ffin.kz

Мексиканың тұйық жолы

Мексиканың тұйық жолы reuters.com

Бетбұрыс кезең түйткілдері қандай сабақ береді?


Еліміздің жалпы жағдайын байыпты бағалайтын болсақ, біз аса маңызды бетбұрыс дәуірінде тұрғанымыз анық. Соңғы жылдары мемлекет саяси және экономикалық реформаларды біртіндеп жүзеге асыру міндетін қойды. Бұны ерте, не кеш деп жатудан гөрі, оның қалай жүзеге асатыны және алдағы бағыты маңызды болуға тиіс. Мейлі қалай болса да даму, ол – мемлекеттің басты мақсаты. Ешбір ұлт өзі құрған мемлекеттің регреске кетуіне мақсатты жұмыс істемейді. Бірақ дамудың түрлі жолдары бар. Оның кейбірі қысқа мерзімде мемлекетті қарқынды дамытқан сыңайда болса да, түбі апарып біз қазір тап болған тығырыққа тірейтіні бар. Әлемдік тәжірибеде бұның мысалы жеткілікті. Гана, Мексика сынды елдерде көптеген тарихи құлшыныстар ел халқының әл-ауқатын көтеруде нәтиже бермеген. Сонымен, бұл елдерден, өзге де әлемдік тәжірибеден қандай сабақ алуға болады деген сауал ортаға шығады.


Гипотезалар шырмауынан шығу


Бұған дейін саясаткерлер, әлеуметтанушылар мен экономистер дамудың алғышарты ретінде ұсынған кейбір факторлар жаңа заманда күшін жойды. Айталық, даму үшін географиялық шарт-жағдай, климаттың жайлылығы, мәдениет пен тарих ұсынған артықшылық немесе ақыл-ой өлшемі, т.б. Міне, бұлар мемлекеттің экономикалық дамуындағы алғы шарт есебінде көрсетіліп келген. Әлеуметтану мен экономика ғылымының ең жаңа теориялары соның бәрі, шындап келгенде, гипотеза екенін көрсетіп отыр. Былайша айтқанда, бір мемлекеттің экономикалық дамуға жетуі, азаматтарының әл-ауқатының жақсы болуы мен болмауына жоғарыда аталған шарттардың ықпалы шамалы. Бұның арасында тіпті ұлттық менталитет те бар.


Әрине, менталитет демекші, кейбір елдерде жоғары өнімділікке бейім тұратын еңбек этикасы болуы мүмкін. Айталық, қытай, корей жұртында еңбексүйгіштік, қазақшалап айтқанда «тесікөкпе» табандылық ел дамуына өз ықпалын жасауы мүмкін. Әйткенмен, егер тура жолы таңдалмаса, оның бәрі жайғана өмірді сарп ету болар еді. Бірдей ұлттық менталитетке ие Тайвань мен материктік Қытайда, Оңтүстік пен Солтүстік Кореяда дамудың ұқсамаған деңгейі бар екенін білеміз.


Соған ұқсас, климат, географиялық орналасу сынды айырмашылықтар да пәлендей үлкен әсерге ие емес. Еуропа жұрты жайлы климат, қолайлы географиялық орналасуының нәтижесінде дамыған елдер қатарын қалыптастырған жоқ. Егер бұл артықшылықтар басты өлшем болатын болса, онда Батыс пен Шығыс Еуропадағы әлеуметтік жағдай, экономикалық өсім бірдей болуы керек еді. Сондықтан экономика мен әлеуметтану ғылымының жаңа көзқарастары қоғамға сіресе жабысқан бұндай гипотезалардан арылуға шақырады.


Мексиканың ұдайы тап келетін тұйық жолы


Егер Мексика жұртының тарихынан алып қарайтын болсақ, өзімен іргелес жатқан АҚШ-пен көп тарихы, географиялық ортақтықтарының бар екенін білеміз. Тіпті, қазіргі Мексика жерін еуропалықтар (испандар) қазіргі АҚШ-тан бір ғасыр бұрын отар ретінде аша бастаған еді. Бір дәуірде «ең өнімді» отарлық саясаттың бесігі болған Мексика ғасырлар бойы шикізаттық экспортқа ғана сүйенді. Бұндай экономикалық сүрлеу отарлық тарихты бастан өткерген барлық елдерде болды. Мексика 1810 жылы Испаниядан өз тәуелсіздігін алғанға дейін және одан кейін де кедейлік пен асқынған қылмыстық қоғамнан шығып кету үшін талай мәрте құлшыныс жасаған. Бірақ о баста дұрыс қалыптаспаған саяси институттар дамуға қолайлы экономикалық институттарға жұмыс істеткен жоқ. Керісінше, әу бастан жер иелерінің мүддесі, ірі капитал өкілдері ғана күшейіп, жалпы халық есебінен байытыла беретін жүйе барған сайын орнықты. Мексикада қаншама президенттер ауысты, қаншама билік алмасты. Халық қолымен билікке жеткен қаншама саясаткерлер болды. Соның бәрі тұтас жүйені шырмаған саяси институттарды өзгертуге емес, керісінше бояма реформаларға ғана бой ұрды. Бұл түптің түбінде Мексиканы ұдайы қайталана беретін тұйық жолға салды.


Бүгінде бір ғана шекара сызығы бөліп тұрған екі штаттар бірлестігінде, екі Америкада әлеуметтік жағдайдың жер мен көктей екі түрлі қырын көре аламыз. Мексика қазір мемлекеттің байлығына қарамастан, халқы ауыр кедейлікте және қылмысқа толы қоғамда өмір сүретін елге айналып отыр. Құрама Штаттардағы экономикалық өмірге азаматтарға теңдей мүмкіндік беретін жағдай ол елде жоқ. Осылайша бір шекараның екі жағында кейбір ұқсас халық та екі түрлі өмір сүру деңгейінде жасап жатыр. Бұл айырмашылықтың көзін қазіргі жағдайдан да, өткен ғасырдағы XIX немесе XVІI ғасырдағы тарихтан да таба аламыз. Қай кезеңді мысалға алсақ та, жауап біреу ғана – институционалдық айырмашылық. Яғни екі елдегі саяси және экономикалық институттардың екі түрлі жұмыс істеуі.


Әлеуметтік серпіліс дамуға күш береді


Мексика мысалы көрсеткендей, институционалдық айырмашылық даму деңгейін көрсетеді. Алайда, неге барлық елдер институттардың жұмысын өзгертіп, даму жолына түсіп кетпейді. Бұл сұрақтардың жауабы күрделі болса да қарапайымдап жеткізуге болады. Егер институттарды өзгерту қажет дейтін ортақ көзқарас қалыптаспаған жағдайда бұл ешқашан жүзеге аспайды. Айталық, Мексикада өзіне қолайлы, мол пайда алып келетін әрі жұмыс істеп тұрған институттарды өзгертуге саяси билікті бақылаушылардың ешбірі мүдделі емес. Керісінше, осы жүйені одан сайын кемелдендіріп, тіпті ауқымды бақылау жасауға күш салады.


Демек, осындай әлемдік мысалдар біздің қоғамға үлкен сабақ береді. Қазір мемлекеттің ең жоғары жағында басталып жатқан өзгерістердің түп мәнісін түсіну және оны дұрыс бағытта өрбуіне бақылаушылық ету қоғамның өз міндеті болып табылады. Сондықтан саяси және экономикалық институттардың жаңаша қалыптасуына деген ортақ әлеуметтік консунс қа лыпт астыру мемлекеттік дамуда қозғаушы жаңа күш болады.


«Аlmaty-akshamу» №107, 9 қыркүйек, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58