«Петроглиф ізшілері» қорының еріктілері 2025 жылы 27 экспедицияға шығып, Алматы, Жамбыл мен Жетісу облысында петроглифтердің 11 жаңа шоғырын, сондай-ақ бұрын белгісіз болып келген ерте темір дәуірі мен түркі кезеңіне жататын ондаған қоныс пен қорымды, XVIII–XIX ғасырға тиесілі қазақтың оннан астам рулық зиратын анықтаған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осылар туралы баяндап берді, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Қор өкілдерінің айтуынша, биыл ғылыми ортаға бұрыннан белгілі жерлердің өзінен біраз жаңа петроглиф табылған. Жалпы алғанда, археологиялық ескерткіштер тізіміне енбеген жиырмаға жуық қорым тіркеліпті осы жолы. Корғандардың жалпы саны 300-ден асады. Олардың арасында Аманбөктер шоғырындағы петроглифтер, Баянжүрек маңындағы жаңа топ, сондай-ақ Қызылағаш ауылының маңындағы жазық пен Жетісу облысының Ақтекше ауылы жанындағы Мұқыр шатқалынан табылған жартастағы суреттер де бар.

Еріктілердің айтуынша, зерттеуге шалғайдағы ауыл тұрғындары да көп үлес қосқан. Әлеуметтік желі мен БАҚ-та үнемі көрініп отыратындықтан, қорға ауыл тұрғындарынан осындай орындар туралы біраз хабарлама келіп түсіпті. Бұл тасада қалған қаншама ескерткіштің табылуына мүмкіндік берді.
Қордың атқарушы директоры Ольга Гумирова: «Петроглиф ізшілері» жобасындағы ең басты ресурс – адам. Қорымызда ерікті болып жүргендердің әрқайсысы әртүрлі салада келген. Әсіресе, жыл өткен сайын іздеу жұмысына ауыл мен алыс елдімекеннің тұрғындары көп араласып жатқанын көріп қуанып қаласың. Әркім өзінің туған жерінің тарихын бүкіл әлем білсе екен дейді ғой. Бұл – нағыз патриотизм», - дейді Ольга Гумирова.
Команда еліміздің тарихи-мәдени мұрасын да насихаттайды: 2025 жылы сегіз ашық лекция, бес баспасөз туры мен балаларға арналған үш іс-шара өткен.
«Қазақстан – петроглифтер елі» жобасының негізін қалағандардың бірі Юрий Дорохов ағартушылық жұмыстың маңызына тоқталды: «PR саласының маманы ретінде айтарым: Қазақстанда қандай тарихи қазына жасырулы жатқанын халық неғұрлым көбірек білсе, нағыз патриоттар да соғұрлым көп шығар еді. Бұл әсіресе жастарға өте керек дүние».
Жиында ескерткішті бақылау мен тіркеуден бастап, жергілікті тұрғындарға оларды сақтау ережелерін түсіндіруге дейінгі еріктілердің археологиялық нысандарды қорғау бағытында жасап жатқан жұмысы да айтылды.
Қорытындылай келе, қоғам белсенділері 2026 жылға арналған жоспарын да айтты. Келер маусымда олар жаңадан анықталған петроглиф шоғырларын зерттеуді жалғастырып, Ешкіөлмес кешенінің виртуалды 3D-турын жасап, жаңа барлау экспедицияларын өткізуді де жоспарлап отыр.