AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдениет / «Қарагөз-Айым» – өнер мен өмір тоғысқан сахна

«Қарагөз-Айым» – өнер мен өмір тоғысқан сахна

Мәдениет Бүгін 11:47 23
«Қарагөз-Айым» – өнер мен өмір тоғысқан сахна

2026 жылғы 24 қазанда Алматы қаласындағы Республика сарайының сахнасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актриса, тележүргізуші Қарагөз Асқарқызы Сүлейменованың «Қарагөз-Айым» атты жеке шығармашылық концерті өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қарагөз Асқарқызы Сүлейменованың шығармашылық жолының 30 жылдығына арналған «Қарагөз-Айым» атты мерейтойлық концерті – ұлттық өнерді ұлықтаған, ән мен жырды, тағылым мен тағдырды, махаббат пен өнерді тоғыстырған ерекше мәдени кеш.

Өнер иесінің сахнадағы 30 жылға жуық шығармашылық жолына арналған бұл кеш қазақтың дәстүрлі ән өнерін, ұлттық руханиятын және өнер адамының өмірлік ұстанымын кеңінен танытқан мазмұнды мәдени шараға айналды.

Концерттің атауының өзі терең мағынаға ие. «Қарагөз-Айым» – әншінің есіміне ғана емес, оның шығармашылық болмысына, туған халқына деген сүйіспеншілігіне, ұлттық өнерге деген адалдығына арналған көркемдік атау. Кештің кіріспесінде орындалған авторлық мәтінде Қарагөз есімі арқылы қара шаңырақ, қара домбыра, қара өлең, ата-баба аманаты мен туған елге деген құрмет астасып, бүкіл концерттің идеялық өзегін айқындады.

Бұл кештің тағы бір айрықша мәні – Қазақстанның халық әртісі, көрнекті актер әрі режиссер Досхан Қалиұлы Жолжақсыновтың 75 жылдық мерейтойымен сабақтасуы. Өнер мен өмірде отыз жылдан астам уақыт бірге келе жатқан қос тұлғаның бір сахнада тоғысуы концерттің мазмұнын байытып, оны жеке шығармашылық есеп беру кешінен әлдеқайда кең ауқымды рухани оқиғаға айналдырды.

Кештің шымылдығы Досхан Жолжақсыновтың құттықтау сөзімен ашылып, Қарагөз Сүлейменова мен «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің орындауындағы А. Жұбановтың «Қарлығаш» әнімен жалғасты. Одан кейін көрерменге Шәмші Қалдаяқовтың «Мойынқұмда», Сыдық Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала», Талғат Атшыбаевтың «Шалқымалы», Елена Әбдіхалықованың «Сыр елім», Әділбек Нысанбаевтың «Тырналар» әндері ұсынылды.

Әр шығарманың алдында әншінің айтқан жүрекжарды лебіздері әндердің мазмұнын тереңдете түсті. Әсіресе туған жер, өскен орта, әке тәрбиесі, ұлттық мінез туралы әңгімелері көрерменді әншінің шығармашылық әлемімен жақын таныстырды. Қарагөз Сүлейменова үшін ән орындау – әуенді жеткізу ғана емес, сол әннің тарихын, болмысын, рухын сезіндіру.

Концерттің маңызды бөлімдерінің бірі – «Біржан сал» фильміндегі «Ғашығым» әнінің орындалуы болды. Бұл туындыны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының хоры және «Сазген сазы» ансамблінің сүйемелдеуімен орындауы кешке ерекше салтанат берді. Одан кейін халық әні «Ал қоңыр» шырқалды. Хордың көркем үндестігі мен Ян Рудковскийдің дирижерлік шеберлігі дәстүрлі ән өнерінің көпшілікке ортақ рухани қазына екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Қарагөз Сүлейменованың шығармашылық болмысын танытатын ерекше сәттердің бірі – әкесі, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Асқар Сүлейменов туралы естеліктері болды. Әкесінің өнер, мінез, өмір туралы ойларын тебірене еске алған әнші Ақан серінің «Маңмаңгер» әнін орындады. Бұл сәтте сахнадағы ән мен әке аманаты бір арнаға тоғысты.

Бағдарламада қазақ ән өнерінің алтын қорындағы «Тамды аруы», «Өмір-ай», Нұрғиса Тілендиевтің «Сағындым ғой» әндері де орындалды. Әр туынды Қарагөз Сүлейменованың орындаушылық шеберлігін, ән табиғатын терең сезінетінін, дәстүрлі өнер мен заманауи сахна мәдениетін үйлестіре білетінін айқын аңғартты.

Кештің ерекше эмоционалдық белестерінің бірі Досхан Жолжақсыновтың сахнаға шығып, «Ауыл қарттары» әнін домбырамен орындауы болды. Сонымен қатар қызы Ділдә Жолжақсынованың орындауындағы Естайдың «Құсни-Қорлан» әні отбасылық өнер сабақтастығын паш етті. Досхан ағаның қызына арнаған өлеңі мен Қарагөз Сүлейменоваға арналған жыр жолдары кешке ерекше сыршылдық сипат дарытты. Әке, ана, бала арасындағы рухани байланыс өнер арқылы көрініс тапты.

Қарагөз Сүлейменованың көпшілікке алғаш рет ұсынылған жаңа «Угәй» әні ананың балаға деген шексіз мейірімін, жүрек жылуын бейнеледі. Әншінің айтуынша, әр ананың өз «Угәй» әні бар. Бұл туынды аналық махаббаттың мәңгілік құндылығын әсем әуенмен жеткізді.

Кештің лирикалық желісі «Сен жалынсың» және Қанат Жүнісовтің әні мен сөзіне жазылған «Ризамын саған» шығармаларымен жалғасты. Соңғы ән Қарагөз Сүлейменованың өмірлік серігі Досхан Жолжақсыновқа арнайы арналып жазылған туынды ретінде ерекше мәнге ие болды. Ән соңында Досхан ағаның гүл шоғымен сахнаға шығуы, Қарагөз апайдың жүрекжарды алғысын жеткізуі залдағы көрерменге терең әсер қалдырды.

«Найзағай көңіл» әнін орындаған Досхан Жолжақсынов бұл туындыны ерекше сезіммен жеткізіп, сахнадағы әсем сәтті одан әрі әсерлі ете түсті. Ал кештің қорытындысында Қарагөз Сүлейменова «Біз әлі кездесерміз» әнін орындап, көрерменмен ерекше ықыласпен қоштасты.

Қарагөз Сүлейменованың шығармашылық жолы – ұлттық өнерге қызмет етудің, ізденістің және өнерге деген адалдықтың жарқын үлгісі.

Ол өнер жолында дәстүрлі ән өнерін насихаттап, «Сазген сазы» этно-фольклорлық ансамблінің әншісі ретінде қазақ музыкасының асыл мұрасын дәріптеп келеді. Сонымен қатар кино және театр саласында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. «Біржан сал» фильміндегі «Ғашығым» әнін орындауы, «Құнанбай» фильміндегі Ұлжан бейнесін сомдауы оның өнердегі жан-жақтылығын көрсетті.

Телевизия саласында «Берекелі дастархан», «Әйел бақыты», «Таңшолпан», «Ел ішінде», «Сенбілік таң» бағдарламалары арқылы көрерменмен тығыз байланыс орнатып, мәдениет пен руханиятты насихаттауға үлес қосты.

Шығармашылық еңбегі де лайықты бағасын алды. 1999 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы ән байқауының, 2002 жылы «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты атанды. Сол жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды. 2010 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы берілді. Бүгінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрында директордың даму жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, ұлттық өнердің өркендеуіне атсалысып келеді.

«Қарагөз-Айым» концерті – бір әншінің шығармашылық белесін атап өту ғана емес, ұлттық өнердің құдіретін, отбасылық құндылықтардың маңызын, ұрпақтар сабақтастығын және өнер адамының азаматтық ұстанымын танытқан тағылымды жоба.

Кештің өн бойында айтылған Асқар Сүлейменовтің терең ойлары, қазақтың халық әндері, композиторлар шығармалары, театрландырылған көріністер мен отбасылық өнер сабақтастығы біртұтас көркемдік өрнек қалыптастырды. Ал «Сазген сазы» ансамблінің сүйемелдеуі концерттің ұлттық бояуын айшықтай түсті.

Өнер – ұлттың рухани жады. Ал сол өнерді жүрегіне серік етіп, халқына ән арқылы қызмет еткен тұлғалардың еңбегін ұлықтау – мәдениетке деген құрметтің белгісі. Қарагөз Асқарқызы Сүлейменованың «Қарагөз-Айым» атты шығармашылық кеші осы ойды терең сезіндірді.

Сахнадан шырқалған әр ән, айтылған әрбір сыр, төгілген әрбір өлең көрермен жүрегіне жол тапты. Өнер иесінің кеш соңында айтқан «Біз әлі кездесерміз, қара көздерім менің!» деген ақ тілегі де осы кештің басты түйініне айналды.

Отыз жылға жуық өнер жолы – бір адамның ғана емес, онымен бірге ән салған, оны тыңдаған, қолдаған тұтас бір көрермен буынының да тарихы. «Қарагөз-Айым» – сол тарихқа тағзым, өткенге алғыс, бүгінге құрмет және болашаққа аманат болған әсем әнді кеш.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#әнші
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Alatau City Еуропадағы роуд-шоуын аяқтады: келісімдердің инвестициялық әлеуеті $2 млрд-тан асты

Бүгін 11:46

Алматылық мұғалімдер ЖИ технологиясын пайдаланады

Бүгін 11:37

Алматыдағы зиянды шығарындылардың шамамен 60%-ы автокөліктерге тиесілі: қала ауасын тағы не ластайды

Бүгін 11:27

Алматылық дәрігерлер сегізінші қабаттан құлаған 13 жастағы жасөспірімнің өмірін сақтап қалды

Бүгін 11:22

Алматыда суретші Байтұрсын Өмірбековтің шығармашылық мұрасына арналған дөңгелек үстел өтті

Бүгін 11:04
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);