Жақында ақпанның басында Дубайда UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысы өтті. Ел намысын бес команда қорғап, Қазақстанның арнайы жасақ сарбаздары әлемдік аренада жоғары нәтиже көрсетті. Aqshamnews.kz тілшісі жарыста жеңісті жақындатуға үлес қосқан жандардың бірі - Жанғали Ердәулетпен сұхбаттасты.
Спортшылар үшін өздерінің шеберлігін көрсететін дода - Олимпиада болса, кино майталмандары «Оскар» үшін жанын салады. UAE SWAT Challenge де жарыс әскерилер мен арнайы жасақ үшін жауынгерлік рух пен тәртіпті көрсететін беделді турнир болып саналады.
Ердәулеттің сөзінше, бұл жарысқа дайындықты олар өткен жылдың қазан айында бастаған. Ал Дубайдың өзінде байрақты бәсеке алдында екі ай бойы ауа райына бейімделіп, жарысқа дайындықты жетілдіре түскен. Салқын жерден ыстық жерге барып жерсіну сияқты қиындықтарға қарамастан, ержүрек сарбаздар ел намысын абыроймен қорғап, халықаралық деңгейде Қазақстанның беделін арттырды.
Ердәулет Жанғали - «Пуля» немесе «Оқтай жылдамдық»: жылдамдық пен мергендіктің символы
Кейіпкеріміз - Жанғали Ердәулетті өзі сынды әріптестері осы жарыс барысында «Пуля» деп атап кеткен. Оған себеп - жарыс кезінде өзінің жылдамдығы мен мергендік шеберлігін толық көрсетуі. Ол белгіленген қашықтықта жүгіріп барып нысаналарды дәл көздеп атып, қайта мәреге оралу міндетін мінсіз орындады. Kazakhstan D командасының сапында өнер көрсеткен оған бұл сайыс оңайға соқпаған. Себебі, жарыстың алғашқы күнінде аяғын қайырып алған. Соған қарамастан, жарыстың қалған төрт күнінде бойы ел намысын қорғап, командалық үйлесімділік пен жеке шеберлікті толық көрсетті.
«Бұрын мені әріптестерім «Жалын» дейтін. Ал жарысқа дайындық барысында жылдамдығыммен ерекшеленгендіктен, «Пуля» деген лақап ат алдым», – дейді Ердәулет. Оның жылдамдығы зулаған оққа тең, ал мергендік шеберлігі ел намысын қорғауға үлкен үлес қосты.
Ердәулеттің жарыстағы негізгі міндеті – белгіленген қашықтықта жүгіріп барып, нысананы көздеп ату, қайта мәреге оралу және қаруды дәл қолдану. Бұл сынақтар тек жылдамдықты ғана емес, сонымен қатар тактикалық ойлауды, назар мен шапшаңдықты талап етеді.

Дайындық, тактика және командалық жеңістер
23 жастағы Жанғали Ердәулет қазір Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімінде қызмет етеді. Әскери шені - капитан.
Әскери саланы бала кезінен армандап, түбегейлі шешім қабылдап осы салаға бет бұрған. Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясын үздік тәмамдаған, арнайы жасаққа қабылдану үшін физикалық және білімдік талаптарды орындаған. Бұл жолда табандылық, намыс пен тәртіп маңызды рөл атқарды.
Еске салайық, Дубайда өткен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысына Қазақстаннан бес команда қатысты: «Kazakhstan A», «B», «C», «D» және әйелдер командасы «Tomiris». Қорытынды кестеде:
Kazakhstan C – абсолютті чемпион (барлық жарыс күндерінде үздік нәтиже)
Kazakhstan A – 2 орын
Kazakhstan B – 8 орын
Kazakhstan Tomiris – 18 орын
Kazakhstan D – 20 орын
Жарыстың Obstacle Course кезеңінде, сондай-ақ 100 және 300 метрлік нысаналарды көздеп атудан Ердәулет пен оның командаластары ерекше нәтиже көрсетті. Командалық үйлесімділік, жылдамдық пен қырағылық Қазақстан командаларының жеңісінде шешуші фактор болды.
Ел намысын ойдағыдай қорғап келген жеңімпаздар елге келісімен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.

Мемлекет басшысының қолынан марапат алғандар қатарында Ердәулет Жанғали де бар. Ел мақтанышына айналған бұл жетістігі үшін ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

«Мұндай жарысқа әр мемлекет өзінің ең мықты сарбаздарын жібереді. Соған қарамастан ел үмітін ақтап, үздіктердің үздігі атану оңай емес екені анық. Бұл кездейсоқ жетістік емес. Әр жетістік – зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі. Әр жеңіс – мықты кәсіби дайындық пен асқан шеберліктің айқын көрінісі. Өздеріңіз білесіздер, былтыр осы беделді жарыста Қазақстан құрамасы екі күміс жүлдені еншіледі. Биыл да сол жеңіс жолын жалғастырып, зор сенім артқан ұлттық командамыз абыроймен оралды, - деген еді Президент жарыстан олжалы оралған жеңімпаздарды құттықтау сәтінде
UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысындағы табыс - Қазақстанның арнайы бөлімшелерінің жоғары жауынгерлік дағдылары, физикалық дайындық және кәсібилігінің айқын дәлелі.