Мәдениет адамзатты мейірбандыққа үндейді. Дүниедегі сұлулық пен көркемдіктің мәні де сонда.
Адамзаттың жаны рухани байлықты аңсайды. Онсыз ілгері басу - көзсіздік. Баршамыз үшін шежіренің орны бір бөлек. Өткенді елемей, өрлей алмасымыз анық. Бұрынғы шақтағы естеліктерді ұшырастыратын бір жер бар. Ол – музей. Ел арасында «Алматы – мәдениет ордасы» деп аталады. Шаһарда сондай рухани орталықтар көп. Сондықтан ішкі тыныс-тіршілігімен де таныс болуды жөн санаймыз. Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік мұражай қызметкері, экскурсовод Гүлденай Бекбаулиеваны сұхбатқа тартқан едік.
– Гүлденай Мұхтарқызы, көпшілікке мәдени орталықтың қыр-сыры беймәлімдеу. Жалпы, музейдің тыныс-тіршілігі, шежіресі жөнінде айтсаңыз?
– Иә, біздің тарихымыз тереңде. Өткен ғасырдың ХХ жылдарының бас кезінен бастау алады. Бұрынырақта да мұражайға келген болсаңыз, жұмысымыздың шет-жағасымен таныс боларсыз. Әлгінде айтқанымдай, алғаш 1934 жылы ашылады. Сол шақта «Шевченко» атауын иеленеді. Нақтырақ, көркем-сурет галереясы болып, шымылдығын түреді. 1976 жылы жаңа ғимараттың іргесі қаланады. Құрылысы аяқталғаннан кейін осында көшіріледі. Дәл бүгін сіз бен біз сол кезде салынған тарихи орында сұхбаттасып тұрмыз.
– Қазақтың көрнекті суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі қашан берілді, ғимараттың ерекшелігі туралы айтсаңыз?
– Өте орынды сұрақ қойдыңыз. Біздің мәдени орталығымыздың тамыры тереңде. Шежіресі өткен ХХ ғасырда жатыр. Еліміздегі бірегей орталық саналады. Дәлірек баяндайын. 1984 жылы Ә.Қастеев музейі болып өзгертіледі. Жалпы сұлбасы ерекше. Үш бұрышты, пирамида пішіндес болып келеді. Жарықтың мол түсуіне, төбедегі терезелер экспозициялардың анық байқалуына негізделген. Барлық жағынан есептелген. Былайша айтқанда, заманауи қағидалармен астасады дей аламыз. Сонысымен де құнды деп білеміз.
– Құнды жәдігерлер жөнінде тереңірек таныстырсаңыз?
– Бізде 14 экспозициялық зал орналасқан. Кіріспе, қолданбалы деген сияқты бірнеше бөлікке бөлінеді. Соның ішінде іргелісі қазақ халқының ұлттық қолөнер бұйымдарына арналады. Бұнда ХІХ-ХХ ғасырдағы жауһарлар сақталған. Осындағы жәдігерлер осы дәуірдің туындысына жатады.
Бір кісінің есімін ерекше атап өткім келеді. Ол - музейдің тұңғыш директоры Құлақмет Қожықов. Ол кісі ел арасынан, экспедициядан көптеген құмыралар, картина, қолөнер бұйымдарын, құнды заттарды жинақтаған. Осындай істердің нәтижесінде қорымыз толығып тұр.
– Хандар, билер, ханшайымдар мен бекзадалардың қолданған заттары сақтаулы ма?
– Бұл жағына жауапты мамандар бар. Солар анық-қанығын біледі. Десе де, жаңа айтып өткенімдей, оншақты зерделеу іс-сапарларының пайдасы мол болды. Соның арқасында елді мекендер мен ауыл-аймақтардан жиналды. Қазақ халқы алтынды емес, көбінесе күмісті тұтынған. Екі көзді күміс жүзік қоғамдағы әлеуметтік статусты аңғартады. Яғни өз заманының беделді отбасының бәйбішесі, жары дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, мұражайымыз Әбілхан Қастеевтің атында болғандықтан, суретшінің өзіне арналған залы бар. Онда ұлт абызының картиналары қойылған.
Жалпы, музей - мәдениеттің ошағы дер едім.
– Сұхбатыңызға рахмет!