2025 жылы Алматыда менингококк инфекциясының жеті жағдайы тіркелді
2025 жылдың басынан бері Алматы қаласында менингококк инфекциясының 7 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Бұл туралы Aqshamnews.kz сайты хабарлайды. Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, науқастардың үшеуі ересектер болса, төртеуі — 14 жасқа дейінгі балалар.
Санэпидбақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда жағдай саны артқан. 2024 жылы бар болғаны 5 жағдай тіркеліп, оның екеуі балалар арасында болған. Яғни, биылғы көрсеткіш науқас санының артуын көрсетіп отыр. Бұл эпидемиологиялық тұрғыдан алаңдаушылық тудырады, себебі балалар мен жасөспірімдер — инфекцияға аса бейім топтар қатарында.
Науқастармен байланыста болған 192 адам тексеріліп, олардан менингококк бактериясының тасымалдаушылығы анықталған жоқ. Сонымен қатар, қалалық профилактикалық скрининг аясында 3817 адам тексеруден өткен. Олардың 2598-і жабық мекемелерге қабылданғандар болса, 1219-ы — қауіп тобына жататын азаматтар. Бұл санаттағы адамдардан да инфекция тасымалдаушылығы тіркелмеген.
Менингококк инфекциясы — Neisseria meningitidis бактериясы арқылы таралатын жедел инфекциялық ауру. Ол ауа-тамшы жолымен (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде) беріледі. Инкубациялық кезеңі 2–10 күн аралығында, көбіне 2–4 күн болады. Ауру жеңіл түрде назофарингиттен бастап, бірнеше сағатта өлімге әкелетін сепсиске дейін дамуы мүмкін.
Алғашқы белгілері кәдімгі тұмауға ұқсайды: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік. Бірақ ауру асқынған сайын мынадай симптомдар қосылады:
- Температураның 39°С-тан жоғары көтерілуі;
- Қатты бас ауруы;
- Құсудың пайда болуы (жүрек айнуынсыз);
- Денеде геморрагиялық бөртпелердің пайда болуы;
- Мойын бұлшықеттерінің қатайып қалуы;
- Ес-түсінің бұзылуы, шатасуы.
Әсел Қалықованың айтуынша, менингококк инфекциясы маусымдық сипатқа ие. Әдетте, аурудың өршуі күз-қыс айларында басталып, көктемге дейін жалғасады. Бұл кезеңде адам иммунитеті әлсіреп, ЖРВИ, тұмау секілді вирустық аурулармен күресу қабілеті төмендейді, сол арқылы менингококк та белсенді бола бастайды.
Ең жиі ауыратындар — 5 жасқа дейінгі балалар мен жастар. Себебі, бұл жас тобында иммундық жүйе толық қалыптаспаған немесе олар қоғамдық орындарда жиі болатындықтан, жұқтыру қаупі жоғары.
Алдын алу шаралары қарапайым, бірақ өте маңызды:
- Алғашқы белгілер пайда болғанда дәрігерге дереу қаралу қажет;
- Аурудың маусымдық кезеңінде адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға тырысыңыз;
- Мұрын-жұтқыншақтағы созылмалы ауруларды (фарингит, тонзиллит, ларингит) дер кезінде емдеу керек;
- Үй-жайды жиі желдетіп, күніне кемінде екі рет ылғалды тазалық жүргізу;
- Қолды жиі сабынмен жуу;
- Жеке гигиена заттарын, ыдысты бөлек пайдалану;
- Баланың емізігін ауызбен тазалауға болмайды;
- Тыныс жолдарының симптомдары байқалса, балаларды сүюден уақытша бас тарту қажет.
Сонымен қатар, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, таза ауада серуендеу және жалпы иммунитетті күшейту де маңызды қорғаныс шаралары болып табылады.
Менингококк инфекциясы — күрделі және қауіпті жұқпалы ауру. Алматыда биыл тіркелген 7 жағдай, оның ішінде 4-інің бала екендігі, бұл мәселеге ерекше назар аудару қажеттігін көрсетіп отыр. Әсіресе, ата-аналар мен тәрбиешілер аурудың алғашқы белгілерін дер кезінде танып, медициналық көмекке жүгінуді дағдыға айналдыруы тиіс.
Аурудың жылдам өрбитін сипатын ескере отырып, профилактикалық шараларды бұлжытпай орындау — әр адамның жауапкершілігі.