Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Самал» саябағында өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, экобелсенділермен бірге ағаш отырғызды, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы акция барысында сөйлеген сөзінде «Таза Қазақстан» бастамасының екі жыл бұрын қолға алынғанын айтып, бүгінде оның жалпыхалықтық қозғалысқа айналғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазақ халқы ежелден тазалық ұғымына ерекше мән берген. Тазалық тек қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес, адамның ниеті, ойы мен жүрегінің тазалығымен де байланысты.
«Таза Қазақстан» – табиғатты аялауға, тазалық пен тәртіпті дәріптеуге, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалыптастыруға бағытталған бірегей бастама», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы акцияға белсенді қатысып жүрген азаматтарға, әсіресе жастарға ризашылығын білдірді. Оның сөзінше, «Таза Қазақстанның» негізгі қозғаушы күші – жастар.
Президент былтыр республика бойынша 1200-ге жуық экологиялық іс-шара өткенін айтты. Осы уақыт ішінде 1 миллион гектардан астам аумақ тазартылып, 4 миллионға жуық тал егілген. Игі бастамаға 800 мыңға жуық волонтер қатысқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғау ісіне мемлекетпен қатар ғылым, бизнес, қоғам, волонтерлер мен жастар жұмылуы қажет.
«Ешбір ел экология мәселесін жалғыз өзі шеше алмайды. Бұл – аса күрделі әрі жауапты жұмыс», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жастарды ел дамуына үлес қосуға шақырып, Қазақстанның озық, қауіпсіз, күшті әрі таза мемлекет болуы әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін жеткізді.