Алматыда заманауи цифрлы медицина орталығы жұмыс істей бастады. Бұдан былай қала тұрғындары Almaty Digital Medical Center (ADMC) базасында дәрігерден онлайн кеңес алып, үйден шықпай-ақ денсаулығын қашықтан бақылай алады.
Мұндай орталық Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Цифрландыру басқармасының қолдауымен құрылды. Мақсат – әрбір тұрғынға медициналық көмекті жылдам әрі қолжетімді ететін бірыңғай цифрлы экожүйе қалыптастыру.
Ол үшін 1312 бірыңғай байланыс орталығына хабарласу керек. Онда операторлар мен дәрігерлер шұғыл емес медициналық сұрақтар бойынша кеңес береді. Сонымен бірге дәрігерге жазылуға, дәріхана немесе зертхана табуға көмектеседі.

Бірінші желіде медициналық білімі бар мамандар, ал екінші желіде лицензиялы дәрігерлер қызмет етеді. Осындай қызметтің нәтижесінде емханада кезек азайып, дәрігерлер науқасқа көбірек уақыт бөле алады.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылғы қазан айының өзінде ғана орталыққа 50 мыңнан астам өтініш түскен. Әсіресе жүкті әйелдерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Жүйе ай сайын 3 200-ден астам пациентті бақылауда ұстайды. Ал босанудан кейінгі бақылау көрсеткіші 28%-дан 81%-ға өсіп отыр.
Төрт айда орталықтағылар 362 адамға шұғыл көмек қажет екенін анықтап, тиісті көмек көрсетті. Цифрлы бақылаудың арқасында созылмалы ауруы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету 27%-дан 48%-ға дейін өсті.
Цифрлы денсаулық сақтау алматылықтарға медициналық көмек көрсету қызметінің жылдамдығы мен сапасын арттырады.
Әлемдік тәжірибе
Әлемде, әсіресе дамыған елдерде цифрлы медицина ұзақ уақыттан бері дамып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) телемедицина үшін бірыңғай нұсқаулықтар әзірледі. Оларды COVID-19 кезінде 100-ден астам ел қолданды. Мысалы, Қытайда интернет-ауруханалар құрылды: қашықтан УДЗ (Ультрадыбыстық зерттеу) және КТ жүргізу мүмкін болды. Маман жетіспейтін ауыл үшін мұндай қызметтің маңызы зор. Коронавирус індеті кезінде 68 миллионнан астам адам дәрігер кеңесін онлайн әдіспен алды. Айта кетейік, АҚШ-та телемедицина нарығы 2024 жылға қарай 100 миллиард долларға жетті. Нарық кеңейіп келеді.
COVID-19 пандемиясы кезінде Алматыда Телемедицина орталығы (TMC) құрылды. Ол қаладағы 60-тан астам медициналық мекемеге қосылды. 2021–2022 жылдары 174 мыңнан астам науқас қашықтан бақыланды. Соның арқасында ауруханаға түсетін адам біршама азайтты. Орталық электронды базаны пайдалана отырып, науқастардың жағдайын бақылайды және мамандарға кеңес берді.
2025 жылдан бастап санитарлық кітапшалар мен медициналық анықтамалар толық цифрлық форматқа көшіп жатыр. Ол eGov мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Соның көмегімен құжаттарды бірнеше ұйымға бірден ұсынуға мүмкіндік бар. Алматыдағы барлық емхана жүйеге қосылған уақытта өтініштерді толық бақылауға алуға болады.
Алматыдағы цифрлы медицина – Қазақстанның денсаулық сақтау реформасының жарқын үлгісі, ол әлемдік тәжірибеден сабақ алады. Мұндай жобалар науқастардың өмірін жеңілдетіп, ресурс үнемдейді. Әлемнің озық елдерінен үйрену арқылы Алматы да телемедицинаға толық көшуі мүмкін. Бұл қызметтің дамуы жалпы өмір сапасын жақсартады.