Алматының төрінен орын тепкен ақ күмбезді Қазақ мемлекеттік циркі үшін өткен 2023 жыл толайым жемісті болды. Нақтырақ айтсақ, сүйікті циркіміздің жұлдызы араға 30 жыл салып қайта жарқырады. Иә, Алматы циркі былтыр Орталық Азиядағы дәстүрлі гастрольдік сапарларына оралды. Сондай-ақ бірнеше халықаралық фестивальде бой көрсетті. Бүгінгі тарқататын тақырыбымыз осы төңіректе болмақ.
ӨНЕРДІҢ ЕЛШІСІ
Цирк – бұл балдырғандардың жүрегін қуанышқа толтыратын, ал ата-аналарына балалық шаққа саяхаттауға мүмкіндік беретін, екі тарапқа да жылылық, шабыт сыйлайтын, аппақ армандарға жетелейтін ерекше сиқырлы әлем. Иә, цирк аренасындағы артистердің әр өнеріне шаттана, енді бірде демдерін ішіне тарта таңдана қол соққан өрендердің жарқын жүзін көргенде, өзіміз де, яғни ересектер де балалық шағымызға бір сәт саяхат жасап қайтатынымыз бар.
Өткен жазда, дәлірек айтсақ 26-30 шілде аралығында Алматы шаһарында тұңғыш рет, халықаралық деңгейдегі орнымызды белгілеу, мәдени байланысымызды нығайту, отандық цирк өнерінің мәртебесін көтеру мақсатында ALMATY CIRCUS FESTIVAL І Халықаралық цирк өнерінің фестивалі салтанат құрды. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған айтулы цирк думанында Қазақстан, Германия, Вьетнам, Эфиопия, Мәскеу, Якутия, Украина, Беларусь, Ресей, Ұлыбритания, Литва, Чехия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен қатысқан бас-аяғы 80 артист Алматы циркі күмбезінің астына жиналып, түрлі жанрда 24 нөмір ұсынды. Фестиваль қатысушыларының өнерін әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ең мықты қазылар алқасы бағалады. Фестивальде отандық және шетелдік цирк өнерінің майталмандары, нақтырақ айтсақ, эквилибристер, акробаттар, арқанмен жүрушілер, клоундар мен жонглерлер өнер көрсетіп, алматылықтар мен қала қонақтарының қошеметіне бөленді.
Қазақ цирк өнерін насихаттау, дамыту, отандық цирк ұжымының халықаралық деңгейдегі мәдени қатынасын нығайту мақсатын көздеген фестиваль сол үдеден шыққан секілді. Олай дейтініміз, күні кеше бізге келген шетелдік сарапшылар жылы лебіздерін білдіріп, жоғары баға беріп кетті. Мәселен, осы фестивальдің қоюшы-режиссері, Удмурт Республикасының Халық артисі және «Росгосцирктің» бас режиссері Елена Петрикова: «Фестиваль кезінде цирк әлемінің ең заманауи әрі үздік жетістіктері Қазақ мемлекеттік циркін бұрын соңды болмаған думанға бөледі. Цирк манежі фестивальдің барлық қатысушылары мен қонақтары үшін достық қарым-қатынас орнына, танысып, білісу алаңына, елдер мен артистер арасындағы келешегі бар байланыс орнату ордасына айналады деп сеніммен айта аламын», – деген болатын.
Ал «Морган мен Рокси» әуе дуэтінің (Ұлыбритания) гимнасты Морган Барбур: «Бізді Қазақстан өте жылы қарсы алды. Барлық адам бізге өте мейірімді көрінді. Бұл алыстан, бөтен елден келіп тұрған біз секілді қонақтың жүрегіне жылылық орнатты. Бұл фестиваль тек цирк нөмірлерін көрсету ғана емес, сонымен қатар қатысушы елдер арасындағы өзара мәдени алмасу деп білемін. Осы фестивальден соң бәріміз Қазақ циркінің елшісі боламыз», – деді ыстық ықыласын білдіріп.
Алматы циркінің басшылығы фестиваль аясында шетелдік әріптестеріне арнайы турлар ұйымдастырды.
– Олар Алматының сұлулығын өз көздерімен көрді, таңданды, біз үшін қуана қол соқты. Бізде әлемдік цирк ғимараттарымен иық түйістіре алатын әдемі де еңселі цирк барын көрді. Мәселен, Монте-Карла 46 жыл болды фестиваль өткізіп жатқанына. Оларда біздікіндей ғимарат жоқ, олар палатканың ішінде жасап жүр. Бірақ Монте-Карла деген атауды естісе, әлем біледі. Кішкентай ғана қала. Ал біздің шаһар үлкен, жасыл қала, табиғаты ғажап! Бірақ көп ел біле бермейді. Сондықтан қаланы цирк мәдениеті һәм өнері арқылы әлемдегі орнын көрсету керек. Иә, бұл тың жобамыздың Алматы қаласы үшін халықаралық деңгейде мәдени байланыс орнатып, мегаполисті дамытуға жол ашатыны сөзсіз, – дейді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.
МЕРЕЙІ ҮСТЕМ
ALMATY CIRCUS FESTIVAL І Халықаралық цирк өнерінің фестивалінде қазақстандық атты-акробатикалық Nomad тобы (жетекшісі Қанатбек Күнғожинов) оза шауып, гран-приді қанжығасына байлады. Бұл фестивальді өткізген бізге құрмет ретінде беріле салған жүлде емес, шын мәнінде 24 нөмірдің ішінде Nomad тобының арулары үздік өнер көрсетті. Халықаралық Netflix, HBO жобаларының қатысушысы, каскадерлік өнердің әлемдік жұлдызы саналатын отандық топтың ат үстінде ұршыққа иірілген қыздары көрермендерін таңдай қақтырды. Олар ат үстіне еркін қарғып мініп, үстінде де, бауырында да еш сақтандырусыз түрлі трюктер жасады. Олар бізге ұлы даланың кешегі өршіл де қайсар жауынгер қыздарын елестеткендей болды. Бұл орайда фестивальге қатысушы меймандардың бірі Роман Романовтың өзі де: «Қазақстандық артистердің дайындығы өте керемет екенін байқадым. Көрсеткен нөмірлері таңқалдырады. Қыздар да қайсар екен. Түрлі әдіс-тәсілдер қолданғанда өзім қорқып кетіп, мен де көзімді жұмып алған сәттерім болды», – деген болатын.
– Еуропадан келетін қазылар алқасын озық техника, жарқ-жұрқ еткен эффект немесе даңғаза музыкамен таңқалдыра алмайсыз. Оларға қазақтың этно, салт-дәстүрі қызығырақ. Сондықтан бұл фестивальге Nomad атты-акробатикалық тобын қатыстырғанымыз оң шешім болды. Ат үстінде өнер көрсету – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Олар қазақтың өзіндік өрнегін, ұлттық калоритін, болмыс-бітімін паш ете білді. Сөйтіп шетелдіктер алдында мерейімізді тағы бір аспандатып тастады, – дейді Мақсат Жайықов.
БІЗГЕ ӘЛЕМНІҢ ЕСІГІ АШЫҚ
Сөзіміздің басында айтып кеткендей, өткен жылғы ең айтулы жаңалықтардың бірі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы 35 жылдан кейін Орталық Азияда гастрольдік іс-шараларын қайта жаңғыртты. Атап айтар болсақ, Алматы артистері 16 қыркүйек пен 23 қазан аралығында Тәжікстанның Душанбе қаласында «Әлем күмбезі астындағы цирк» атауымен өткен гастрольдік турға қатысып, елге абыроймен оралды. Отандық жұлдыздар көрермендеріне түрлі жанрда 5 шоу-бағдарлама ұсынып, оны душанбелік 7500 тұрғын тамашалаған.
Алматы циркі сол сапардан соң, 21 қазан мен 19 қараша аралығында Грузияның Тбилиси қаласында өнер көрсетті. «Бейбітшілік күмбезі» деп аталған бағдарламамыз да көрермендерін мол әсерге бөлегені анық.
Міне, Қазақ мемлекеттік циркі Алматы қаласы әкімдігінің үлкен қолдауымен халықаралық деңгейдегі өз орнын шегелей бастады. Қазақ циркінің даңқы енді Азия асып, Еуропа төріне жетуде.
Былтыр 14-17 қыркүйек аралығында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында II Халықаралық цирк фестивалі өтіп, оған Алматы циркінің Hassak тобы (жетекшісі Әділет Тиканов) қатысып, жүлдемен оралды. «Қос мачтадағы акробаттар» «Томирис» қойылымын ұсынып, онда цирктің күрделі трюктерімен бірге ұлттық музыканы, тарихымыз бен дәстүрімізді көрсетіп, 19 елдің ішінен суырылып шығып, қола жүлде иеленді. Бұған дейін де «Hassak» тобының Астанада өткен «Азия жаңғырығы» XlV Халықаралық цирк өнері фестивалінде де жұлдызы жанып, әлемнің 11 мемлекетінен (Монако, Франция және ТМД елдерінен) келген Халықаралық қазылар алқасының алдында өнер көрсетіп, алтыннан алқа таққан болатын. Ал Майя Ұлықпанова әріптесіміз қола жүлдегер атанды. Айтпақшы, былтыр жазда өз шаһарымызда салтанат құрған Almaty circus festival-да Hassak командасының кеудесінде күміс медаль жарқырады.
19-22 қазан аралығында Саратов қаласында (Ресей) өткен lX Халықаралық «Цирк ханшайымы-2023» фестиваліне 13 мемлекет және 146 өнерпаз қатысып, нәтижесінде әлемдік доданың күміс тәжін «Жаңбырда ұшқан» қойылымымын Марина Стародубова мен Даяна Жетпісова (жетекшілері Құрманғали Досбатыров) киді.
8-10 желтоқсан аралығында Тула қаласында (Ресей) өткен «Әлем тілінде» атты Халықаралық балалар циркі фестиваліне де жол салдық. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен балалар қатысқан доданың Бас жүлдесін Алматы циркінің артисі Таисия Демидова қанжығалап, мерейімізді тағы бір аспандатты.
Бұдан өзге, жыл сайын Қазақ мемлекеттік циркінің артистері Монте Карлода, Жирона, Қытай еліне және әлемнің тағы басқа мемлекеттеріне сапарлап, өнер көрсетеді. Мәселен, былтырдан бері цирктің бір топ артисі біржылдық келісімшартпен Англияда өнер көрсетіп жүр. Бұл да толағай табыс.
«Фестивальге қатысып келді» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізіп отырған гастрольдік сапарлардың түпкі негізінде артистердің таңдана қол соғып отырған көрермендерге көрінбейтін шүмектеп аққан маңдай тері, күні-түні жаттыққан жанкештілікке толы сағаттары және ешқандай сақтандырусыз қауіпті жағдайда өнер көрсеткен минуттары жатыр!
– Цирк асқан жанкештілікті, ұшан-теңіз, өлшеусіз еңбекті талап ететін өте нәзік өнер. Тіпті, манежге шығатын артистердің басын бәйгеге, ажалға тігіп, көзсіз батырлыққа баратыны да жасырын емес. Бұл өнерде қателесуге болмайды. Мұнда кинодағыдай екінші, үшінші дубль деген жоқ. Цирк – тәуекелшілдер мекені. Сондықтан цирк – жасандылықтан ада, шынайы өнер. Ал оларды осыншалықты құрбандыққа жетелейтін, сөзсіз цирк өнеріне деген шексіз сүйіспеншілік, махаббат. Мен өз ісін сүйетін әріптестерімді әрдайым мақтан тұтамын, – дейді М.Жайықов.
КӨРМЕ ДЕ КӨЗ ҚУАНТТЫ
Қазақ мемлекеттік циркі биылғы жылды да сәтті бастады. Жуырда Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен, Будапештте өткен XV Халықаралық цирк фестивалі аясында ұйымдастырылған «Цирктің ғажайып әлемі» халықаралық көрмесінде бой көрсетті. Бұл айтарлықтай үлкен мәртебе болды. Себебі, бұрын-соңды мұндай көрмелерге қатысып көрмеген Алматы циркі Bouglione (Франция), Krone, Roncalli (Германия), Ю.Никуллин циркі (Ресей), CEDAC, Medrano (Италия), Г.Цинизелли атындағы цирк (Санкт-Петербург), Budapest (Венгрия) сияқты әлемдік деңгейдегі ең танымал цирктермен иық түйістіре тең, қатар тұрып, көрермендеріне Қазақ циркінің жарты ғасырлық тарихын, атап айтсақ, тарих беттеріне қатталған фотоматериалдарды, цирктік көне костюмдерді, сондай-ақ қазақ цирк өнерінің жүріп өткен жолдарынан сыр шертетін кітаптар мен марапаттарын, естелік афишаларын ұсынды. Көрме шеңберінде 12 мемлекет цирк өнерін дамыту туралы Меморандумға қол қойды. Бұл Меморандум Алматы циркіне өзге мемлекеттермен мәдени һәм рухани достықты нығайтуға, іскерлік ынтымақтастықты тереңдетуге, әлемдік сипаттағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге, заманауи жаңа форматта тың шешімдер қабылдауға жол ашары сөзсіз. Яғни цирк көкжиегі одан әрі кеңейе түсті. Айтпақшы, айтулы көрмеге Қазақстан Республикасының Венгриядағы Өкілетті елшісі Жәнібек Әбдірашевтің қатысқаны да бір мерей болғаны рас.
– Қазақ мемлекеттік циркі республикалық және халықаралық бағыттағы биылғы жоспарын да жұптап қойды. Көрермендеріміз үшін таңғажайып нөмірлердің дайындығына кірісіп те кеттік. Биыл бізді Испания, Италия, Монте Карло, Ресей арнайы шақырып отыр. Сондай-ақ, былтыр тұңғыш рет өткізген ALMATY CIRCUS FESTIVAL Халықаралық цирк өнері фестивалін екінші мәрте өткізгелі отырмыз. Яғни біздің Қазақ циркінің ақ күмбезі астында өнер көрсетуге ынталы мемлекеттер қатары артып келеді. Айтулы фестивальдің біздің визит-картамызға айналатынына сенеміз.
Біздің тағы бір елеулі табысымыз – екі жылдан бері «Ашық аспан астындағы цирк» шоуын ұйымдастырып келеміз. Цирк манежінде өнер көрсетуге керекті тиісті құрал-жабдықтар міндетті түрде сақадай сай тұрады. Ал ашық аспан астында өнер көрсету артистерге оңай емес. Өйткені, ашық далада қажетті құрылғылардың бәрі бола бермейді. Соған қарамастан биыл да біздің өнерді жүрегімен сүйетін жанкешті артистеріміз бұл шоуды жалғастырады.
Сонымен қатар, биыл шапито циркін қолға алып отырмыз. Енді еліміздің шалғайда жатқан жұртшылығы шапитоны тамашалайтын болады.
Егер байқасаңыз, цирк қойылымдарының билет құны аса қымбат емес. Алайда, ондағы өнердің бағасы қымбат. Сондықтан қазақ циркінің тың жаңалықтарын көп болып қолдап, мәртебесін бірге асқақтайық дегім келеді, – деді сөзін түйіндеген Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.