«Қайрат» футзал клубы Қазақстан чемпионаты мен УЕФА Чемпиондар лигасындағы маусымды сенімді түрде жалғастырып келе жатыр.
Команда Еуропаның басты турнирінің ширек финалына жолдама алып, 23 ақпанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында испаниялық «Картахена» клубына қарсы алғашқы матчты өткізеді, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Қарымта кездесу 6 наурызда Испанияда өтеді, екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда УЕФА Чемпиондар лигасының Төрттік финалына шығады. «Қайрат» ФК спорт директоры Густаво Парадеда мен команда капитаны Біржан Оразов маусымдағы жетістіктер, алға қойылған мақсат пен клубтың дамуы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде баяндап берді.
УЕФА Чемпиондар лигасының осы маусымы футзал үшін ерекше болды: жарыс алғаш рет үйде және сырт алаңда өтетін матчтар форматында ұйымдастырылып отыр. Бұл жарысты тартысқа толы етіп, көрерменнің делебесін қоздырды. Айта кетейік, өткен маусымда алматылық клуб Чемпиондар лигасының финалына дейін жетіп, күміс жүлдені иеленген.
«Ақпан айында біз УЕФА кубогы үшін ойнаймыз. Біз бұл кубокты екі рет жеңіп алғанбыз. Бұл ең жоғары деңгейдегі жарыс. Сонымен қатар, биыл біздің клубтың құрылғанына 30 жыл толып отыр, сондықтан осы жылы үшінші УЕФА кубогын алуды қатты қалап отырған жайымыз бар. Әрине, қарсыласымыз да өте мықты Испанияның «Картахена» командасы, олар өздерінде абсолютті чемпион. Бізді өте тартысты ойын күтіп тұр. Алғашқы матчты өз алаңымызда, Алматыда өткіземіз. 23 ақпанда жанкүйерлеріміздің қолдауын асыға күтеміз, баршаңызды Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына шақырамыз. Сіздер қолдасаңыздар жеңіске жету жеңілдеу болады», – деді «Қайрат» жанкүйерлеріне үндеу тастаған Густаво Парадеда.
Клубтың спорт директоры Густаво Парадеда жанкүйерлерге басшы ретінде ғана емес, бұрынғы «Қайрат» ойыншысы ретінде де жақсы таныс. Ол 2005–2010 жылдары команда сапында өнер көрсетіп, Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанып, клуб тарихындағы алғашқы еурокубоктық жүлделерді жеңіп алуға үлес қосты. Өткен маусымда ол ел чемпионатының шешуші кезеңінде команданы уақытша басқарып, «Қайратты» тағы чемпион қылды.
1995 жылы Алматы қаласында құрылған «Қайрат» футзал клубы осы уақыт ішінде Қазақстандағы ең атақты клубқа айналды. Команда УЕФА Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазы (2013 және 2015 жылдар), ел чемпионатының 21 дүркін чемпионы, соның ішінде қатарынан 20 чемпиондық атаққа қол жеткізген бірегей серияның иегері, сондай-ақ Қазақстан Кубогы мен Суперкубогының бірнеше дүркін жеңімпазы болды. «Қайрат футзал» УЕФА Чемпиондар лигасының жүлдегерлері қатарынан жиі көрініп, Қазақстанды үнемі халықаралық аренада таныстырып жүр.
«Қайрат» Қазақстанның ұлттық, жастар және жасөспірімдер құрамасына ойыншы даярлайтын негізгі клубтың бірі. Қазір клубтың балалар академиясында 7 мен 19 жас аралығындағы 300 бала жаттығады. Академия Алматы әкімдігінің қолдауымен жұмыс істеп, бұқаралық спорттың дамуына елеулі үлес қосып жүр. 2025 жылы клуб құрылымында академия мен кәсіби футзал арасындағы маңызды буынға айналған U-21 командасы құрылды.
Клубта жаттығу мен қалыпқа келтіру залдары, тренажер залы, медициналық және физиотерапиялық бөлімдер, сондай-ақ жазғы жаттығу алаңдары, жағажай мен ашық ойын алаңдары бар. Бұл барлық жастағы командаларға жоғары кәсіби деңгейде дайындалып, қалпына келуге мүмкіндік береді.
«Мен спорт директоры болып отырған Академияда 300-ден астам бала жаттығады. Академиямызды қолдап отырған Алматы қаласының әкімдігіне үлкен алғыс білдіремін. Осы жерден кәсіби деңгейде ойнайтын тамаша ойыншылар өсіп шығып жатыр. Олар біздің жұлдыздарымыз, біз олардың жетістігін мақтан тұтамыз. Дарынды балаларды тәрбиелеу үшін клубта қазір барлық жағдай жасалған», – деп атап өтті Густаво Парадеда.
2024/2025 маусымында «Қайрат футзал» тағы бір маңызды қадам жасап, әйелдер командасын құрды. Қазақстан чемпионатындағы дебюттік маусымында әйелдер командасы бірден ел чемпионы атанды, оның сегіз ойыншысы қазір елдің футзалдан ұлттық құрамасының намысын қорғайды.
«Қайрат футзал» – жеңіс пен трофей ғана емес, сонымен қатар футзалдың жүйелі дамуы, жас ойыншыларды даярлау мен Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайту жолындағы кешенді жұмыс.