Шәкен Айманов туралы бірер сөз
Шәкен Айманов десе, бұл есімді бүгінде жас та, кәрі де біледі. Демек, оның бүкіл саналы ғұмырын ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуы мен дамуына арнағаны бекерге кетпепті.
Серектастың басындағы бала
Оның азан шақырып қойған аты – Шаһкерім. Ол кішкентай күнінен жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап өскен. Домбыраға, ән-жырға жақын болған. Ойын-сауық, жиын-той десе жанып тұрған, барған жерінде өлең оқып, елді тәнті еткен. Бала күнінде қара жұмысты жақтыра қоймаған деседі. Үйдегілер бір жұмысқа жұмсай қалса, ауырып қалған сыңай танытады екен. Үлкендер осы қылығы үшін ұрысқанда, ауыл маңындағы Серектастың басына шығып алып жылап отыратын көрінеді. Әкесінің ағасы Аббас: «Тиіспеңдер оған, тегін жылап отырған жоқ, өнер қысып жылап отыр», – деп оны қорғай түседі екен.
Сөйткен бозбаланы ауыл мектебін бітірген соң, 1924 жылы үлкен ағасы Қажымұрат Семейге оқуға алып кетеді. Өзі мұғалім болған соң, Шәкенді де мұғалімдікке тартады. Әуелде «Казкоммунаға», кейіннен Халық ағарту институтына оқуға түсірген. Осы институтта оқып жүргенде, Шәкеннің қолынан домбыра мен мандолина түспей, неше түрлі көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатыса жүріп, халық үйінде Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліне қатысады. Қойылымдарда ойнап жүріп, Алматыдан арнайы келген Ғабит Мүсіреповтің көзіне түсіп, Алматыдағы кәсіби театрға жол тартады.
Театр және 100 роль
Атақты режиссердің шығармашылық жолына көз салсақ, ол 1933 жылдан бастап қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрында жұмыс істеп, 100-ден астам рольді сомдайды. Олардың ішінде Петруччио («Асауға тұсау»), Хлестаков («Ревизор»), Қодар («Қозы Көрпеш – Баян сұлу») сынды көптеген образ бар. Шәкен Айманов өнер көрсеткен спектакльдердің барлығы да аншлагпен өтіп отырған.
1940 жылы «Ленфильм» режиссері Левин Ш.Аймановты М.Әуезовтің сценарийі бойынша түсіріліп жатқан «Райхан» фильміне, Сәрсеннің роліне шақырады. Бұдан кейін 1942 жылы «Ақ гүл» фильмінде майдангерді, 1946 жылы «Абай өлеңдерінде» Шәріпті, 1948 жылы «Алтын мүйізде» Досановты ойнайды.
Ұлттық кино
Ш.Айманов 1954 жылы өзінің «Махаббат туралы поэма» атты режиссерлік туындысын көрерменге ұсынады. Бұдан өзге, ұлттық кинематографияның алтын қорына енген 10-нан астам көркем фильм түсірді. Олар – «Дала қызы», «Махаббат туралы аңыз», «Біз осында тұрамыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Ән шақыруда», «Жол түйісі», «Алдар көсе», «Ата-бабалар мекені», «Тақиялы періште» және т.б.
Осылардың ішінде «Тақиялы періштенің» сценарийі шынайы өмірден алынған. Экранға шыққанына жарты ғасырдан асқан бұл картина, арада қанша ұрпақ ауысса да, әлі күнге көрерменін жалықтырған емес.
Айманов театрдан киноға ауысуының себебін «Мен театрды жан-тәніммен сүйемін, бірақ ол кино сияқты қалың көрерменге жетпейді. Спектакль бір театрда жүреді, әрі кетсе, бірнеше театрда қойылуы мүмкін. Ал фильмді мыңдаған адам көреді», – деп түсіндірген екен.
Турашыл мінез
Кез келген отырыстың сәнін кіргізетін Шәкеннің үйде жалғыз отыратын кездері сирек болған. Достары оның ашық-жарқын, жомарт мінезін жоғары бағалап, «бүгінгі заманның серісі» деп атаған. Материалдық құндылықтарды екінші орынға ысырып, достармен әңгіме-дүкен құрғанды, жұртпен араласқанды ұнатқан. Көптің арасында жиі жүрген.
Шәкен Айманов турашылдығымен де танымал болған. Кинорежиссер бірде қарапайым еңбеккерлермен кездесуге шалғайдағы колхозға келеді. Ауыл клубы. Басқарма басшысы жиынды ашып, астаналық меймандар алдында лепіре сөйлеп, шаруашылықтың артта қалғанын жуыпшайған болып «…біз қадірлі қонақтардың алдында колхозымызды 80-жылдарға қарай миллионер колхоз етеміз деп уәде береміз» деп жібереді. Сөз кезегі Аймановқа берілгенде: «Сексенінші жылға дейін он-он бес жыл бар екен. Бұл дегеніңіз бір ғұмыр ғой. Менің есіме осыған орай мынадай бір әңгіме түсіп тұр. Ерте-ерте, ертеде, бір еріккен хан «Кімде-кім көк есекке он жылда хат танытамын деп уәде берсе, ат басындай алтын беремін. Егер уәдеде тұрмаса, басы алынады!» деп жарлық айтады. Сонда қасиетіңнен айналайын Жиренше ел ішінен суырылып шығып: «Мен хат таныта аламын!» - депті де, ат басындай алтынды алып, көк есекті жетелеп үйіне келіпті. Мұны көрген Қарашаш: «Ойбай-ау, о заман да, бұ заман, есек хат танушы ма еді, бұл не қылғаның?!» - деп қамығады. Сонда Жиренше шешен: «Бәйбіше, алаң болмай, алтынды қажетіңе жарата бер. Он жылда не мен өлемін, не хан өледі, не есек өледі!» деген екен. Сондай-ақ, басқармаларыңыздың уәдесінде мін жоқ, тек әлгі Жиреншенің есебіндей болып жүрмесін!» – деп жұртты бір күлдіріп алған деседі.
Қалай десек те, Қазақстанның Халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың есімі ел жадында бәрінен бұрын қазақ киносы тарихында тұңғыш рет ұлттық киноны түсірген адам ретінде және оны барынша биікке көтерген талант ретінде мәңгілік сақталады.