Өзекті түйіндемелер саны 22% өскен.
Мамандар сәуір айында бос жұмыс орындардың саны артқанын айтып отыр, деп хабарлайдыAlmaty-akshamy.kz.
Еңбекмині мамандарының айтуынша, 2022 жылғы сәуірде Электрондық еңбек биржасында 91,3 мың бос жұмыс орны және 59,5 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда бос орындар саны 26% - ға, ал өзекті түйіндемелер саны 22% - ға өскен.
«Бос жұмыс орындарының көпшілігін өзге қызметтер (8,9 мың бос жұмыс орны), білім беру (4,6 мың) және ауыл шаруашылығы (3,7 мың) секторларының кәсіпорындары орналастырды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласындағы бос орындардың жартысы Түркістан облысына тиесілі, ал астық өсіру саласында бос орындардың 77%-ы солтүстік өңірлерде жарияланды», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская.
Сұранысқа ие позицияларға сұраныстың біліктілік құрылымы бойынша сәуір айында өткен аймен салыстырғанда үлкен өзгерістер болған жоқ.
«Жарияланған бос орындардың жартысы біліктілігі орта деңгейлі мамандарды іздеуге бағытталған. Мұндай мамандықтар бойынша түйіндемелердің үлесі жалпы түйіндеме санының 38%-і. Біліктілігі төмен деңгейлі кадрлар бойынша айырмашылық байқалады: кәсіби дайындығы жоқ жұмыс іздеушілердің үлесі (38%) оларға ұсынылып отырған жұмыс орнынан (27%) көп. Ал біліктілігі жоғары мамандарға деген сұраныс пен ұсыныс 23%-дың шамасында», - деді Александра Молчановская.
Сұранысқа ие үш мамандықтың қатарына дәстүрлі түрде көлік жүргізушілері (4,6 мың бос жұмыс орны), құрылыс және монтаждау жұмыстарының шеберлері (1,7 мың бос жұмыс орны) және қаптаушылар (1,3 мың бос жұмыс орны) кіреді. Күзетшілерге, жүк тиеушілерге, медицина қызметкерлеріне, тәрбиешілер мен олардың көмекшілеріне де сұраныс жоғары.
Өткен айда қосалқы жұмысшылар (жұмыс іздеушілердің түйіндемелері бос жұмыс орындарының санынан 4,5 мыңға артық), біліктілігі жоқ жұмысшылар (896 түйіндемеге) және елді мекендерді абаттандыру бойынша жұмысшылар (801 түйіндемеге) арасында жұмыс орны үшін бәсекелестік артты. Саны бойынша көп мамандардың қатарына заңгерлер (535 түйіндемеге), қазандық операторлары (443 түйіндеме), вахтерлер (676 түйіндемеге) және көгалдандыру жөніндегі жұмысшылар (306 түйіндемеге) кірді.
Жаңа бос жұмыс орнының саны бойынша 5 өңір алда келеді. Мәселен, Ақтөбе (4,9 мың бос орын) және Түркістан (6,1 мың бос орын) облыстарында бос орындар саны 2 есе көбейді, Қызылорда (2,9 мың бос орын), Батыс Қазақстан (4,4 мың бос орын) облыстарында және Шымкент қаласында (2,7 мың бос орын) жаңа бос жұмыс орны 1,5 есе көбейді.
Бұл өңірлерде жұмыс берушілер негізінен қосалқы жұмысшыларға, жүргізушілерге, күзетшілерге, әртүрлі жұмысшыларға, құрылыс саласындағы жұмысшыларға және басқа да біліктілігі төмен мамандарға мұқтаж. Өнімділігі төмен арзан еңбек күшіне деген сұраныстың артуының бір себебі - құрылыс, көктемгі дала және маусымдық жұмыстар көлемінің ұлғаюы.
Сәуір айында жұмыс іздеушілер саны Жамбыл (-4%, 3,3 мың түйіндеме), Павлодар (-9%, 2,3 мың түйіндеме) облыстары мен Шымкент қаласынан (-12%, 3,8 мың түйіндеме) басқа өңірлерде өсті. Белсенділік Ақтөбе (+64%, 3,6 мың түйіндеме), Алматы (+54%, 6,4 мың түйіндеме), Солтүстік қазақстан (+49%, 1,8 мың түйіндеме) және Батыс Қазақстан (+49%, 3,3 мың түйіндеме) облыстарында байқалды.
«Өткен айда гендерлік құрылым өзгерген жоқ, жұмыс іздеген ерлер мен әйелдер саны бірдей болды. Жас санаттары бойынша жалпы түйіндеме санының өсуі біркелкі. Сәуір айының қорытындысы бойынша жұмыс іздеушілердің жалпы санының 28%-ы – 45 жастан асқан адамдар, ал 25 жасқа толмаған жұмыс іздеушілердің үлесі 15%-дың шамасында. Бұл ретте осы жастағы жастар өкілдерінің жартысынан астамы біліктілік деңгейі орташадан жоғары жұмыс орындарына үміткер немесе оқу орнын жақында тәмамдаған түлектер, бірақ әрбір бесінші адам ешқандай біліктілік деңгейін талап етпейтін жұмыс іздейді», –деді сарапшы.
Сәуір айының қорытындысы бойынша бұрғылау ерітінділері жөніндегі инженерлер мен IT саласының мамандары (орта есеппен – 1,7 млн теңге), басшылар мен топ-менеджерлер (~1 млн теңге) позицияларына үміткерлер, сондай-ақ басқа да жоғары білікті техникалық мамандар (~800 мың теңге) ең жоғары жалақы алады деп күтіледі. Айта кету керек, басшылық лауазымға үміткерлер арасындағы бәсекелестік басқа лауазымдарға қарағанда орташа деңгейден жоғары.
Сонымен қатар жұмыс берушілер ең үлкен жалақыны мемлекеттік және корпоративтік сектор басшыларына (~900 мың теңге), бас құрылысшыларға (~840 мың теңге), маклерлерге (~700 мың теңге), бизнес-талдаушылар мен қосымша әзірлеушілерге (~700 мың теңге) ұсынуға дайын. Ең төменгі жалақы күзетшілерге, жүргізушілерге, мұғалімдерге және т. б. ұсынылады.
Осылайша ЭЕБ мәліметтері бойынша, еңбек нарығында жалдау және жұмыс іздеу процестері жандана түсті. Сонымен бірге, сұраныс пен ұсыныстың біліктілік құрылымын сақтауды ескере отырып, жұмыс берушілердің жаңа қызметкерлер жалдауға деген қызығушылығы артты, бұл өндіріс пен қызмет көрсету қарқынын арттыруы мүмкін. Жалпы жұмыс берушілердің тек 14%-ы жеке кәсіпкерлер, яғни жалдамалы жұмысшылар көбінесе шағын, орта және ірі кәсіпорындарда көп екенін айта кету керек.