Жекелеген санаттағы азаматтар үшін жеңілдіктер қарастырылған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі іске қосылғалы бері Алматыда 33,5 мыңнан астам азамат соттан тыс банкроттыққа өтініш берген. Оның ішінде 7,4 мыңнан астам адам банкрот деп танылса, тағы 2 мыңға жуық азамат осы рәсімнен өтіп жатыр. Мемлекеттік кірістер департаменті банкроттықтың бәріне бірдей сәйкес келе бермейтінін де еске салды. Тұрақты табысы барларға заң банкрот мәртебесін алмай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Алматыдағы мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Аят Сейдағазиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мен банкроттық тетігін іске асырудың қорытындысы туралы баяндап берді.
«Қазақстан Республикасының азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң 2023 жылғы 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілген. Ол күрделі жағдайға тап болған азаматтарға арналған соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық пен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәрізді үш тетікті қарастырады.
Спикер атап өткендей, заңның негізгі мақсаты – қарызды жай ғана есептен шығару емес, борышкердің де, кредитордың да мүддесін ескере отырып, азаматқа қаржылық міндеттемесін заңды түрде реттеп алуға мүмкіндік беру.
«Банкроттық – қарыздан құтылудың жалғыз әрі ең қолайлы жолы бола алмайды. Егер азаматтың тұрақты табысы мен міндеттемесін біртіндеп орындайтындай мүмкіндігі болса, ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін пайдаланып, банкрот мәртебесін алмауына да болады. Сондықтан ең алдымен өзінің қаржылық жағдайын дұрыстап бағалап алып, содан кейін ғана тиісті рәсімді таңдағаны дұрыс», – деп түсіндірді Аят Сейдағазиев.
Соттан тыс банкроттық - ең көп қолданылатын рәсім. Ол банктер, микроқаржы ұйымы мен коллекторлық агенттіктің алдындағы қарызға қатысты қолданылады. Бұл ретте қарыз мөлшері 1 600 АЕК-тен, яғни 6 млн 920,2 мың теңгеден аспауы тиіс. Жалпы жағдайда қарыз кемінде 12 ай бойы өтелмеген болуы керек, азаматтың мүлкі, оның ішінде ортақ бірлескен меншіктегі мүлкі болмауы қажет. Сондай-ақ алдыңғы банкроттық рәсімінен кейін кемінде жеті жыл өтуі тиіс.
Жекелеген санаттағы азаматтар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, соңғы алты ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алған азаматтарға қарыз бойынша 12 ай бойы төлем жасалмаған болуы туралы талап қойылмайды. Ал егер қарыз бес жылдан астам уақыт бойы өтелмесе, берешек сомасына қатысты шектеу мен мүліктің болмауы туралы талап қолданылмайды.
2023 жылғы 3 наурыздан 2026 жылғы 26 тамызға дейін Алматыда соттан тыс банкроттық рәсіміне 33 556 өтініш түскен. Оның 31 мыңнан астамы қаралған. Нәтижесінде 7 407 азамат банкрот деп танылды, тағы 1 952 адамға қатысты рәсім жалғасып жатыр. Сонымен қатар 23 044 өтініш бойынша бас тартылған.
«Бас тартудың ең жиі кездесетін себептерінің бірі – заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеу. Мысалы, кейбір қарыз шарттары бойынша берешектің өтелмеген мерзімі әлі 12 айға жетпеген немесе өтініш берушінің мүлкі бар. Сондықтан өтініш бермес бұрын азаматтың таңдалған рәсімнің барлық талаптарына сәйкес келетінін тексеру маңызды», – деді спикер.
Тағы 677 рәсім қызмет көрсетуші тарапынан немесе өтініш берушілердің өздері арқылы тоқтатылған. 26 тамыздағы жағдай бойынша 476 өтініш бойынша тексеру жүргізіліп жатқан.
Егер азамат соттан тыс банкроттық талаптарына сәйкес келмесе, бірақ қаржылық міндеттемесін орындауға объективті мүмкіндігі болмаса, ол сот арқылы банкроттық рәсіміне жүгіне алады. Бұл жағдайда істі сот қарап, қаржы басқарушысы тағайындалады, борышкердің мүлкі мен қаржылық жағдайына талдау жүргізіледі.
2026 жылғы 26 тамыздағы жағдай бойынша сот арқылы банкроттық бойынша 2 694 өтініш бойынша іс қозғалған. 623 азаматқа қатысты сот арқылы банкроттық рәсімі қолданылған. Тағы 194 іс сот қарауында, олар бойынша қаржы басқарушылары тағайындалған.
242 өтініш бойынша соттар рәсімді қолданудан бас тартқан, 367 өтініш қараусыз қалдырылған, тағы 1 268 өтініш қайтарылған.
Қаржылық міндеттемесін орындауға мүмкіндігі бар, бірақ төлемдерді ыңғайлы кестеге келтіруді қажет ететін азаматтар үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің жеке тетігі қарастырылған. Бұл рәсім сотқа қарызды өтеу жоспарын бес жылға дейінгі мерзімге бекітуге мүмкіндік береді.
26 тамыздағы жағдай бойынша мұндай істер бойынша 1 442 өтінішке қатысты іс қозғалған. 344 азаматқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолданылған, тағы 287 іс қаралуда. 115 жағдайда соттар бас тартқан, 206 өтініш қараусыз қалдырылған, 490 өтініш қайтарылған.
Бұл ретте банкрот мәртебесі адамның барлық міндеттемелерінен автоматты түрде босатылатынын білдірмейді. Атап айтқанда, алимент бойынша қарыздар, өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі міндеттемелер, қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген залалды өтеу бойынша берешектер, сондай-ақ заңда көзделген басқа да міндеттемелер есептен шығарылмайды.
«Азаматтар банкроттықтың салдарын да түсінуі қажет. Банкрот деп танылғаннан кейін бес жыл ішінде адам банктер мен микроқаржы ұйымдарынан кредит пен қарыз ала алмайды, рәсімді қайтадан тек жеті жылдан кейін қолдана алады, ал оның қаржылық жағдайы үш жыл бойы бақыланады. Сондықтан банкроттықты қарызды есептен шығарудың оңай жолы ретінде емес, өзіндік талаптары мен шектеулері бар маңызды құқықтық тетік ретінде қарастырған жөн», – деп атап өтті Аят Сейдағазиев.
Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарға өтініш бермес бұрын табысын, мүлкін, қарыздың мерзімі мен қандай міндеттеменің есептен шығарылуы мүмкін екенін алдын ала бағалауды ұсынады.
Егер азаматтың өз міндеттемесін орындау мүмкіндігі сақталса, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру банкрот деп танылмай-ақ қарыздарды реттеуге мүмкіндік беретін неғұрлым қолайлы нұсқа болуы мүмкін.