"Өмірден өткендердің де ұрығынан бала сүйгендер бар" - ЭКО маманы

  • 09:30, 31 шілде 2025
"Өмірден өткендердің де ұрығынан бала сүйгендер бар" - ЭКО маманы Сурет: depositphotos.com

Қазақстанда кейінгі жылдары экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) және репродуктивті медицинаға жүгінетін жұптардың саны күрт өсті. Бұл салада мыңдаған отбасыға үміт сыйлап келе жатқан мамандардың бірі - репродуктолог Амангелді Еркенұлы. Ол 12 жылдан бері көп ата-ананың қуанышына себепші болып жүр. Аqshamnews.kz тілшісі маманмен сұхбаттасып, ЭКО саласындағы маңызды жайттарды, ерлер мен әйелдер денсаулығы туралы түйткілдерді талқылады. Материалдан оқыңыз. 

Амангелді Еркенұлы - бүгінде Алматы қаласындағы NGC Clinic орталығында қызмет атқаратын тәжірибелі репродуктолог. 12 жыл ішінде ол және оның командасы мыңнан астам отбасына сәби сүю бақытына жол ашқан. Оның айтуынша, бұрын адамдар бедеулік мәселесін жылдап көтермей жүре беретін. Қазір жағдай өзгерді:

"Бүгінгі жұрт көзі ашық, медицина мүмкіндіктерінен хабардар. Сондықтан нәтиже болмаса, 2–3 жылда бірден маманға келеді", - дейді дәрігер.

Орталық жылына шамамен 1500–2000 жұпты қабылдайды. Олар бала сүюге қатысты кеңес алып, медициналық тексеруден өтеді. Бұл - қоғамда репродуктивті денсаулыққа деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

"Бедеулік - тек әйелдің емес, ердің де мәселесі"

Қоғамда көп жағдайда бала көтере алмау мәселесі әйел адамның мойнына артыла салады. Алайда дәрігер бұл түсінікті жоққа шығарады. Оның айтуынша, іс жүзінде бедеулік ер мен әйелге тең дәрежеде тән - 50/50. Яғни, біржақты кінә артудың еш негізі жоқ.

"Ер адамдар өз денсаулығына салғырт қарайды. Суықта жүреді, бейберекет жыныстық қатынасқа түседі, уақытында дәрігерге қаралмайды. Дені сау ұрпақ дүниеге келсін десек, ер азаматтар жылына бір рет тексеруден өтуді әдетке айналдыруы керек", — дейді Амангелді Еркенұлы.

Қоғамдық стереотиптер: намыс пен ұяттың көлеңкесінде қалған жауапкершілік

Амангелді мырза қазақ қоғамында ер адамдардың медициналық тексеруден өтуі сирек кездесетінін жасырмады. Олар мұны намысқа балайды.

"Патриархалды түсінік бойынша, жауапкершілік әйелде деп есептейді. Бірақ бұл - қате. Біз бұл көзқарасты өзгертуіміз керек. Өйткені баланың дүниеге келуі - әкенің де, ананың да ортақ жауапкершілігі", - дейді маман.

Оның айтуынша, ерлер арасында бедеулікке қатысты дұрыс түсінік қалыптаспаған.

"Қазақ жігіттерінде жасыратыны жоқ көкірек бар. Оған орта да әсер етеді. Ерлер арасында айтылатын сын да өзара намыстануға, қате түсінікпен жүре беруге әкеліп соғады. Мұндайда қоғамның көзқарасын өзгерту маңызды", - деп толықтырды ол.

Репродуктивті медицинаның көпке беймәлім мүмкіндіктері

Медицина жетістіктері бүгінде ұрық пен аналық жасушаны (ооцит) бірнеше жыл бойы сақтап қоюға мүмкіндік береді. Маманның айтуынша бұл мүмкіндіктерді біздің елде де жиі пайдаланады. 

"Біздің тәжірибеде өмірден өткен адамның ұрығын пайдаланып, кейін бала сүйген жағдайлар да кездескен. Бұл - ғылым мен технологияның жаңалығы. Сондай-ақ, қазіргі таңда мансабын бірінші орынға қойған көптеген әйел өз ооциттерін қатырып қояды. Әйелдер өз болашағын алдын ала жоспарлайды, карьерасын қалыптастырып, белгілі бір жаста ана болуға шешім қабылдайды. Өзінің жас кездегі белсенділігін ескеріп, ұрығын сақтап, кейін ана атанған әйел де болды", - дейді Амангелді Еркенұлы.

Қазақстанда бұл сала қалай дамып жатыр?

Амангелді Еркенұлы репродуктивті медицинаның Қазақстанда біртіндеп дамып келе жатқанын айтты. Мамандар көбіне шетелде білім алып, жаңа технологияларды меңгеріп жатыр. ЭКО қызметтері жалпы әлемде қымбат болғанымен, сұраныс жоғары.

"Біздің мемлекетте суррогат аналық пен донорлық ұрық арқылы бала сүю заңмен рұқсат етілген. Бұл - Қазақстанды көрші елдерден ерекшелендіретін фактор. Мысалы, Қытайда суррогат ана болуға тыйым салынса, Өзбекстанда донорлық балалы болуға шектеу қойылған. Бізде заңнамалық база икемдірек. Дегенмен бұл салада да шешімін күтетін мәселелер бар. Ол - уақыт еншісіндегі жұмыс", - деп түйіндеді маман.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:52

19:48

19:41

17:57

17:40

17:18

16:55

16:28

16:14

16:06

15:47

15:26

14:59

14:42

14:23

14:11

12:52

12:37

11:57

11:25

10:55

10:37

09:59

09:40

09:39