Сауалнамаға қатысушылардың сөзінше, Қазақстанда дегенде ең бірінші болып ойға оралатыны бауырсақ, хош иісті ет және ұлттық асхананың өзге де тағамдары. Әсіресе, шетелде болғандар оларды ерекше ықыласпен еске алады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Республика күні қарсаңында Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің қызметкерлері көшеде сауалнама жүргізіп, мегаполис тұрғындары мен қонақтарының Қазақстанды немен байланыстыратынын, туған ел туралы айтқанда ойларына ең алдымен қандай бейнелер келетінін және оны несімен ерекше бағалайтынын біліп көрді.
Біреулер үшін Қазақстан - ұлан-ғайыр дала, асқақ таулар, көркем көлдер мен бай табиғат. Енді біреулер үшін туған үй, сүйікті ауыл, отбасылық дәстүрлер мен ұлттық тағамдардың дәмі. Ал көпшілік үшін елдің басты байлығы - оның халқы.
Сауалнамаға қатысушылардың сөзінше, Қазақстанда дегенде ең бірінші болып ойға оралатыны бауырсақ, хош иісті ет және ұлттық асхананың өзге де тағамдары. Әсіресе, шетелде болғандар оларды ерекше ықыласпен еске алады. Өйткені туған жерден жырақта жүргенде үйреншікті дәмдерді, туған өлкенің табиғатын және ең қымбат естеліктермен байланысты атмосфераны бұрынғыдан да қатты сағына түсетін көрінеді.
Сауалнамаға қатысушылар Қазақстанның келбетін айқындайтын маңызды ерекшеліктердің бірі ретінде оның табиғи алуан түрлілігін де атады. Бұл тізімді тау көріністерінен бастап, жасыл саябақтар мен демалыс орындарына дейін тізе беруге болады. Біреулер үшін Қазақстан өңірлерге саяхаттаумен байланысты болса, енді біреулер үшін ол әрдайым оралғың келетін туған өлкенің жайлылығы мен жылуы.
Қазақстан шетелдік қонақтарға да ерекше әсер қалдырады. Олар еліміздің Шығыс пен Батыстың арасындағы географиялық орналасуын, тазалығын, жасыл желегінің молдығын және тыныш атмосферасын атап өтеді. Дегенмен, көпшілігі елдің басты байлығы - оның халқы деп санайды. Олар қазақстандықтарды ашық мінезді, ақжарқын әрі қонақжай халық ретінде сипаттайды.
Сауалнамаға қатысушылардың жауаптарында Қазақстанның бейнесін айқындайтын маңызды қасиеттер ретінде мейірімділік, ашық-жарқындық және қонақжайлық ерекше аталды.
Сауалға әртүрлі жауаптар берілгенмен, барлығын ортақ сезім біріктіреді: Қазақстан - картадағы жай ғана аумақ емес. Ол - жеке өмір тарихы, отбасылық құндылықтар, мәдениет және туған үйдің жылуымен байланысты қастерлі мекен.
Республика күні қарсаңындағы мұндай сауалнама Отанға деген сүйіспеншіліктің қарапайым, бірақ мәні терең құндылықтардан құралатынын еске салады. Олар - туған жер, жақын адамдар, ұлттық дәстүрлер және еліміздің бейбіт болашағына деген сенім.