AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Спорт / Қаладағы спорт нысандарының қалы қалай?

Қаладағы спорт нысандарының қалы қалай?

Спорт Бүгін 15:31 59 yakiya
Қаладағы спорт нысандарының қалы қалай?

Алматы қаласы талай чемпиондарды тәрбиелеген, талай дүбірлі додаларды қабылдаған еліміздің спорттық орталығы. 2025 жылдың басынан бері қаламызда өткен 3 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара 380 мыңнан астам жанкүйерді қамтыған. Оның ішінде 35 ірі халықаралық спорттық жарыс ұйымдастырылды. Одан бөлек, қала тұрғындары белсенді болып, дене шынықтыруға ден қоятындар көбейген.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша мегаполисте спортпен тұрақты түрде айналысатын тұрғындар саны 955 мың адамға жетсе, оның 325 мыңы балалар болған. Бұл көрсеткіш Алматыда бұқаралық спорттың қарқынды дамып жатқанын көрсетіп қана қоймай, шаһардағы спорттық нысандардың тиімді жұмыс істеп тұрғанын дәлелдейді.

Тұрғындарға салауатты өмір салтын ұстанып, халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкін беретін осы нысандарды кім күтіп-ұстайтынын білесіз бе? Бұл сұрақтың жауабын анықтау үшін Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайын, Орталық стадионды, «Халық арена» және «Алматы аренаны» арнайы аралап, басқарушы ұйым өкілдерімен тілдестік.

Кешендерді біріктірген орталық

Мегаполисте үлкенді-кіші спорт нысандары көп. Бірақ оның ішінде ірі спорттық алаңдарды тікелей пайдалану мен басқару жұмыстарын қала әкімдігіне қарасты Алматы қаласының Спорттық ғимараттары дирекциясы жүзеге асырады. Бұл ұйымның бақылауында бүгінде  Орталық стадион, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Медеу» спорт кешені, «Алматы Арена»,«Халық Арена», Спорттық-жаттығу кешені (СЖК), Атлеттер ауылы, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешені қатарлы 8 нысан бар.

Спорттық ғимараттары дирекциясының басшысы Есет Байтасов аталған нысандарды басқарумен айналысатын ұйымның жұмысына тоқталды. Ол қала тұрғындары мен қонақтары жиі жиналатын бұл ғимараттарды үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.

"Біздің міндетіміз – қала тарапынан тапсырылған нысандарды күтіп-ұстау, олардың тиімділігін арттырып, халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Себебі, бұл ғимарттар әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар өтумен шектелмейді. Оларда кәсіби спортшылар, спорт мектептерінің тәлімгерлері, қарапайым қала тұрғындары жаттығу жасайды, үйірмелерге қатысады. Әлеуметтік жауапкершілік мәселесінің маңызы зор. Сондықтан жас спортшыларға, ерекше қажеттілігі бар тұлғаларға, әлеуметтік осал топтардың өкілдеріне көп мүмкіндіктер бар", – деді Есет Байтасов.

Сонымен қатар, ол алдағы жылдары шешілуі тиіс нақты міндеттерге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2029 жылы Алматыда қысқы Азия ойындары өтеді. Сондықтан үш жыл ішінде дирекция нысандарды жақсы деңгейде күтіп-ұстаудан бөлек, инфрақұрылымды жаңарту жоспарлаған.

"Барлық ғимараттарды заманауи талаптарға сай жаңарту жоспарымызда бар. Кейбірінде қайта құру, кей жерлерде күрделі жөндеу жүргіземіз. Жұмыс жоспарын бекітуге қала әкімдігінен бөлек, ҚР Спорт министрлігі де қатысады", – деді дирекция басшысы.

Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы

Іргетасы 1967 жылы қаланған бұл ғимарат 2010 жылы қайта жөндеуден өтіп, қосымша мұз айдынымен және көпдеңгейлі паркингпен толыққан. Мұнда жарыстар, концерттер мен түрлі бағыттағы көрмелердің жиі ұйымдастырылады. Спорт сарайының басқарушы директоры Ұнаған Дәулетқұлының айтуынша, 2025 жылы мұнда 81 іс-шара өткен. Оның 50-і спорттық, ал 31-і мәдени-бұқаралық шаралар болған.

"Ауқымды іс-шаралардан бөлек, ай сайын бізде 15 мыңнан астам адам спорттың әртүрлі түрлері бойынша жаттығады. Қазіргі уақытта 10 спорт секциясы жұмыс істейді. Егер күнделікті келушілер санына тоқталсақ, 800-ге жуық адам біздің қабырғамызда спорттық және шығармашылық дағдыларын шыңдап, уақытын тиімді өткізеді. Хоккей, күрес, джиу-джитсу, мәнерлеп сырғанаудан бөлек, бізде би және йога сабақтары да бар", – деді ол.

Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайының негізгі залы алматылықтарға жақсы таныс. Онда 3 мыңнан астам орын бар. Бірақ ғимараттың өзге бөлігі де қала тұрғындарының игіліне жұмыс жасап тұр. Мысалы, нысанның 4-қабатында зейнеткерлер теннис не тоғызқұмалақ ойнап, шәй үстінде ақжарқын әңгіме-дүкен құратын «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жұмыс істейді. Ал екінші және үшінші қабаттарда спорттық секциялар мен спортшылар емделетін медициналық орталық орналасқан.

Орталық стадион

Демалыс күні «Қайрат» ойындары үшін жанкүйерлер жиналатын Орталық стадион да Спорттық ғимараттар дирекциясының басқаруында. Былтыр бұл алаң Алматыға алыс-жақын шетелден туристердің ағылуына себеп болған әлемдік оқиғалардың басты орталығына айналды. Оның қатарында «Қайрат» пен «Реал Мадрид» матчы және Джей Ло, Backstreet Boys концерттері бар. Стадионның басқарушы директоры Райымбек Хайреловтың айтуынша, қаланың басты алаңында ірі іс-шаралар өткізуге ұсыныс жиі түседі. Бірақ нысан басшылығы олардың көбіне кері қайтарады. Себебі, стадионды күтіп-ұстау, оның ішінде жасыл алаңның жай-күйі басты назарда.

"Үлкен концерт өткеннен кейін алаңдағы жасыл желек кемінде 2 апта демалуы керек. Сондықтан мұнда іс-шараларды қатарынан өткізе беруге рұқсат бермейміз. Мұндағы жасыл шөптің күтімімен агроном мамандар айналысады", – деді ол.

Сондай-ақ, ол футбол матчтары мен бұқаралық іс-шаралар барысында адамдардың стадионға ұзын-сонар кезексіз жайлы кіру үшін инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, жақында стадионда ұйымдастырылған Solana Fest фестивалі кезінде қонақтардың кіріп-шығуында ешқандай қиындық болмаған. Жалпы, фестивальге 25 мыңнан астам көрермен жиналды. Олардың қатарында Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия және басқа да елдерден келген туристер бар. Ал сахнада Timbaland, Nicole Scherzinger, Keri Hilson, John Newman, Tyga, Busta Rhymes және Flo Rida сынды әлемге әйгілі орындаушылар өнер көрсетті.

Райымбек Хайрелов стадионның өзінде негізгі алаңнан бөлек әртүрлі спорттық секциялар орналасқанын атап өтті. Мұнда спорт мектептерінің тәрбиеленушілері мен тұрғындар жаттығады. Ал стадион сыртында жаппай жүгірістер ұйымдастырылады. Мысалы, «Спорт – достық алаңы» бағдарламасы аясында тұрғындарға арналған тегін жүгіру жаттығуы басталды. Сәрсенбі күндері қатысушылар сағат 19.30-да стадионның жүгіру жолында жаттықса, сенбі сайын таңғы 10.00-де стадион айналасында жиналады.

«Халық Арена» және «Алматы Арена»

2017 жылы өткен Универсиада қарсаңында ашылған бұл нысандар қазір қала спортшыларын дайындайтын басты орталықтарға айналған. Мысалы, «Халық Аренада» бүгінгі күні 48 спорттық секция бар. Оның ішінде балалардың 6 хоккей клубы, 4 мәнерлеп сырғанау клубы жұмыс істейді. Балалар велоспорт, еркін және грек-рим күресі, әйелдер күресі, спорттық гимнастика, көркем гимнастика және өзге спорт түрлерімен айналысады. Нысанда екі мұз айдыны бар. Негізгі алаңда орын саны 3200 болса, жаттығуларға арналған алаңда 300 орын бар. «Халық Аренаның» басқарушы директоры Айдос Шайлазым мұз айдындарында бір сағат бос уақыт болмайтынын атап өтті.

"Бізде қай үйірмеге барсаңыз да бос тұрғанын көрмейсіз. Балалардың спортқа қызығушылығы жоғары. Біз олар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Біздегі мұз айдында Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров да жаттығу жасайды", – деді Айдос Шайлазым.

Ал «Алматы Аренада» 32 спорттық секция жұмыс істейді. Оның ішінде 12 спорт мектебі мен 6 ұйым өкілдеріне арнайы мүмкіндіктер жасалған. Олардың қатарында бочча федерациясының үйірмесі бар. Бұл секция арбада отыратын адамдар үшін жан мен тәнді сауықтырудың тапсырмас мүмкіндігіне айналған. Спорт кешеніне келіп боччамен айналысатын тұрғындар тек қалалық деңгейде шектеліп қалмай, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүр. Мұнда ұлттық құрамаға енген азаматтар жаттығады. Одан бөлек, аренада жүзу бассейні, шорт-трек, хоккей, мәнерлеп сырғанау бойынша жаттығу өтетін мұз алаңы орналасқан. «Алматы Арена» басты инженері Мәди Қыдыровтың айтуынша, былтыр мұнда 150-ден астам іс-шара өтті. Биыл нысанда теннистен АТР 250 турнирі, джиу-джитсудан Азия чемпионаты, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионат сынды ірі жарыстар жоспарланған.

Досбол АТАЖАН

Телеграм арнаға жазылыңыз
#спорт
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Президент атынан 60 пәтердің кілті мен 13 мемлекеттік награда табысталды

Бүгін 20:26

Дуалдық оқыту жүйесінің тиімділігі: Демо емтихан – студент білімінің айнасы

Бүгін 18:28

Алматыда 2026 жылдың басынан бері үшінші үшем дүниеге келді

Бүгін 17:31

Алматының орталығындағы заңсыз нысан сот шешімімен сүріліп жатыр

Бүгін 17:21

8 мыңға жуық оқушы бадминтонмен тұрақты айналысуға мүмкіндік алады

Бүгін 17:19
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);