Жарық пен жылу - елдің күнделікті өмірі мен экономиканың тұрақты жұмысының басты шарты. Әсіресе қыс мезгілінде энергетика саласына түсетін жүктеме бірнеше есе артады. Энергетиктер күні қарсаңында Aqshamnews.kz тілшісі Қазақстан энергетикасы бүгін қандай қуатта жұмыс істеп тұрғанын, электр энергиясын өндіру мен тұтынудың негізгі көрсеткіштерін, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы басты үрдістерді нақты деректер арқылы саралап көрді. Мақала сала министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа негізделді.
Елімізде Энергетиктер күні жыл сайын желтоқсан айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл - энергетикалық ресурстарды өндірумен, электр және жылу энергиясын беру мен өткізумен айналысатын мыңдаған маманның кәсіби мерекесі. Атаулы күнді атап өту дәстүрі 1966 жылдан бастау алады. Кеңес дәуірінде Энергетиктер күні алғашында 22 желтоқсанда тойланған болса, 1988 жылдан бастап мереке желтоқсанның үшінші жексенбісіне ауыстырылды. Қазақстан Республикасында бұл кәсіби мейрам 1998 жылы ресми мәртебеге ие болды.
Бүгінде Қазақстан өңірдегі ең тұрақты әрі серпінді дамып келе жатқан энергетикалық жүйелердің біріне ие. 2000-жылдардың басында елімізде электр энергиясын өндіру көлемі небәрі 51 млрд кВт/сағатты құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 117 млрд кВт/сағатқа жетті. Мұндай өсім энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, қолданыстағы қуат көздерін кеңейту және жаңа электр станцияларын іске қосу нәтижесінде мүмкін болды.
Энергожүйенің қуаты 25,4 ГВт-қа жетіп, тарихи рекорд орнатты. Таза генерацияның үлесі артып, жүйенің сенімділігі мен тұрақтылығы нығая түсті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 117,9 млрд кВт/сағатты құраса, тұтыну көлемі 119,9 млрд кВт/сағатқа жетті.
Қазіргі таңда біртұтас электр энергетикалық жүйеде тапшылық тек тұтынудың ең жоғары шекті сағаттарында ғана байқалады. Бұл тапшылық шектес мемлекеттердің энергожүйелерінен электр энергиясын жоспарлы түрде импорттау арқылы өтеледі. Аталған үдерісті жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы – "ЖЭК РФО" ЖШС жүзеге асырады. Айта кету керек, импорттық жеткізілімдер тек жетіспейтін қуатты қысқа мерзімде жабу үшін ғана қолданылады.
Қазақстан энергетикасының маңызды бағытының бірі – жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Қазіргі таңда елде 237 электр станциясы жұмыс істейді, оның 158-і жаңартылатын энергия көздеріне негізделген. Мемлекет "жасыл технологиялар" жобаларын жүйелі түрде іске асырып, бұл салаға инвестиция тартуды жалғастырып келеді. Нәтижесінде Қазақстан жаңартылатын энергетика саласында әлемдік инвесторлар үшін тартымды алаңға айналып отыр.
Өткен жылы жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі 7,58 млрд кВт/сағатты құрап, жалпы өндірістің 6,43 пайызын қамтамасыз етті. Ал үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша таза энергия генерациясының үлесі 7 пайыздан асты. Сонымен қатар, ЖЭК нысандарының саны 159-ға жетіп, елдің энергетикалық балансындағы орны нығая түсті.
Салада шағын генерация бағыты да қарқынды дамып келеді. Нетто-тұтынушы механизмі азаматтар мен кәсіпкерлерге өздерінің жаңартылатын энергия көздері құрылғыларын пайдаланып, артық өндірілген электр энергиясын нарыққа сатуға мүмкіндік беруде. 2024 жылы мұндай келісімшарттардың саны 47-ден 103-ке дейін өсіп, шағын нысандардың жиынтық қуаты 6,2 МВт-қа жетті.
Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қолайлы өңірлер де айқындалған. Қарағанды және Ұлытау облыстарында жаңа жел электр станциялары іске қосылып, өндірістік қуат артып келеді. Ал Қызылорда мен Маңғыстау өңірлерінде салынған күн электр парктері еліміздің энергетикалық жүйесіне нақты үлес қосып отыр.
БАӘ-ның "Masdar" компаниясы Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салмақ. Жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін елде 8 ГВт-тан аспайтын жаңа ЖЭК қуат көздері іске қосылады.
Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінде елімізде бірқатар электр станцияларын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Қызылордада ЖЭО құрылысы аяқталуға жақын, Түркістан облысында бу-газ қондырғысы салынып жатыр, сондай-ақ Астана мен Шымкентте осындай газ жылу станцияларын салу көзделген. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газға ауыстырылады.
Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында және Курчатов пен Екібастұзда "таза көмір" технологиясымен жаңа станциялар салынады.
Осылайша, Қазақстан энергетикасы бүгінде жоғары жүктемелер жағдайында да тұрақты жұмыс істеп, даму қарқынын сақтап келеді. Дәстүрлі энергетика мен жаңартылатын энергия көздерінің қатар дамуы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, болашаққа бағытталған тұрақты жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Энергетика саласында 50 мыңнан астам маман еңбек етеді. Олардың арқасында Қазақстан заманауи және сенімді энергожүйе қалыптастырып, генерация көлемін екі есеге арттырып, желілерді жаңғыртып, нарықты нығайтып, станциялардың тозуын азайтып, 2035 жылға дейінгі стратегиялық даму бағытын айқындады.