылыс сапасына қатысты мәселелерді реттеу үшін жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.
Қала әкімінің айтуынша, тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй кешені пайдалануға берілген кезден бері жалғасып келеді.
Шаһар басшысы мәлім еткендей, негізгі түйткілдердің бірі – кәріз жүйесі, трансформаторлық қосалқы станциялар мен электр кабельдерінің әлі күнге дейін қалалық коммуналдық қызметтердің теңгеріміне берілмеуі. Осының салдарынан инженерлік нысандарды күтіп ұстау, жөндеу және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қиынға соғып отыр.

Тұрғындар автотұрақтың гидрооқшаулау жүйесіне қатысты кемшіліктерді де көтерді. Бұдан бөлек, витражды құрылымдардың сапасыз орнатылуы жаңбыр жауған кезде пәтерлерге су кіруіне себеп болып отыр. Бұл мәселелер тұрғындардың күнделікті тұрмысына қолайсыздық туғызып, құрылыс сапасына қатысты сұрақтарды қайта көтерді.
"Тиісті басқармаларға коммуналдық қызметпен бірлесіп, инженерлік желілерді қала теңгеріміне беру мәселесін пысықтауды тапсырдым. Сонымен қатар витражды құрылымдар мен басқа да ақауы бар учаскелерге техникалық тексеру жүргізу үшін тәуелсіз сарапшылар тартылады. Тексеру қорытындысы бойынша «Rams Kazakhstan» ЖШС-ін анықталған барлық кемшілікті жоюға міндеттейміз. Тұрғындар көтерген әрбір мәселе нақты шешімін табады", – деді Дархан Сатыбалды.
Осылайша, «Nomad» тұрғын үй кешеніндегі инженерлік желілер мен құрылыс сапасына қатысты мәселелерді шешу үшін тексеру жұмыстары жүргізіліп, жауапты компанияға тиісті талаптар қойылады.