Берекеге толы, күллі мұсылман асыға күткен кешірім айы – Рамазан айының мән-маңызын толық айтып біту мүмкін емес.
Almaty-akshamy.kz-тің Құран айы турасында бірнеше сұрағына Алматы қаласының бас имамы Төле би Оспан жауап берді.
- Екі ауыз сөзбен Рамазан айы туралы түсіндіре кетсеңіз?
- Рамазан – Құран түскен ай. Бұл айды Алла Тағала ораза парызымен ерекшелеген. Сонымен бірге, Рамазан – жақсылық пен қайырымдылық айы. «Рамазан кірісімен-ақ аспан (мейірім) қақпалары ашылады. Ал шайтандар шынжырланады» деген хадис бар. Мұның мағынасы – ораза тек тамақтан тиылу құлшылығы емес. Ораза – нәпсімен күресу және оны тәрбиелеу айы. Өйткені, адамның жетістікке жетуі немесе сәтсіздік шырмауынан шыға алмауының басты себебі – өзі екенін меңзеуде. Оразаны асқан мұқияттылықпен, бар ықыласпен тұту – жақсылыққа дағдылануға, ең бастысы, мақсатқа жетуге серпіліс береді. Сондықтан да ғалымдардың «Рамазаншыл болмаңдар» деген ой саларлық сөзі бар. Мұның мәні оразада жақсылық пен қайырымдылық жасап, Рамазан біткенде баяғы қалпына қайта түспеңдер дегені. Себебі, бұл ең үлкен алдану екенін ұқтыруда. Қысқасы, Рамазан – мол мүмкіндіктер айы. Оның ең шыңында – Алла парызы ораза тұту тұрса, етегінде адамға жүйелі өмір сүруді, мақсат қоя білуді, соған жетуді үйрететін ғажайып мектеп.
- Ораза тұтқан жаңға қандай сауап беріледі? Оразаның басқа құлшылықтан айырмашылығы неде?
Теңдесі жоқ құлшылық
- Бұл – имам Бұхари мен Мүслим хадистер жинағында келген хадис. Риуаятта Алла Тағаланың: «Адам баласының оразадан басқа барлық амалы өзіне. Ол (ораза) Мен үшін. Оның сауабын Мен беремін...», – дегені көрсетіледі. Хафиз Ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) аталмыш хадиске сүйене отырып, неліктен ораза ерекше ғибадат екеніне қатысты ғалымдардың бірқатар тұжырымын жинақтаған. Солардың бірнешеуіне тоқталайық: Бірінші, ораза – рия (көзбояушылық) араласпайтын құлшылық. Имам Қуртуби: «Құлшылықтардағы ниетке көзбояушылық кіре алады. Ал оразаны Алладан басқа ешкім көрмейді. Сондықтан Алла Тағала Құдси хадисте: «Пендем мен үшін (оразада) құмарлығын тыяды», – деп айтқан. Екінші, хадисте: «Оның сауабын Мен беремін» делінген, оның мағынасы: «Оразаның сауабы мен мөлшері Маған ғана аян», – дегенді білдіреді. Үшінші, ораза – теңдесі жоқ құлшылық. Мәселен, мешітті Алланың үйі деп атаймыз. Оның мәні мешіттің дініміздегі мәртебесі мен маңыздылығы жоғары екенін аңғартады. Сол сияқты, «Ораза Мен үшін» деп Алла Тағала оразаны айшықтап айтуы аталмыш құлшылықтың терең сырын аңғартады.
- Таңнан кешке дейін аш жүру ораза ма?
- Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз болды. Сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп) күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» деген аят бар. Ораза – нәпсіні тәрбиелеу айы. Бұрынғы үмбеттерде де бұл құлшылық болған. Ораза артық салмақтан арылу емес. Бұл – Алланың бұйрығы. Жаратушы әмірінің әрбірінде үлкен сыр мен хикмет болады. Аш-жалаңаштың күйін түсіну деп айтып жатамыз. Алайда, елдің жағдайы жақсарып кетсе бұл құлшылық тоқтатылады деген сөз емес. Елдің әл-ауқаты жақсарса да, бұл қияметке дейін сақталатын парыз. Имам Ғазали: «Оразаның үш деңгейі бар. Мұны біл», – деп жазады. Ғұлама сөзін жалғастырып: «Көпшіліктің оразасы (умум), ерекше ораза (хусус) және арнайы ораза (хусус әл-хусус). Көпшіліктің оразасы – асқазан мен құмарлықтан тыйылу. Ерекше ораза – құлақ пен көзді, тіл мен қол-аяқты және басқа да дене мүшелерін күнә атаулыдан тыю. Ал арнайы ораза – жүрек оразасы. Бұл – жаман ой мен дүниелік пікірден тұтастай арылып, Алладан басқа барлық ойдан толығымен тыйылу», – дейді (Ихия улум әд-Дин кітабында (1/234- б.).
- Ораза кімге парыз?
- Балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, жолаушы емес әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз. Яғни мұсылман болуы, балиғат жасына толуы, ақыл-есі дұрыс болуы, ораза ұстауға күші жетуі және тұрғылықты жерінде болуы шарт.
- Жалпы, сәресіге тұрмай ораза ұстауға бола ма?
Сәресіге тұру – сүннет
- Иә, сәресіге тұрмай-ақ ораза тұтуға болады. Алайда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір жұтым су ішсеңдер де, сәресін үзбеңдер. Өйткені, Алла Тағала мен періштелер сәресіге тұрғандарға жақсылық тілейді», – деген өсиеті бар. Сонымен қатар, сәресіге тұрып, ас ішу немесе ең болмаса су ішу не құрма жеу күні бойы адамға қуат береді. Ораза ұстауда түрлі қиындықтардың алдын алуға септігін тигізеді.
Сәресі ішудің өзіндік берекеті мен артықшылықтары бар. Атап айтқанда, сәресіге тұрған адамды Алла рақымына алып, жарылқау тілейді. Сәресіге тұру – сүннет. Құлшылыққа күш-қуат береді. Ширақтықты арттырады. Аштықтан келетін нашар мінездің алдын алады. Ең бастысы, сәресі – дұға қабыл болатын уақыт. Ниетті түзеп, ықыласты арттыруға мүмкіндік. Сәресіге тұрған адам таң намазына ұйықтап қалмайды.
- Ұмытып ішіп-жеп қойса, ораза бұзыла ма?
- Тамақ, яки суды байқаусызда ішіп қою оразаны бұзбайды. Мұндай жағдайда оразаны жалғастыра беру керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аузы берік адам ұмытып, ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізген де Алла», – деген (Бұхари, Мүслим). Алайда, ораза екендігі есіне түскен сәтте ішіп-жеуін дереу тоқтатуы шарт.
- Ораза ұстаушының ұмытып тамақ жеп тұрғанын көрген адам не істейді?
- Егер жас не бойында оразасын жалғастыра алатындай әл-ауқаты бар кісі болса, оған ескерту міндет. Ал әл-ауқаты жоқ, яки үлкен жастағы қарт адам болса, үндемеген абзал. Себебі, хадисте: «Өйткені, оған жегізген де, ішкізген де Алла», – делінген (Бұхари, Мүслим).
- Оразаны әдейі бұзған жағдайда қалай өтеледі?
- Әдейі оразасын ашса, каффарат өтейді. Каффарат Рамазан айындағы оразаны еш себепсіз, әдейі бұзған адамға бекітілген. Басқа айдағы оразасын бұзғанға каффарат қажет етілмейді. Өтеу (каффарат) ретінде 60 күн арасын үзбей ораза ұстау – міндет. Бұған қоса, әдейі бұзған күннің қазасын да өтейді. Егер ораза ұстауға денсаулығы жарамаса, 60 кедейдің қарнын тойдыру арқылы каффарат өтейді. Рамазан оразасы – парыз амал. Ал басталған парыз амалды бұзу – үлкен күнә. Сондықтан мұндай күнәдан барынша сақтану керек. Рамазан оразасынан басқа оразаны бұзса, күніне күн тұтып қазасын өтейді.
- Ғайбат айту, өсек тасу немесе біреуге тіл тигізу оразаны бұза ма?
- Шариғатта біреудің сыртынан жамандап ғайбат айту, сөз тасу – үлкен күнә. Алайда, оразаны бұзбайды. Хадисте: «Кімде-кім ораза ұстағанымен жаман әдеттерден тыйылмаса, оның оразасы бекер», – десе, басқа бір риуаятта: «Ораза – тозақтың қалқаны. Ғайбат айту арқылы бұзбайынша ораза оны қорғайды», – деген сияқты хадистердің мағынасын ғалымдар бір ауыздан ораза бұзады деп айтпаған. Алайда, оразаның сауабын кемітеді деп түсіндірген. Демек, оразаның негізгі хикметі тек ішіп-жеуден ғана тыйылу емес. Сонымен қатар, ғайбат, өсек, өтірік айту сияқты түрлі күнәлардан да тыйылу міндетті екендігін естен шығармаған жөн.
- Бұл айда қандай құлшылыққа ерекше басымдық беру керек?
Ең жақсы садақа – Рамазанда жасалған садақа
- Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айында Құран оқып, көп садақа бергені жайында риуаяттар бар. Ғұламалар да қасиетті айда басқа ғылыми жұмыстарын тоқтатып, Құран оқуға ерекше көңіл бөлетін. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі адамдар арасында ең жомарты еді. Рамазан айында Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын еді. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) Рамазанның әр кешінде Пайғамбарымызбен бірге Құран оқитын. Жәбірейілмен (оған Алланың сәлемі болсын) жолыққан кездерінде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жерге береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді», – деп Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оразасы жайлы айтқан. Имам Ибн Рәжәб (Алла оны рақымына алсын) жоғарыдағы риуаятты түсіндіре келе мына себептерді атап өткен: «(Рамазан айындағы) Уақыттың қасиеті. Бұл кезде амалдардың сауабы еселене түспек. Имам Тирмизидің хадис жинағында: «Ең жақсы садақа – Рамазанда жасалған садақа», – делінген. Бұл айда Алла Тағала жомарттық жасап, құлдарына мейірімін төгеді, кешірім жасайды, олардың кейбірін тозақтан шығарады, әсіресе, Қадір түнінде. Ендеше, қайсыбір пенде аш адамды тойдырса, мейірімділік еткені болмақ. Алла Тағала мейірімді құлдарына рақымын төгеді. Ал кімде-кім Алла разылығын көздеп қайырымдылық етсе, Алла да оған жомарттық танытады. Ораза мен садақаның бірге қатар жүруі – жәннатқа апарар жол екенін көрсетеді...», – дейді.
- Ораза жайлы оқырмандар сұрағы өте көп. Кеңірек ақпаратты қайдан алуға болады?
- Республикалық muftyat.kz және Алматы орталық azan.kz сайттарынан оразаға қатысты сұрақтарға жауап алуға болады. Сонымен қатар, Рамазанға қатысты 200 сұрақ атты кітап шығардық. Кітапта ең өзекті, ең қажетті деген сұрақтар қамтылды.
- Мәнді, мағыналы сұхбатыңызға рахмет!