Сәрсенбіден бейсенбіге ауған таңда Ислам дінін ұстанатын мұсылман қауымы үшін ораза ұстайтын қасиетті Рамазан айы басталады. Рамазан айында миллиондаған мұсылман күн шыққаннан күн батқанға дейін ас пен судан тыйылады. Бұл – рухани тәрбие мен сабыр мектебі ғана емес, ағза үшін де үлкен сынақ. Оразаны дұрыс ұстау тек ниетке емес, тамақтану мәдениетіне де тікелей байланысты. Мамандардың айтуынша, ауызашар мен сәресіндегі қателіктер денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.
Ораза кезінде адамның тамақтану режимі түбегейлі өзгереді. Күндізгі уақытта ас қорыту жүйесі демалып, ағза ішкі ресурстарды пайдалана бастайды. Дұрыс ұйымдастырылған ораза зат алмасуды реттеп, қандағы қант деңгейін тұрақтандыруға, артық салмақтан арылуға көмектесуі мүмкін. Алайда бұл тек теңгерімді тамақтану жағдайында ғана мүмкін.
Сәресі – күні бойғы қуаттың кілті
Диетологтардың басым бөлігі сәресіні өткізіп алмауға кеңес береді. Себебі дәл осы уақыттағы тағам күндізгі аштыққа төтеп беретін энергия көзі саналады.
Сәресіге:
• баяу қорытылатын көмірсулар (сұлы ботқасы, қарақұмық),
• ақуызға бай тағамдар (жұмыртқа, сүзбе),
• су мен сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу
ұсынылады. Ал тұзды, тым тәтті немесе майлы тағамдар керісінше шөлді күшейтеді.
Ауызашар: шама мен сабыр
Көпшілік жіберетін басты қателік – ауызашарда шамадан тыс тамақтану. Ұзақ аштықтан кейін бірден ауыр ас жеу асқазан-ішек жолдарына салмақ түсіреді. Мамандар ауызашарды құрма мен сумен немесе жеңіл сорпамен бастап, 10–15 минуттан кейін негізгі асқа көшуге кеңес береді.
Қуырылған, майлы тағамдардан гөрі буға піскен, қайнатылған ас пайдалырақ.
Су ішу режимі
Ораза кезінде сусыздану қаупі жоғарылайды. Сондықтан ауызашар мен сәресі аралығында кемінде 1,5–2 литр су ішу маңызды. Газдалған сусындар мен тәтті шырындар судың орнын баса алмайды.
Созылмалы ауруы бар адамдарға ескерту
Дәрігерлер қант диабеті, асқазан жарасы, жүрек-қан тамыр аурулары бар жандарға ораза ұстамас бұрын міндетті түрде маманмен кеңесуге кеңес береді. Кей жағдайда оразаны кейінге қалдыру немесе өтемін беру – денсаулықты сақтаудың дұрыс жолы.
Қорытынды:
Ораза – тек аш жүру емес, ол – тәртіп, жауапкершілік және өз ағзаңа деген құрмет. Дұрыс тамақтану арқылы адам рухани тазарумен қатар, денсаулығын да нығайта алады. Ал шектен шығу мен немқұрайлылық керісінше нәтиже беруі мүмкін.
Маман пікірі:
«Ораза уақытында жылдам көмірсуларды ұмытқан дұрыс. Себебі олар қандағы глюкоза мөлшерін бірден арттырып, қарныңыздың тез ашығуына әкеліп соғады. Ал тәтті тағамдар, кәмпиттер, күшті дәмдеуіштері қосылған секілді ағзаны тез шөлдететін тағамдардан мүлдем бас тартқаныңыз абзал. Ауыз бекітіп, Ораза тұтқан адамның асқазаны күні бойы тыныштық жағдайында болады. Сол себепті ауызашар уақытында бей-берекет тамақ ішіп, асқазаныңызға ерекше күш түсірмегеніңіз жөн. Асықпай, байыппен тамақтанып, ағзаңызды орташа жағдайда ұстаңыз. Ал тамақтанып болғаннан кейін бірден ұйқыға жатпаңыз. Ішкен асыңызды бойыңызда жақсы қорыту үшін ең оңтайлы әрі жақсы шешім серуендеу болып саналады. Дегенмен бұл уақытта белсенді дене жаттығуын жасамаған жөн, бұл жүрек айнуы мен ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін», дейді дәрігер Жаннұр Боқанқызы.
"Оразада ағзаның сусыздану қаупі бар. Рамазан жаз мезгіліне тұспа-тұс келетін ыстық елдерде сусыздану қатері өте жоғары, өйткені кей адамдар қол еңбегімен айналысып, күн астында жұмыс істейді. Бұл судың булануын арттырып, соған сәйкес ағзаны жедел құрғатады.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Суды күн батқаннан кейін ғана ішуге рұқсат болғандықтанн ораза ұстағанда су ішу арқылы қалыпқа келтіре алмаймыз. Сондықтан күн батқаннан таң атқанша 1,5-2 литр су ішкен жөн. Тәтті сусындар, компот, кисель емес, тұрақты түрде сағат сайын таза су ішу керек. Ағзаны нәрлі сорпа секілді сұйықтықтың басқа да көздерімен толықтыруға болады. Рамазан айында адамдар салмақ тастайды, бел жіңішкереді. Ауызашар мен сәресіде көп тамақтанса, мұндай нәтижеге жету мүмкін емес. Тойып тамақтанбау керек. Рамазан ауызды тию ғана емес, ол – өзіңді тәртіпке үйрету, құндылықтарға баға беру айы. Мұндай игі әдеттерді Рамазаннан кейін де ұстанған жөн. Қасиетті айды тиімді өткізу үшін ең біріншіден артық тамақтанбай, ауызды қалай ашса, солай бекіту керек. Бірінші кезекте сумен, құрмамен ауыз ашуға кеңес беремін. Сосын бірден тамақтанбай, ағзаның бейімделуі үшін 15 минут не шыдасаңыз, бір сағат күту керек", дейді нутрицолог Нұрай Бақыт.