ffin.kz

Метро ішіндегі саяхат

Метро ішіндегі саяхат almaty-akshamy.kz

Алматы метросы күрделі тарихына қарамастан, мегаполистің көлік инфрақұрылымында ерекше орын алады.


Қазіргі таңда шаһар тұрғындарының да, қала қонақтарының да метроға деген қызығушылығы артып, халықаралық деңгейде мойындалғанын байқауға болады.


Алматының алыс аудандарын орталықпен қосатын ең қауіпсіз, заманауи экологиялық таза метро көлігі 2011 жылдан бастап мегаполис тұрғындарына қызмет етіп, қалаған жерлеріне жылдам әрі жайлы жетулеріне ықпалын тигізуде. Күн сайын 18 шақырым жол жүретін жерасты көлігі 11 бекетке тоқтап,  50 мың жолаушыны діттеген жеріне жеткізіп отыр. 


Метрополитен құрылысының негізгі мақсаты – көлік инфрақұрылымын жетілдіру, жолаушылар тасымалының көлемін көбейту, көлік байланысын ұлғайту, ілеспе инфрақұрылымды дамыту, қаланың экологиясын жақсартуды көздейді.


Біз ТМД-дағы ең жас метро саналатын Алматының метросын аралап, тұрғындар пікірін тыңдауға тырыстық. Бекеттегі саяхат барысында әртүрлі олқылықтардың да орын алып жатқанын байқадық. Мәселелерді жолаушылар сөзімен ұсынбақпыз.



«Жеделсаты жұмыс істемейді»


Аида СҰЛТАН, жас ана:


Метрода балаларға арналған арбамен жүретін жолаушыларға жағдай қарастырылмаған. Кеше кішкентай баламмен "Бауыржан Момышұлы" бекетінен кірдік. Арбамыз жиналмайды. Бір қолымда балам, бір қолымда арбам бар. Экскалатордан әрең түстім. Бұл – сұмдық қой. Басында бекеттің сыртындағы жеделсатымен түсемін ғой деп алаңдамағанмын. 5-6 рет кнопкасын бастық. Бірақ жеделсаты мүлдем қозғалмады. Сол себептен, экскалатормен түсуге мәжбүр болдық. Ал "Жібек жолы" бекетінен сыртқа шығу өте қиын болды. Экскалатор өте ұзын. Әрең көтерілдік. Сонда метро балалы аналарға арналмаған ба? Ал мүгедек адамдар қалай кіріп-шығады? Сонда ерекше жағдайдағы адамдар метроның игілігін көре алмай ма? Біз де адамбыз ғой.


Мәселе бойынша метрополитен басшылығына хабарласып едік, төмендегідей жауап алдық:



  • "Бауыржан Момышұлы" бекетінде жолаушыларға арналған жеделсаты бар. Бірақ онда Алматы қаласы метрополитенінің бірінші кезек бірінші желісінің жобасына сәйкес баспалдақтар жанына пандустар орнату көзделмеген. Пандустарды орнатуға қауіпсіздік талаптарына сәйкес нормативтік көлбеу бұрышы мен ұзындығы мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты метро станцияларының барлық баспалдақ марштарында қауіпсіздік талаптары бойынша пандустарды орнату техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Ал мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға және арбалары бар аналарға барлық станцияда жолаушыға қызмет көрсететін кезекші қызметкер бар, – деді метрополитен қызметкері.



Байланыссыз бекет


Бекет ішіндегі келесі мәселе – Wi-Fi жұмысы. Бәрімізге белгілі, метро ішінде ұялы байланыс іске аспайтындықтан, байланысқа шығу мүмкін емес. Метро пойыздарына тегін Wi-Fi  орнатылғаны туралы ақпарат болғанымен, бүгінге дейін олардың ешқайсысының жұмыс істегенін көрген емеспіз. 


Ақылбек МАНСУРОВ, студент:



  • Бекетте Wi-Fi жұмыс істемейді. Кеше 1300X нөмірлі пойызға міндім. Мен бекеттен шыққанша көлік шақыруым керек болған. Себебі, сабаққа асығып бара жатқан едім. Амалсыз сыртқа шыққаннан кейін шақыруға тура келді. Бекет ішінде ұялы байланыс ұстамайтындықтан, бізге хабар алу үшін Wi-Fi өте қажет. Осы олқылықтарды қашан жөндейді екен?


Бұл мәселені метрополитен қызметкерлері «техникалық ақау салдарынан туындаған олқылық» деп түсіндірді. Алайда, Wi-Fi істен шыққанына бірнеше ай өткен...


«Әжетхана жоқ»


Алматы тұрғындарын жиі толғандыратын мәселелердің бірі – әжетхананың жоқтығы.



Жансая АБДУЛМАЛИК, көп балалы ана:



  • 2 қазан күні бекет ішінде балам әжетханаға барғысы келді. Ал бекетте әдеттегідей әжетхана жабық тұр. Бұл жағдай қашанғы қайталана береді? Бекет қызметкерлерінен әжетхананы ашуын өтіндік. Бірақ қызметкерлер ашпайтынын айтып, бізге дөрекілік көрсетті. Аты-жөні, қызметі жазылған картасы жоқ. Дамыған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, бекетіміз бар деп мақтанамыз. Өкініштісі, қарапайым тұрғындарға мүлдем жағдай қарастырылмаған.


Жағдайды тексеру үшін біз де бекет ішіндегі әжетхананың есігін тартып көрдік. Алайда, есік тарс жабылған, кілттенген. Сөйтсек, бекет ішіндегі әжетханалар тек қызметкерлерге арналған екен. Сонда жолаушылар қажетін өтеу үшін қайда барады?


Лық толы вагон


Бекеттегі тағы бір кемшілік – пойыздардың қатынау аралығының ұзақтығы. Студенттер, оқушылар, жастар, тіпті, зейнеткерлердің барлығы метро арқылы қатынайтынын ескерсек, вагондардың жолаушыларға аздық ететіні ап-анық. Лық толы вагондар жолаушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін.  


Артем ДМИТРИЕВ, жолаушы:



  • Бекетте кемшіліктер өте көп. Пойыздардың уақыт аралығы өте ұзақ. Біз метрополитен басшылығынан вагон санын көбейтуді өтінгенбіз. Себебі, метромен қатынайтын адамдар өте көп. Вагонға адамдар сыймай жатады. Кеше мынадай оқиғаның куәсі болдым. Кешкі уақытта вагон ішінде адам толы болды. Іштегі бір апаның жүрегі қысылып, талып қалды. Пойызды тоқтата алмаймыз. Жедел көмек көрсететін адам да болмады. Осындай жағдайлардың алдын алатын шара қарастыру керек.


 Ал метрополитен қызметкерлерінің айтуынша, пойыздарға қосымша вагон қосуға болмайды. Себебі, платформа ұзындығы вагондар қосуға мүмкіндік бермейтін көрінеді.


P.S. Бекет ішіндегі саяхат барысында тағы бір мәселені көзіміз шалып қалды. Метроға кіру үшін төлемді екі ғана әдіспен төлеуге болады. Бірі – Onay картасы арқылы, екіншісі – қолма-қол төлем арқылы. Ал смс-код, QR арқылы төлем жасау әдісі қарастырылмаған. Егер картаңызды ұмытып кетіп, қалтаңызда тиыныңыз болмаса, бекет ішіне кіре алмайсыз.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04