Соңғы онжылдықтарда өмір айтарлықтай өзгерді. Жаңа заман – жаңа талаптар мен ұғымдарды қоса әкелді. Бұрын болмаған түсініктер, терминдер, сөздер тілімізге дендеп енді.
Бүгінде жұмысқа орналасу барысында немесе кез келген ұжымда «резюме», «менеджер», «тимбилдинг», «корпоративті мәдениет» секілді ұғымдармен жиі ұшырасамыз. Бұл сөздер тек тілдік қорымызға ғана емес, ойлау жүйемізге де әсер ете бастады. Алайда мәселе – жаңа сөздерді үйреніп алуда емес. Мәселе – сол ұғымдардың артындағы қоғамдық және психологиялық шындықты түсінуде.
Қазіргі адамның күнделікті өмірі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күрделі. Ақпарат ағыны үздіксіз, бәсекелестік жоғары, тұрақтылық сирек. Мұндайда адам тек маман ретінде емес, жеке тұлға ретінде де дайын болуы тиіс. Жұмысқа тұру, ұжымға сіңу, өз орныңды табу – бәрі тек біліктілікпен ғана емес, психологиялық икеммен де өлшенеді. Осыған байланысты, қазір кітап дүкендерінде «Психология» айдарымен жарық көріп жатқан әдебиеттер саны күрт өсті. Сөрелерде жұмыс табу жолынан бастап, табысқа жетудің, жұртпен қарым-қатынас жасаудың, өз-өзіңді дамыту мен мотивация алудың сан алуан тәсілдерін үйрететін кітаптар самсап тұр. Олардың тақырыбы да, бағыты да әртүрлі: «Қалай тез баюға болады?», «Махаббатта жеңіске жетудің 5 құпиясы», «Әйелдің жүрегін қалай жаулап алған жөн?», «Табысты еркекті уысқа түсірудің тәсілдері»,
«Жетістікке жетудің психологиясы» деген сияқты түрлі «нұсқаулықтар» жетіп-артылады.
Бір қарағанда коммерциялық үрдіс сияқты көрінгенімен, мұның астарында терең қоғамдық ахуал жатыр: бұл – жүйкесі жұқарған, рухы қажыған, торығып, тарығып жүрген жандардың рухани сүйеніш іздеуі. Қоғам қанша дамығанымен, бүгінде адам өзін жалғыз, әлсіз сезінетін жағдай көбейген. Содан да болар, психология – көпшілік үшін қарманар талға, ішкі күйзелістен қорған болар тірекке айналды.
Жалпы, психология – адам жанын тануға бағытталатын ғылым десек, оқырманның бұл бағыттағы әдебиеттерге қызығушылығы бүгінгі уақыт тынысына орай ғана артып отырған жоқ. Өзін-өзі танып білуге, сондай-ақ өзгені түсінуге ұмтылу – ежелден-ақ әр адамға тән қасиет. Тек осы тұрғыдан келгенде, қай ұстанымды басшылыққа аласың, кімнің кеңесіне жүгінесің, мәселе сонда. Айталық, психология саласына арнайы маманданатын студенттердің ғана кәдесіне жарайтыны болмаса, қазіргі таңда жалпы көпшіліктің Қ.Жарықбаев, Ә.Алдамұратов, О.Озғанбаев еңбектеріне қанағаттана қоюы екіталай. Оқу құралы есебінде екені өз алдына, ертеректе шыққан психологиялық әдебиеттердің дені – аударма. Тілі де, тақырыптық жүйеленуі де түпнұсқасынан алшақ кете қоймаған, ұлттық санаға, ойға қонымсыздау дүниелер болып келеді.
Психолог қызметінің ауадай қажет екенін қазір өмірдің өзі көрсетіп отыр. Өйткені жаңарған жүйеге кіріге алу, өзгерген құндылықтарды қайта салмақтау, ортаға, уақытқа бейімделу екінің біріне оңайға соқпайды. Оның бер жағында жанұядағы қарым-қатынас пен бала тәрбиесіне қатысты қаншама түйткілдер бар! Әйтсе де елімізде аталмыш ғылымның кенжелеп отырғанын былай қойғанда, психологтің кеңесіне жүгіну деген – халқымыздың салтына да, санасына да әлі сіңісе қоймаған нәрсе. Сол себепті, әлдебір шешім қабылдауға тура келгенде немесе өзін мазалаған жайттардың ақ-қарасын ажыратуға тырысқанда қарапайым қазақ маманнан кеңес алғаннан гөрі, керекті кітапті дүкеннен алып оқып, өзінше ой қорытқанды артық көреді. Ал психологиялық әдебиеттер іргелес орысты былай қойып, бізге енді тікелей Батыстан ауыса бастады. Алуан түрлі тестер мен тренингтер тамыр жайып та үлгерді. Бірақ Батыс жұртының менталитеті мен біздің табиғатымыз екі бөлек.
Өкінішке қарай, бөгде әдебиеттерді бетке ұстаған психологтердің кейбірі өзінің тіпті қазаққа мүлде жат жат нәрсе айтатынын сезінбейді де. Ал адамның жандүниесін зерттейтін психология ғылымының әрбір тұжырымы айдаладан алынбай, әркімнің жүрегіне, көңіліне қонатындай болғанына не жетсін! Әр нәрсеге өз көзқарасымыз тұрғысынан келіп, тіпті болмаған жағдайда батыстық шикізатты өз жағдайымызға бейімдей отырып пайдалансақ, ұтылмасымыз анық.
Психология – енді тек ғылым не мамандық саласы ғана емес. Ол – қоғамның жан айнасы, адамның ішкі күйі мен сұранысының көрінісі. Бізге қазір ұлттық дүниетанымы кең, қазақтың жанына терең бойлай алатын, қазақша жан-жақты ойлай алатын психолог мамандар ауадай қажет. Осындай жағдайда Жүсіпбек Аймауытовты еріксіз еске аласың. Алаштың айтулы арысы сонау ХХ ғасырдың басында-ақ «Психология» деген еңбек жазып, ұлтының жандүниесін тануға талпынғанының өзі-ақ талай жайтты аңғартып тұрған жоқ па?!