Нәзік жанды полковник

Нәзік жанды полковник Жулдыз Гизатовнаның жеке архивінен

Шуақты көктем мерекесінің қарсаңында әсемдік пен әдеміліктің, жылулық пен жарасымдылықтың, мейірім мен махаббаттың символы іспеттес жаны нәзік жан демесеңіз..., әйел заты – қоғам дамуына қозғау салып, қай іс болсын бел ортасынан табылып, мемлекеттің өркендеу жолында ер-азаматтармен иық тірестіріп еңбек етіп жүрген әйелдер ерекше рөл атқаруда. Кез келген іс басында әйелдердің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі айқын аңғарылған. Олар қандай орта болмасын үндестік пен үйлесімді, өзара түсіністік пен татулықты және ынтымақты нығайтуға ұйытқы болған жандар. Мемлекетіміз саяси өзгерістер мен жүйелі жаңғыру кезеңінде әйелдер қауымының жасампаздық қасиеті мен күш-қуаты Жаңа Қазақстанның ілгерілеуіне септігін тигізуде десек, артық айтқандық болмас...

Отан алдындағы адал міндеттерін де атқарып жүргендері қаншама. Ондай дара тұлғалардан Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясында әскери салада жүрген қыз-келіншектер де аз емес. Солардың бірі – саналы ғұмырын әскери салаға арнаған тәжірибелі шекарашы, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген, өнегелі тәлім-тәрбие беру ісінің білікті кәсіби офицері  полковник Джампеисова Жулдыз Гизатовна.

Әдетте қазақ әйелінің ғұмыры былайша өріледі ғой: ата-анасын қуантып өмірге келеді, бой жетіп, білім алып, босаға өзгертіп, тұрмыс құрады, балалы-шағалы болады.

Ал біздің кейіпкеріміздің өмір жолы басқа қырынан өрілген: полковник Джампеисова Жулдыз Гизатовна,  1980 жылы Жетісу өлкесінің төріндегі Талдықорған қаласында зиялы отбасында дүниеге келген (қысқаша анықтама: әкесі Джампеисов Гизат Омарбекович – кәсіби заңгер, сот органындарында көп жылдар бойы сот төрешісі лауазымын атқарған,  ал анасы Исаева Каламкас Есенкуловна –  облыстық әкімшілікте ауыл шаруашылық басқармасының бастығы қызметінде болған. Бүгінгі таңда қариялар бала-шағасы мен немерелерінің ортасында бақытты жандар әрі құрметті зейнеткерлікте). Біреу білсе, біреу білмес дегендей Талдықорған қаласында Омарбек Жампеисов атында үлкен көше бар. Кезінде қалалық атқару комитетінің (горисполком*) хатшысы болған, мемлекет қайраткері О. Жампеисов кейіпкеріміздің атасы болып келеді. Емен ағаштың тамыры тереңде жатыр, текті жерден тәрбие алған тұлғамыз осындай деп нық айтуға болады.  

1997-2001 жылдар аралығында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті филология факультетінің ағылшын тілі мамандығы бойынша бітірген. Жулдыз Гизатовнаның айтуынша, 4-курсты тәмамдап қалғанда Қазақстан Республикасы ҰҚК Жетісу облыстық департаментінен өкілдер келіп, сол кездегі ҚР ҰҚК Әскери институтына оқуға түсу үшін үздік студенттерді іріктеген. Үздіктердің қатарынан табылған Жулдыз Гизатовна дереу қажетті құжаттарын жинап, алдағы өмірін әскери саламен байланыстырғысы келіп, көп ұзамай ару қала, арман қала Алматыға жол тартқан еді. Сынақтардан сүрінбей өтіп, аталмыш жоғары әскери оқу орнына оқуға түсіп, курсант атанған. Әскери жоғары оқу орнын бітіріп, қос жұлдызды иығына таққан «лейтенант» алғашқы офицерлік қызмет жолын сол кездегі «Алматы» шекаралық бақылау пункті жолаушылар бөлімінің аға бақылаушысы лауазымынан бастаған еді. Кейіннен қызметтік қажеттілікке байланысты қазіргі Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясына ауысып келіп, ұстаздық жолға бет бұрған. Содан бері ҰҚК Шекара академиясы 1-факультетінің 13-арнайы кафедрасында қызмет атқара жүріп, қаншама курсанттың шам-шырағын жағып, білімді кәсіби маман офицер болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді.    

Шекара академиясында өзіндік ойып тұрып орнын алған «полковникті» бәрі жақсы біледі. Өйткені, ол өзіне жүктелген жауапты міндеттің үдесінен шығып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз. Ағылшын тілін жетік меңгертіп, дүниетанымдарын жетілдіруінің арқасында курсанттары ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, семинарларда, ғылыми сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп, оза шауып келеді. Шет тілдер кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамымен ай сайын жоғары әдістемелік сабақтарды ұйымдастырып өткізу оның ең сүйікті ісі.

Полковник  Ж.Г. Джампеисованың 2024 жылы және ағымдағы жылдың бүгінгі күніне дейін 9 ғылыми жұмысы әртүрлі басылымдарда жарық көрді. Атап айтқанда: «English Reading and Listening Practice» оқу және тыңдауды дамытуға арналған ағылшын тіліндегі оқулықтың және «English for A2 Level» (әлеуметтік-мәдени, оқу және кәсіби қарым-қатынас саласы) оқу-әдістемелік жұмыстардың авторы.                    

Мағжан Жұмабаев атамыз «Алты алаштың басы қосылса – төр мұғалімдікі» дегендей, шалғайдағы Мемлекеттік шекараны қорғаушы болашақ маман офицерлерге тіл үйретіп, көкірегіне нұр шашқан кейіпкеріміз ұлттың айнасы болуға әбден лайықты ғой. Жақында ғана полковник Ж.Г. Джампеисованың тікелей жетекшілігімен Шекара академиясының курсанты Э. Нурлан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласының ЖОО-ның арасында өткен «Фараби әлемі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, жүлдегер атанды. 

Әріптесіміздің және оның жетекшілік ететін жұмыстары арқылы жеткен жетістіктерін осылай жіпке тізген моншақтай тізбелеп жаза беруге болар еді. Әйтсе де,  оның барлығын бір мақала көлеміне сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан біз оның ең бастыларына ғана тоқталдық.      

Кейіпкеріміз ғасырға жуық тарихы бар ҰҚК Шекара академиясында қызмет атқара жүріп, «лейтенант» погонынан «полковник» погонына дейін жеткен қазақтан шыққан санаулы қыздардың бірі.

Жулдыз Гизатовнаның қызметтік жолында жеңісті, һәм жемісті сәттері жетерлік. 2011 жылы ІІ дәрежелі «Шекара әскерлерінің үздігі» белгісімен, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметтік іс-қимылда қол жеткізген оң нәтижелері мен міндеттерін адал орындағаны үшін Қазақстан Республикасы ҰҚК, Шекара қызметінің және Шекара академиясы бастығымен және оның орынбасарларымен, факультет, кафедра басшылығымен марапатталған.

Мықты кәсіби маман – әрқашан да ұжымның мақтанышы. Полковник ханымнан тағлымды білімін алған курсанттары бүгінде ел құрметіне бөленіп, еңбегінің еленіп жүргені өз алдына бөлек әңгіме.

Өз ісіне жанымен берілген Жулдыз Гизатовнамен қызмет бабында жиі кездесеміз. Қызметінің әр минутын жүйелі пайдалануға, сабағына тиянақты дайындалуға дағдыланған жан. Өзін-өзі дамытып, ғылым-білімге әбден ден қойған көзі ашық, көкірегі ояу тәжірибелі маман.  Сонымен қатар, кафедра, факультеттің, Шекара академиясының қоғамдық жұмыстарына да белсене ат салысады. Өз саласы бойынша бірнеше оқу-әдістемелік дүниелерді жарыққа шығарып үлгерген ол отбасында мейірімді ана, адал жар. 

Жулдыз Гизатовна болашақ жолдасы Марат Полаткарыевичпен Шекара академиясының қабырғасында оқып жүріп, өрімдей жап-жас курсант кезінде танысқан. Сол жылдары қос ғашықтың достығы үлкен махаббатқа ұласқан еді. Өлердей ғашық болып, өрімдей жас қызды уысына түсірген жас офицер көп ойланбастан сұлу қызға үйленуге ұсыныс білдірген екен. Осылайша отбасын құрып, алтын асықтай ұл мен күміс қасықтай қыз тәрбиелеген ата-анаға айналған қос полковник, бүгінде ел мақтап әрі тамсандырған үлгілі жанұяға айналады. Осындай үлкен махаббатқа толы қызық өмір жолын нақышына келтіре әңгімелеп берген нәзік жанымыз, өзінің шекарашы мамандығын таңдағанын мақтан тұтады. Бүгінде күнтізбелік әскери қызмет өтілі 25 жыл.

Иә, ептілік пен қырағылықты, өжеттік пен қайсар мінезді талап ететін әскери салада  қызмет атқару екінің бірінің маңдайына бере бермейтін бақ деп білеміз. Олай болса, әскери қызмет пен ұстаздықты қатар алып жүрген нәзік жанды полковник Жулдыз Гизатовнаны 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, қызығы мен қиыны қатар жүретін әскери қызметіңізге толағай табыстар тілейміз.

Нәзік жанды полковник ханым, көктем мерекесі көңіліңізге тек шаттық сыйласын дегіміз келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:48

18:46

17:47

17:35

17:14

17:05

16:40

16:35

16:22

16:18

15:53

15:37

15:17

14:56

14:52

14:44

14:28

14:14

13:44

13:38

13:36

13:34

13:33

13:31

13:03