Алматыны басқарғандар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық кадр тапшылығы жөнінде бірнеше мәрте айтты. Жалпақ тілмен айтқанда, қай салада болсын білікті кадр тапшылығы болмас үшін бұл бағытта жүргізілетін жұмыста қателік болмауы керек. Өткенді аңсаудан аулақпыз, бұрынғының әңгімесін ақтап алайын деп отырғанымыз жоқ. Бірақ коммунистік партияның тұсында бұл мәселеде белгіленген тәртіп болғаны сөзсіз. Әр салаға өз ісінің шеберін, тәжірибелі маманды отырғызатын және сатылап өсіретін. Әсіресе, басшы тағайындағанда, екі шоқып, бір қарайтын. Мұндайда ру, жүз мәселесі көбіне екінші, үшінші орынды місе тұтатын. Айтпағымыз не?
Демек, ұлттық кадр тапшылығы қазір де ең өткір мәселенің бірі де бірегейі. Мекеме тұтқасын ұстайтын адам ең алдымен ұлтқа, ел мүддесіне, яғни адамға қызмет етуді ойлауы керек. Осы тұрғыдан келгенде Алматыны басқарған қай басшы турасында да турасын айтуға болады. Димаш Ахметұлы Қонаевтың қала құрылысын аралап жүріп, басшылық қызметтің бар жолынан өткен Асқар Құлыбаевты бір ісінен ғана тап басып танып, Алматы қаласы атқару комитетінің төрағасы қызметіне ұсынуы соның бір дәлелі.
Ал енді бұл кісі осы зор сенімді қалай ақтады?
Бұл кісі жасында спортпен жүйелі түрде айналысыпты. Оның ішінде анау-мынау емес, күрзі өнер бокс. Бұл жөнінде өзі бір сұхбатында былай дейді.Сөзін дәлме-дәл келтірейік.
- Бокстан республикалық жастар командасында болдым. Ошақпай Рысбеков, Айтжан Айдарбеков сияқты жігіттер бірге жүрдік. Жастар командасы Ленинград, Мәскеу, Львов қаласындағы жарыстарға бардық. Сол кезде Совет Одағының бес дүркін чемпионы, әйгілі Градополов, ол кезде жаттықтырушы, маған «Кел бізге, сені боксшы ретінде биіктерге шығарамын» деп қолқа салды. «Ойланайын» дедім. Львовтан қайтып келе жатқанда жігіттердің бәрі «Не бар орыстардың ішіне барып, өзің шебер боксшысың, жат елді қайтесің?» деді. Ол кезде біздің құрама мықты, Әбдісалан Нұрмаханов бастаған Хайруддинов, ағайынды Каримовтар, Омаровтар бар. Одақтағы ең күшті құрама команда еді. Бірақ шовинистік пиғылдың бар кезі, бізді қысып алдыңғы қатарға жібермейді. Қарсыласыңды ұрып түсірмесең, оңай жеңіс жоқ».
Әрине, әңгімеден аңғарған боларсыз, боксшы болу үшін ең алдымен намыс керек. Ал намысты адам ең алдымен елге қызмет етуді ойлайды. Қызметте де солай. Демек, осындай негізі бар, ұлттық кемсітушілік көрген адамның жауапты қызметте болуы да бір бақыт. Әдетте басшыда білім болады да, сол білімді ұлты үшін жүзеге асыруға келгенде жалтақтап, мінез жетіспей жатады. Міне, Құлыбаевтың осы мінезі Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші басшысы болғанда көрінді. Гурьевтің жағдайы ол кезде адам төзгісіз болатын. Жер асты – су. Елдің басым бөлігі жер үйлерде, тіпті кепелерде тұрады. Көше батпақ. Аяқ алып жүре алмайсың. Ол кезде Маңғыстауды да Гурьевке қосқан. Сол күндерді Асекең былай еске алыпты.
– Байқап қарасам, бүкіл Ақтау (ол кезде Шевченко) – жойыт пен орыс. Металлургия комбинатында бір қазақ жоқ. Жабдықтау саласы тікелей Мәскеуге қарайды, ешкімге бағынбайды. Мемлекет ішінде мемлекет болып отырған қала. Соны бұздық қой. Комбинаттың ішіне қазақтарды орналастырып, орынбасарларын қазақ қойып, Кузнецов деген бастығына, өзі Еңбек Ері бюрода сөгіс беріп, әкесін таныттық.
Өзі іскер, мол тәжірибе жиған, өз ортасында озық, тұлғалық биікке жеткен адамға тағы да айтамыз, намыс қосылса алынбайтын қамал жоқ. Алматыдай алып шаһардың ең басты проблемасы жылудың жеткілікті болуы. Бұл қай кезде де өзекті мәселе болған. Қазір технологияның дамыған заманы. Құрылыс материалдарынан, тиісті мамандардан тапшылық бола бермейді. Қаржы жетіп тұрса, тығырықтан шығу қиын емес. Ал кешегі мұның бірі де жоқ заманда қалай еді? Асекең Алматыдағы алғашқы қадамын жаңа құрамда магистраль құбырларын ауыстырудан бастады. Қаланың құбырлары тозған, шұрық тесік, химиялық қорғаныспен қамтылмаған, шіруге айналған. Қысқасы, екі жылдың ішінде қалада 100 шақырым құбыр ауыстырылды. Мұндай алапат жұмысты өзі айтқандай, «ыңғайы жоқ, стандарттан тыс» адам болуға еті үйреніп кеткен басшы ғана еңсере алса керек. Сонымен қатар, осы күні жұрт жүйіткіп жүрген метро құрылысына Мәскеуден зорға рұқсат алып, оның жұмысын 1983 жылы өзі бастап кетті.
Пәтер мәселесі Алматыда қай кезде де оңай болмаған. Әсіресе, кезек мәселесіне келгенде құқық бұзушылық жоғары жақтың өзінен басталатын. Бұл кісінің қала билігіне келгенде байқап, жағасын ұстағаны лауазымды қызметте отырғандар тіпті пәтер кезегі дегенді білмей келген. Онымен қоймай, ағайын, туыстарына да бере берген. Осыған әбден еті үйреніп кеткендер бұған да сол тәсілді қолданбақшы болып, пәрмен бере бастайды. Партияның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, атқарушы билікті атша билеп алған. Бірақ бұл оған көнбей, өз позициясын ашық білдірді. Бұның тәртібі ақыр соңында Орталық Комитеттің бюросында қаралды. Қысқасы мұның жұмысынан еш кінәрат таба алмаған бюро мүшелері «Құлыбаев пәтер мәселесін тәртіпке келтіріпті» деген бір тоқтамға келеді. Қызметінде қалды. Партиядан шығарылған жоқ. Есесіне, ол сол принципімен әріптестері ғана емес, қала халқының да есінде қалды.
Қ.ҚОШҚАРҰЛЫ.