ffin.kz

Қапшағайдың тозығы жеткен кәріз жүйелері жаңғыртылады

Қапшағайдың тозығы жеткен кәріз жүйелері жаңғыртылады Cурет: Almaty-akshamy.kz

Кәріз жүйесінің ұзындығы 171,6 км


Қапшағай қаласына жұмыс сапарын жалғастырған Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев қаланы жылумен қамту және кәріз жүйелерінің жағдайына назар аударды. Тозығы жеткен жүйелерді жаңғыртудың қолға алынатынын айтты, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


Осы күні облыс басшысы қаланы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған «Қапшағай жылу» мекемесіне барды. Мекеме директоры Сейдахмет Даданбековтің айтуынша, қазандықтың қуаты 192 Гкал. 2019-2020 жылғы жылыту маусымында 800 млн теңге бөлініп, қазандық газға ауыстырылған. Мұндағы 10 қазандықтың бәріне күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар газға қосылғаннан кейін жылу мен ыстық су беру қызметінің тарифін өсіру туралы ұсыныс қазір тиісті органда берілген, қазір қаралуда. Облыс басшысы көрсетілген қызмет төлемі мекеме шығынын жабатын деңгейде болуы керектігін айтты. 


Қаладағы маңызды нысандардың бірі «Қапшағай су арнасы» МКК-ның кәріз тазарту ғимаратының жай-күйі де облыс басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Мұнда тұрмыстық және өндірістік сарқынды сулар жинақталып, тазаланады. Кәріз жүйесінің ұзындығы 171,6 км құрайды. Дегенмен 1963 жылы салынған тазарту жүйесінің тозығы жетіп-ақ тұр. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңа кәріз тазарту ғимаратының жобасы дайындалған. Облыс әкімі жоба бойынша тәулігіне 30 мың м3 деп қарастырылған ғимараттың қуаттылығын шамамен 15 м3 деп жобалаған жөн екенін айтты. Алдағы уақытта қажеттілік туындап жатса, оны кезең-кезеңге бөліп жалғастыруға болады. Сол сияқты жобаны қаржыландыру көздерін әлі де кеңінен талқылап, анықтайық деген ұсынысын білдірді. 


Дәл осындай тақырып «Қапшағай жылу» кәсіпорнының Заречный ауылындағы филиалында жалғасты. Мұндағы технологиялық тазарту желілері де ескірген. Сондықтан сол аумаққа жаңа шағын аудан салынатынын ескере отырып, ғимараттың іргесін кеңейтуге, қазандықтарды газға ауыстыруға, электр беру желілерін қалпына келтіруге, сонымен бірге Заречный ауылының көшелерін жөндеуге, Мәдениет үйін және спорт кешенін салуға қаржы қажет. Облыс басшысы Қанат Бозымбаев айтылған мәселелердің барлығына қолдау көрсетілетінін, құрылыс жобаларының қажетті құжаттарын дайындап бастауды тапсырды. 


Осы күні облыс әкімі құрылысқа қажетті материалдар өндіретін «Кнауф Гипс Қапшағай» зауытында болып, кәсіпорын цехтарын аралап көрді. Сондай-ақ «Оспанов Девелопмент» ЖШС-ның балық өнеркәсібі кешенін салу жобасымен танысты. Теңіз балығын өсіруді қолға алатын жоба екі кезеңмен іске асырылмақ. Бірінші кезегінде 1 мың тонна, екіншіде 10 мың тонна қуаттылыққа шығады. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Тартылып отырған инвестиция көлемі – 67,3 млрд. теңге. Әзірге кәсіпорын құрылысы алаңына уақытша электр энергиясы беріліп отыр. Дегенмен жоба жетекшілері 1-ші кезегі аяқталатын мамыр айына қарай электрмен тұрақты қамту мәселесі туындайтынын айтты. Бұл мәселені шешуді Қанат Алдабергенұлы қала әкімдігіне тапсырды. Және теңіз балығын өсірудің өте жақсы жоба екенін тілге тиек етіп, оның алғашқы жұмыс нәтижесін көруге алдағы мамыр айында келетінін айтты.  


Сол сияқты осы күні Қанат Бозымбаев Қапшағайдағы ойын-сауық-сауықтыру кешені құрылысының барысымен де танысты. «ПСК Билдинг» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан кешен туризм саласының іргелі нысаны болмақ. Мұнда коттедж үйлер, бассейндер, монша кешені, мейрамхана, автотұрақ, балалар ойын алаңы, серуендейтін алаң қарастырылған. Жобалық құны 5 млрд. теңге болатын нысан 2023 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.  


Қала активімен кездескен облыс әкімі Қанат Бозымбаев Қапшағай өңірінің өзекті мәселелері ретінде Қосқұдық ауылындағы ауыз су, жарық, жол проблемаларын, мектеп пен медициналық пункттің тозып кеткенін, жайылымдық жер жетіспеушілігін атап көрсетті. Сол сияқты Шеңгелді массивіндегі 15 мың га жердің бүгінгі күні бар болғаны 6 мың гектары ғана пайдаланылып отыр. Суармалы желілер әбден ескірген. Кәріз жүйелері де тозған. Бұл мәселелердің барлығын 2 жыл көлемінде атқарылатын арнайы жоспарға енгізіп, тиісті құжаттарын дайындап, жұмыс жүргізілетін болады. 



«Қапшағай - Алматы қаласымен шекарлас орналасқан, көлік логистикалық инфрақұрылымы дамыған қала. Бұл экономиканың өсуіне оң ықпал етіп отыр. Дегенмен әлі де көңіл бөлетін мәселелер бар. Денсаулық сақтау саласында, соның ішінде індетке қарсы вакцинация жасаумен жүйелі айналысу керек. Халықты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік әлжуаз топтарға, көп балалы отбасыларға жағдай жасауға, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керек. Шағын және орта бизнеске, жаңа инвестициялық жоабаларға қолдау көрсету де басымдық болуы тиіс. Бұлардың барлығы - Президенттің алдымызға қойған маңызды міндеттері. Бұл бағытта біз бірігіп жұмыс істейтін боламыз», - деді Қ.Бозымбаев. 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51