ffin.kz

Мұхтар Әуезов Хрущевқа неге көпшік қойды?

Мұхтар Әуезов Хрущевқа неге көпшік қойды? Сурет: Turkystan.kz

Халқымыздың басынан небір зобалаң өтті. Осы ғасырымыздың алдындағы соңғы екі ғасырдың өзінде қазақтың басына қаншама рет қара бұлт үйіріліп, қаншама рет зәбір-запа шекті. Он тоғызыншы ғасырда еліміздің шұрайлы жерлеріне Ресейден келімсектердің ағыла келіп, жергілікті ұлтты шөл және шөлейт аймақтарға ығыстыруы, жиырмасыншы ғасырдағы қызылдар мен ақтар соғысы, күштеп ұжымдастыру, кәмпеске, қолдан жасалған ашаршылық, саяси қуғын- сүргін ұйымдастыру – мұның бәрі түптеп келгенде, қазақ жерін жергілікті ұлт өкілдерінен босату мақсатын көздеді.


Жергілікті халықтың өмірі ешқашан жанашырлықпен бірінші кезектегі мәселеге айналған емес. Мұндай жаппай қудалау мен ұлт ретінде жою мақсаттары әртүрлі жолдармен өмір бойы жүргізіліп келді. Тіпті, коммунизмге қол созған, ұлттар арасында «теңдік орнаған» жылдардың өзінде осы тұрғыдағы астыртын іс-әрекеттер жасалып жатты. Осындай «байқалмас» шаралардың тамырын дөп басып, қауіптің алдын бағамдай білген ұлтымыздың беткеұстар азаматтары болмай да қалмады. Соның бірі Мұхаң – Мұхтар Әуезов.


...1956 жылы Қазақстанда ұлан-асыр той болды. Бүкiл Кеңестер Одағымен бiрге тойлаған. Себебі, 1954 жылы басталған тың және тыңайған жерлердi игеру мәреге жеткен едi. Бұл Ұлы Отан соғысынан кейiнгi Ұлы Жеңiс деп бағаланды. Алайда, бұл қуанышқа әркiм әрқалай қуанған. Базбiреулер «нан болса, ән де болатынын» айтты. Айтып қана қойған жоқ, кеуделерiне орден-медаль қадаған. Ал Никита Сергеевич Хрущев бастаған зымиян саясаткерлердiң қуанышы олардiкiнен маңыздырақ болды. Бiр бармағын iшiне бүккен олар отаршыл патшалы Ресейдiң 300 жыл бойы орындай алмаған iсiн жүзеге асырғанына қуанған. Бұл оқиғаға күйзелiп, жаны ауырғандардың бiрi Мұхтар Әуезов едi.


Қазақстанда дүркiн-дүркiн жүргiзiлген саяси қуғын- сүргiн зиялыларымызды абайлап сөйлеуге мәжбүр еттi. Ол кезде жеке басқа табынушылықтың шiдерi үзiлгенмен, коммунистiк идеологияның тоқпағы мықты болатын. Әуезовтiң басына да қайта-қайта қара бұлт үйiрiлiп жүрген. Партия қатарынан шығарылды. Абақтыға жабылды. Тiптi, өзi мақсат еткен ұлттық идеологиямыздан бас тартуға мәжбүр болған едi. 
Тың игеру бiткен соң Қазақстан басшылығында ауыс- түйiс болған. Елiмiздi басқарып келген Леонид Ильич Брежнев Мәскеуге кеттi. Оның орнына бiрiншi хатшылыққа Иван Дмитриевич Яковлев тағайындалады. Мамандығы мұғалiм едi. Түсi игi, жүзi жылы жан бiр күнi бiр топ қазақ қаламгерлерiн қабылдады.



– Ол кезде қабылдауында болатын кiсiлердiң тiзiмiн жасайды. Мұхтар Әуезовтi, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсiреповтi, Ғабиден Мұстафиндi, сосын Орталық Комитетке барғыштап жүретiн кезiм едi, менi тiзiмге қосыпты, барлығы сегiз адамның тiзiмiн жасап қабылдады. Қандай ойлары бар, не айтқысы келедi, соны бiлгiсi келген болар. Негізі ұстаз болу, сабақ беру адамның мiнезiн соншама жiбектей жұмсартып жiбередi. Бiрiншi хатшы да бұрын мұғалiм болған екен ғой, қаламгерлердi өте жылы қабылдады, – дейдi Әуезовтiң шәкiртi, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов.



Бұл кезде Кеңес Одағы коммунизмнiң iргетасын қалап жатқан. Оның қарышты қадамы Қазақстанды да таптады. Әкелгенiнен әкеткенi көп. Тапқанынан батқаны мол. Екi ортада сорлаған қазақ халқы болды. Бұрын жерiмiзге қару асынып келген басқыншы қолына гүл ұстап, күлiп келiп қоныстанып жатты. Шұрайлы жерден айырылған қазақ мал қамын ойлап, амалсыз, шөл аймақтарға ығысқан. Ол кезде халқымыздың үштен бiр бөлiгi шетелдерде тұратын.


Негiзi, бiз айтқалы отырған оқиға былай басталған едi. Әуезовтiң шәкiртi Зейнолла Қабдолов ол уақытта «Жұлдыз» журналының Бас редакторы болатын. «Әдебиет және искусство» деген атын ендi алмастырып жүрген кез. Қызмет бабымен Орталық Комитетке жиi барып тұрған. Соның орайын пайдаланып қалғысы келген Қазақстан Жазушылар одағының бiрiншi хатшысы Ғабит Мүсiрепов өзiне шақырып, өтiнiш айтады. «Анау, Яковлев деген жақсы кiсi көрiнедi, соған айт, бiздi қабылдасын. Бiз тiлегiмiздi айтайық, iште жүрген ойымызды айтайық» деген соң, Қабдолов Жандiлдин екеуi барып өтiнiш жасаған. Яковлев сөзге келместен белгiлi бiр уақытта қабылдайтын болды.


Бiрiншi хатшының қабылдауында болу оңай нәрсе емес. Iстiң көзiн бiлетiн жас Қабдоловтың септiгi тиген. Бiрiншi хатшыға қазақ қаламгерлерiнiң айтары көп едi. Уақыт ыңғайына қарай әрқайсысы өз көңiлiндегiсін айтқан. Бiрiншi хатшы ә бд е н з ә б i р - ж ап а ш е к ке н , п а рт и я қатарында жоқ Әуезовтiң сөзiн бар ықыласымен тыңдаған. Зиялы қауымның қайта-қайта қуғынға ұшырай беруi оны да қызықтырған болар. Әуезовтiң басынан талай зобалаң өткен едi.


– Бiрде ашық, бiрде жасырын, құпия, әйтеуiр қуғын- сүргiн саясаты ХХ ғасырда ылғи да жүрiп отырды. Бұны ғылыми тiлмен айтсақ, қуғын-сүргiннiң пермагенттiк сипаты деп есептеймiз. Үзiлiссiз жүрiп отырған. Алғашқы қуғын-сүргiн 20-жылдары басталған. Алаш зиялыларын қуғындаудың соңы ату жазасына тiрелiп отырды. 1932 жылғы Ермеков пен Әуезовтiң хаты осындайдан, амалсыз жазылған нәрсе едi. Олар Алаш идеологиясынан бас тартуға мәжбүр болды. Бұл зиялылар үшiн үлкен соққы едi. 40–50-жылдарға келсек, бұл кездегi қуғын-сүргiннiң де өз ерекшелiгi болды. Бұл кездегi саясат қазақ зиялыларын бiржолата тұқырту, рухани еркiндiгiнен айыру, езiп-жаншуды көздеген қитұрқы саясат болды, – дейдi тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев.


Қанша соққы жесе де, ұлтын сүйген жан қарап жата алмады. Әуезовтiң қаламынан туған көркем дүниелерi мен ғылыми зерттеулерi өз алдына, жүрген жерiнде ел болашағын ойлап, келелi мәселелер көтерген. Дүние астаң-кестең болып жатқанда Қазақстан Компартиясының бiрiншi хатшысы Яковлевке де осы мақсатта барды.



– Мұхаң ойын керемет шебер айтып жеткiзетiн. «Менiң бiр жаныма бататыны – тың көтеруге екi жылда келген 3 миллион келушi 70 пайыз қазақты 7 пайызға түсiрiп тастады. Бұл бiр жағынан жақсы, бiр жағынан халқымызға қиын болды ғой. Ал бiздiң халқымыздың үштен бiр бөлiгi шетте жүр. Әр жылдары қуғын-сүргiн көрiп кеткен осы қазақты туған Отанына қайтару тек қана (әрине, көпшiк қойып айтып отыр) Хрущевтiң қолынан келедi. Сол қазақты туған Отанына қайтарып, бiздiң бiр елдiгiмiздi ойласа қайтедi» дедi ғой, шiркiн Мұхаң.



Академик Зейнолла Қабдолов сол қабылдауда Әуезовтiң сөзiне ерекше риза болғанын мақтанышпен еске алды. 
Әуезов, сонымен бiрге, бiрiншi хатшыға таяуда Тәжiкстанға барғандығын айтқан. Бадахшанның басында тұрып жатқан қазақтардың хал-жайы мәз емес болатын. Балаларын мектепке бере алмай, мал соңында жүрген қандастарымыздың тұрмысы қатты күйзелтедi. Барлық ұлтқа теңдiк әперетiн Компартияның осыған көңiл бөлуiн жөн санаған.



– Олардың туған Отаны, атамекенi осында, елiмiзге алып келiп мәдениетiн көтеруге болады ғой. Анау Астраханьда, Сарытауда да бiздiң қазақ жүр, мал бағудан басқаны бiлмейдi. Оларда қайдағы еркiндiк, соларды әкелiп үлкен адамдар қатарына қосуға болады. Ал одан қала бердi, әрiге баруымыз керек, мына Қытайда 2 миллионға жақын қазақ тұрады, ана Моңғолия мен Түркияда да солай. Солардың бәрiн елiмiзге әкелiп басын қосу осы Хрущевтiң қолынан келетiндiгiн қайта-қайта ескертiп, жоғары жаққа жеткiзе барсын деген ниетпен өз ойын айтып шықты, – дейдi академик-жазушы.



Шынында, Компартияның мақсаты тың игеру ғана болса, оны шетте тұратын қазақтарды әкелiп те атқаруға болар едi. Әуезов бiрiншi хатшыға осыны ашық айтқан. Хрущевтің атына көпшік қоя сөйлеп, әдейі мақтай отырып, өзiнiң осы сәлемдемесiн жеткiзуiн сұраған. Басқалар үй-жай, көлiк, қаламақы сұрайтын кез едi, Мұхаң арадан суырылып шығып, қашанғыдай өзiнiң мықтылығын көрсетедi. Алайда, ол замандарда оның жүзеге асуы екіталай нәрсе болды. Мұхаң армандаған бұл мәселе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жүзеге аса бастады.
 
«Аlmaty-akshamу», №84, 15 шілде, 2023 жыл



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07