Адам баласының жүрегінде бір шырақ бар. Ол – арман. Сол шырақ сөнбесе, адам адаспайды; сол шырақ жанса, жол табылады. Өнер адамының ғұмыры – сол арманның жетегінде өткен тағдыр. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының он жылдық мерейтойы қарсаңында осындай арманын ақиқатқа айналдырған жандардың бірі – Мухаметқалиева Марал Анарбекқызы, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Марал Анарбекқызы 1979 жылы 12 қазанда Алматы облысы, Сарқант ауданы Көкжиде ауылында дүниеге келген. Қазақы тәрбиені бойына сіңіріп өскен ол, жастайынан сөз өнеріне, сахна мәдениетіне ерекше ықылас танытты. 1994–1997 жылдары Алматы қаласындағы Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде көркем сөз оқу шебері мамандығын меңгеріп, сахна тілінің нәзік иірімдерін игерді. Бұл – оның өнерге апарар алғашқы баспалдағы еді.
Білімін жетілдіру жолында ол тоқтаған жоқ. 2014 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кино және телевизия саласы бойынша продюсер-режиссер мамандығын игеріп, шығармашылық көкжиегін кеңейтті. Сол жылы педагогика және психология бағытында магистрлік диссертация қорғап, өнер мен білімді қатар ұштастырған жан-жақты тұлға ретінде қалыптасты.
Еңбек жолын 1997 жылы «Қазақконцерт» концерттік бірлестігінде концерт жүргізуші, конферансье ретінде бастаған Марал Анарбекқызы сахна мәдениетінің қыр-сырын терең меңгеріп, көрерменмен тіл табысудың шеберіне айналды. Осы жылдар ішінде ол тек жүргізуші ғана емес, өнердің жанашыры, сахнаның шынайы қызметшісі ретінде танылды. Көптеген республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып, 1999 жылы О. Бөкейхан атындағы көркем сөз оқу шеберлері байқауының, 2005 жылы «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды.
Оның шығармашылығы поэзиямен де астасып жатыр. Мұқағали Мақатаевтың мерейтойларына арналған «Шын ғашықпын», «Бір күндік сәуле» атты поэтикалық-драмалық кештері – көрермен жүрегіне жеткен рухани дүниелер. Сонымен қатар, қазақ өнерінің алыптары – Роза Бағланова, Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова сынды тұлғалармен бір сахнада қатар еңбек етуі – оның өнердегі жолының салмақтылығын айқындайды.
Ал 2016 жылдан бастап Марал Анарбекқызы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының құрамына қосылып, жаңа бір шығармашылық кезеңді бастады. Театр сахнасы оған тек жүргізуші емес, актриса ретінде де танылуға мүмкіндік берді. «Абай–Тоғжан» қойылымындағы Ділданың жеңгесі, «Ән Мұхиттағы» бәйбіше, «Қамауда қалған арман» қойылымындағы Жазира бейнелері арқылы ол сахнадағы табиғилығын, шынайы сезімін көрсете білді. Ал «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық кешінің сценарийін құрастыруы – оның шығармашылық ізденісінің тағы бір қыры.
Марал Анарбекқызының өнер жолындағы ең бір сәулелі, жүрекке жылы тұстары – бала күнгі қиялы мен сол қиялдың шындыққа айналған сәттері. Бала көңілдің түбінде жатқан бір нәзік арман бар еді: сахнаға шығу, ел алдына сөз айту, өнердің ортасында жүру. Ол арман әуелде әлсіз шырақтай ғана көрінгенімен, уақыт өте келе жүрек түкпірінде маздаған алауға айналды.
Мектеп қабырғасында жүрген күндердің өзінде-ақ ол сахнаға ғашық еді. Теледидардан көрген әрбір жүргізушінің сөз саптауы, қимылы, дауыс ырғағы – бәрі де оның жан дүниесіне өшпестей із қалдырды. Ол жай ғана көрермен болып қалмай, көргенін көңіліне тоқып, айна алдында қайталап, өз болмысын өнерге бейімдей бастады. Бұл – ойын емес, бұл – жүрек қалауы еді.
Бір күні ауылға қазақтың бұлбұл үні, сахнаның саңлағы Роза Бағланова келді. Сол күн – кішкентай Маралдың жүрегінде мәңгіге сақталған ерекше сәт. Халықтың арасынан қысылып өтіп, алдыңғы қатарға жетіп, орын таппаған соң жерде отырып тамашалаған сол концерт – оның тағдырын үнсіз өзгерткен бір мезет еді. Ол сол сәтте әннің әуезін емес, өнердің биігін көрді; сөздің мағынасын емес, сахнаның қасиетін сезінді. Бала жүрек сол күні алғаш рет үлкен арманды арқалады: «Мен де осы сахнаның бір шетінде жүрсем екен...»
Уақыт өз арнасымен жылжыды. Бірақ сол бір бала арман көмескі тартпады, қайта күн өткен сайын айқындалып, биіктей берді. Арман жетеледі, үміт жетектеді. Ол Алматыға келді, білім алды, өнердің есігін қақты. Ең бастысы – өз жүрегіндегі дауысқа сенді. Көп ұзамай тағдырдың өзі оны бала күнгі таңданысқа толы сол сахна иесімен қайта табыстырды: Роза Бағланова еңбек еткен ортада қызмет атқарып, алғашқы гастрольдік сапарын сол кісімен бірге бастау бақыты бұйырды. Бұл – кездейсоқтық емес, бұл – үзілмеген үміттің, талмай ізденген еңбектің, шын сенімнің жемісі еді.
Театрға деген аңсар да осылай ақиқатқа айналды. Алғашқы кезде шығармашылық құрамның аздығы оны сан түрлі рөлге жетеледі. Бірде басты кейіпкер, бірде қосалқы бейне, енді бірде көпшілік сахнаның қатарында жүріп, ол сахнаның әр тынысын, әр қадамын жүрегімен сезінді. Уақыт өте театр кеңейді, жас таланттар келді, сахна толысты. Бірақ сол алғашқы ізденіс пен шынайы еңбек Маралдың орнын бекем етті – ол осы сахнаның төл перзентіне айналды.
Ерекше бір қыры – оның массовкаға деген ықыласы. Көпшілік елемейтін, бірақ сахнаның тынысын ашатын осы бір бөлікті ол ерекше сүйеді. Рөлі бола тұра, сахна сыртына жүгіріп барып, басқа кейіпке еніп, қайтадан көпшілік құрамында сахнаға шығуы – оның өнерге деген адалдығының айғағы. Ол үшін сахнаның үлкен-кішісі жоқ, әрбір сәт – өнер, әрбір қадам – тағылым. Өзі айтқандай, дәл осы көпшілік сахна оның ішкі талантын оятып, бойындағы актерлік қуатты жарыққа шығарған.
Бұл жол – тек арманның ғана емес, тынымсыз еңбектің жолы. Көңілде туған бір сәуле өздігінен жанып кетпейді, оны үрлеп, өшірмей, алауға айналдыру – адамның өз қолында. Марал Анарбекқызы сол сәулені өшірмеді, қайта жандырып, өмір жолының шамшырағына айналдырды.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының он жылдық мерейтойы – осындай тағдырлардың тоғысқан, армандардың ақиқатқа айналған тұсы. Бұл – сахнаға деген сүйіспеншіліктің, еңбекке деген адалдықтың жеңісі.
Ендеше, адам баласы арманнан қорықпауы керек. Себебі шын жүректен туған арман – уақыттың тезінен өтіп, тағдырдың төрінен орын алады. Арман – алдамайды, тек соған жетер жолда адал болуды талап етеді.