Қай қоғамның болсын шын мәніндегі қуаты оның экономикасымен немесе технологиялық жетістігімен ғана өлшенбейді. Ұлттың нағыз беріктігі – рухани тұтастығында. Ал сол рухани тұтастықты қалыптастыратын, ұрпақ санасына үнсіз сіңетін ең пәрменді құралдардың бірі – музыка.
Музыкасыз тәрбие – қанша жерден білімді болғанымен, жаны жұтаң ұрпақ қалыптастыруға алып келетіні бүгін айқын сезіле бастады. Ғылым мен жаңа технологияда әлемге үлгі болып отырған Жапония бұл ақиқатты әлдеқашан түсінген. Сондықтан да күншығыс елінің жалпы білім беретін мектептерінде музыка пәні қосымша таңдау емес, міндетті бағдарлама саналады. Әрбір бала ең кемі бір музыкалық аспапта ойнауды меңгеруге тиіс. Бұл – романтика үшін емес, болашақ қоғамның психологиялық және рухани саулығын қамтамасыз ету үшін жасалған саналы шешім.
Жапон мамандарының пайымынша, музыкалық аспапта ойнау баланы тәртіпке, шыдамдылыққа, өз-өзін бақылауға баулиды. Әуенді дәл келтіріп орындау үшін бала өз сезімін де, ойын да бір арнаға тоғыстыруы керек. Бұл – кез келген күйзеліс пен стресс жағдайына қарсы тұра алатын ішкі тұрақтылықтың негізі. Тіпті музыка бала жандүниесіндегі байқалмайтын психологиялық жарақаттарды жұмсартып, жан тепе-теңдігін қалпына келтіруге қабілетті екені де ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр.
Ал біз музыканы әлі күнге дейін «қосымша пән», «ермек» ретінде қабылдаймыз. Баланың жанына емес, тек күнделігіне үңілеміз. Бағасы жоғары болса – жақсы оқушы, есепті тез шығарса – қабілетті бала деп танимыз. Бірақ сол баланың не тыңдайтынын, нені сезінетінін, сұлулықты ажырата ала ма, жоқ па – оған келгенде үнсіз қаламыз. Сезім мен талғам қалыптаспай қалған жерде рухани бос кеңістік пайда болатынын ескере бермейміз.
Бұрын бұл мәселе бізде мүлде басқаша шешілгені мәлім. Мектептегі хор, оркестр, өнер байқаулары тек мерекелік шара үшін ұйымдастырылмайтын. Ол – тәрбиенің бір тармағы болатын. Бірге ән айтқан, бір сахнада өнер көрсеткен бала өз ортасынан оқшауланбайды, тұйық болмайды. Ол көпшілікпен санаса білуді, өзгені тыңдауды, бір ырғаққа бағынуды үйренеді. Бұл – адамды қоғамға бейімдейтін ең табиғи мектеп.
Сол үрдістің үзіліп қалуы бүгінде өз салдарын көрсетіп отыр. Музыка пәні бастауыш сыныптан әрі аспайды, үйірмелер жүйелі емес, ал өнермен шұғылдану ата-ананың мүмкіндігіне ғана тәуелді. Нәтижесінде бүгінгі жас ұрпақ Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Ақан сері мен Біржан салдың кім екенін білмей өсіп келеді. Тіпті бертіндегі Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиевтің мұрасынан бейхабар балалар көбейіп барады. Бұл – тек білім олқылығы емес, ұлттық жадының әлсіреуі.
Ұлттық идеяны қағаз жүзіндегі бағдарламамен немесе ұранмен қалыптастыру мүмкін емес. Ұлтты сақтайтын күш – мәдениет. Ал мәдениет сұлулықты сезіне білуден басталады. Сұлулықты танымаған адам өзгенің даңғаза дүниесіне оңай еліктейді, өз болмысынан тез ажырайды. Музыкадан қол үзген ұрпақтың рухани иммунитеті әлсіз болады. Мұндай қоғам сыртқы ықпалға да, ішкі күйзеліске де төтеп бере алмайды.
Осы тұрғыдан алғанда, жапондардың «математика логиканы дамытса, музыка адамды толық қалыптастырады» деген сөзі терең мәнге ие. Музыка – тек өнер сабағы емес, ол – ұлттың жүйкесін, мінезін, талғамын қалыптастыратын тірек. Ол – қоғамды іштен ірітпейтін, керісінше біріктіретін күш.
Қорыта айтқанда, музыка мәселесіне жеңіл қарауды доғаратын кез келді. Музыканы мектептен ысырып қою – бір пәннен бас тарту емес, ұлттың рухани қорғанын әлсірету. Егер біз ертең ойлайтын, сезінетін, мәдениеті биік, өз болмысын танитын ұрпақ көргіміз келсе, музыкалық тәрбиені білім жүйесінің шетіне емес, өзегіне айналдыруымыз керек. Өйткені музыка – пән емес. Ол – ұлттың иммунитеті.