Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір ізгі қасиет. Олай дейтініміз ізгіліктің өзі – адамның адамға деген таза ниеті мен бір - біріне деген сүйіспеншілік көмегі. Жақсылық жасау - имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің - дейді дана халқымыз. Осыған орай қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен игілікті істер, акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар саны артуда. Соның бірі - жаңа оқу жылы алдында оқушылардың алаңсыз білім алуына «Мектепке жол» Республикалық акцияның дәстүрге айналғаны баршамызға аян. Акция барысында оқушылардың толық тізімі жасалып, әлеуметтік тұрмысы төмен , аз қамтылған отбасынан шыққан көп балалы білім алушылар саны анықталып, шара аясында әртүрлі көмек көрсетіліп жатыр.
Қайырымдылық жасау - әр адамның қолынан келетін іс. Әрбір жасалған істе ізгілік, мейірімділік, адамгершілік, қасиеттердің көрініс табары сөзсіз. Жаныңда жүрген жандарға қуаныш сыйлап, жүрек жылуын бере білгеннің өзі - қазақ халқына тән, ұлттық қасиетіңіз бен көрегендігіңіздің жемісі деп біліңіз. Осының айғағы ретінде Алматы қаласы, Әуезов ауданы «№173 мектеп-лицей» ұжымы мен ата-аналары да бірнеше балаларға қуаныш сыйлап, акцияға өз үлестерін қосып, көпшілік алғысына ие болып отыр.
01.08.2024 жылы №203 мектепішілік бұйрықпен жұмыстар жасалуда.
Мектебімізде демеушілерден 286.000 теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Олар:
6 оқушыға 35.000 теңгеге «Гласман» дүкенінен мектеп формасы берілді.
1 оқушыға 35.000 тг мектеп формасына деп қаржылай көмек берілді.
1 оқушыға 20.000 тг мектепке сөмке мен ішінде кеңсе заттарына деп қаржылай көмек берілді.
3 оқушыға 21.000 теңге көлемінде сөмке мен сабаққа қажетті дәптер мен қаламсаптары берілді.
Сонымен бүгінгі күні 11 оқушыға көмек көрсетіліп, есебі шығарылды. Республикалық акция әлі де өз жалғасын табуда.
Көмекке зәру жандарға қуаныш сыйлап, ел алғысына бөлену де жылы жүректен шыққан әдемі көріністің бірі емеспе? Әрбір жасалған істің артында қайыры бар демекші, жақсылық жасайтын жандар әрқашан арамыздан табылып жатқаны қуантарлық жағдай. Жылы сөз бен мейірімге мұқтаж жандардың жанына шуақ шашып, көңілдеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жатсақ нұр үстіне нұр болар еді. Әрбір адам кішіпейіл де әділ, қайырымды болуы тиіс. Айналамызға ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсету – адамгершіліктің ең үлкен құнды қасиеті екенін ұрпақтан – ұрпаққа үлгі ете отырып, ел алғысына бөленуден артық сый жоқ екендігін жеткізе алсақ үлкен игілікті істің шыңына жету деп түсінемін.