"Қайғылы жағдайдан кейін әрекет етеміз бе?": депутат Roblox ойынына қатысты дабыл қақты

  • 14:30, 14 қаңтар 2026
"Қайғылы жағдайдан кейін әрекет етеміз бе?": депутат Roblox ойынына қатысты дабыл қақты Жасанды интеллект арқылы жасалған сурет

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Roblox ойынына қатысты дабыл қақты. Осыған байланысты ол премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда Roblox-қа қатысты зерттеу, бақылау және құқықбұзушылық статистикасы бар-жоғын сұрады, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі. 

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің интернетте өткізетін уақыты жылдан жылға ұлғайып барады. Соның ішінде "Roblox" платформасы ерекше трендке айналған: пайдаланушылар ойын құрады, виртуал әлемде еркін сөйлеседі, басқа ойыншылармен тікелей байланысады. Депутаттың сауалында 2025 жылғы ашық дереккөздерге сүйеніп, платформаның күнделікті белсенді қолданушылары 150 миллионға жуық екені айтылады. Бұл аудиторияның басым бөлігі - кәмелетке толмағандар.

Депутат Үнзила Шапақ Roblox-тың бала психикасына кері әсеріне қатысты алаңдаушылықтың көбейгенін атап өтті: виртуал тәуелділік, агрессив мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, жас ерекшелігіне сай келмейтін контентке тап болу жағдайлары.

"Ойыннан от шығар" демекші, балалардың психологиялық дамуына мұндай факторлардың әсері ұзақ мерзімді теріс салдарға әкелуі ықтимал", - дейді AMANAT фракциясының депутаты Үнзила Шапақ.

Сауалда ең өзекті қауіптің бірі ретінде балаларды арбау мен алаяқтық схемалар сипатталған. Депутат келтірген сценарий бойынша, қаскөйлер алдымен ойын ішіндегі чат арқылы баланың сеніміне кіреді, кейін әңгімені басқа мессенджерге (мысалы, Telegram) "ауыстырып", құпия кездесуге шақыруы мүмкін. Ал алаяқтар "сыйлық беремін" деп қызықтырып, ата-анасының картасының нөмірі мен СМС-кодын сұрап, ақшаны шешіп алатын жағдайлар кездеседі.

"Олардың тактикалары қарапайым, алайда дәлдік жасалатындай", - деп сипаттайды депутат онлайн кеңістіктегі қаскөйлердің әрекетін.

Депутат компания "балаларға ең қауіпсіз орта жасаймыз" дегенімен, контент пен коммуникация ағынын толық бақылау қиын екенін де атап өтеді.

"Секундына 50 мыңнан аса хабар ағылып жатқан ортаны толық бақылау мүмкін емес", - делінген сауалда.

Осы арада депутат 2025 жылғы 18 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің ұстанымын да еске салған. Ол кезде вице-министр:

"Біз Roblox-ты блоктау немесе шектеу мәселесін қарастырмаймыз", - деген болатын.

Бірақ депутат мұндай позицияға қарамастан, мемлекет баланы зиянды ақпараттық ортадан қорғауға міндетті екенін еске салады. Ол "Баланың құқықтары туралы" заңның 36-бабы 1-тармағына сілтеме жасап, мемлекеттік органдар мен ұйымдар баланы денсаулығына, имандылық және рухани дамуына зиян келтіретін ықпалдан қорғауы тиіс екенін атап өтеді.

Roblox-қа қатысты шектеу шараларын енгізген елдер де бар екені айтылады: Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және өзге мемлекеттерде платформа бұғатталғаны көрсетілген.

"…Біз тек ел ішінде қандай да бір қайғылы жағдай болғаннан кейін ғана әрекет етуіміз керек пе?", - дейді депутат.

Үнзила Шапақ министрлікке төрт нақты сұрақ қойып отыр:

  1. Қазақстанда Roblox-тың балаларға психологиялық және әлеуметтік әсеріне қатысты арнайы зерттеу жүргізілді ме?

  2. Өзге елдердің бұғаттау тәжірибесін ескере отырып, платформа қызметін шектеу немесе қосымша бақылау тетіктерін енгізу қарастырыла ма?

  3. Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі үшін нақты қандай алдын алу шаралары қабылданып жатыр?

  4. ІІМ мен Бас прокуратурада онлайн ойын платформалары арқылы алаяқтық, бопсалау секілді құқық бұзушылықтар тіркелген бе?

Сауал аяғында депутат бұл мәселенің қоғам, ата-ана және балалар қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:02

16:01

15:45

15:35

15:19

15:11

15:10

14:53

14:32

14:30

14:14

14:05

13:50

13:03

12:33

12:15

12:06

11:53

11:45

11:30

11:18

11:03

10:49

10:40

10:30