Алматы технологиялық университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары студент жастармен, оқытушы профессорлармен, қоғам белсенділерімен және журналистермен, т.б. кездесті. Жиында «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты Қазбек Иса сөз алды. Кездесуді оқу орнының Бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов жүргізіп отырды.
Шарада коллекторлық компаниялардың мәселесі, несие, қаңтар оқиғасы және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы мәселелер сөз болды.
Азат ПЕРУАШЕВ,
«Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасап жатқан бастамалары айқын. Біз елдің жағдайын жақсартайық десек, саяси өзгеріс қажет. Кешегі қаңтар оқиғасы бәрімізге сабақ болды. Осындай сындарлы шақта бәріміз бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай тірлік етуіміз керек. Барлығымыз жұдырықтай жұмылып, елді өркендетуге атсалысайық. Егер өзімізді өзіміз қолдамасақ, демемесек, біздің тыныштығымыз басқаларға қажет емес. Бұл елдің тағдыры өзіміздің қолымызда. Сондықтан бұлғақ кезінде қате басып қалған қаракөздерімізге кешіріммен қарауымыз керек сияқты. Шалыс басқандарын өздері де айтуда. Біз бұл жөнінде екі рет депутаттық сауал жолдадық. Мемлекетіміздің болашағы - жастардың қолдында. Бірлікті сақтайық! Елімізді дамытайық!
Қазбек ИСА,
Мәжіліс депутаты:
Біз үшін білім, оның ішінде технологиялық білім маңызды. Өзіміз де технологиялық университеттің қабырғасында кездесіп отырмыз. Енді қаңтар оқиғасы туралы айтпай өте алмаймыз. Түрмелерде қамалған жастармен кездестік. Кезекші полиция бәрі жақсы екенін айтады. Бірақ тізіліп тұрған жастардың көзінен құтқарушылар келгендей үміт сәулесін көрдік. Қолдан келгенше олардың мәселесін шешуге тырысудамыз. Бұл жастар - негізінен ауылдан келгендер. Аяқтарына кигені крассовка. Осыдан-ақ олардың әлеуметтік жағдайды түсінуге болады. Бүлікші, содырдан бейбіт жастарды ажырата білуіміз керек. Елді мекеннен келген жас өрендер үшін қалада қазақ тілі жарай қоймайды. Сондықтан мемлекеттік тіл тұғырына қонбай, іс өнбейді. Біртіндеп аталған мәселелер іске асады деген үміттеміз. Осы бағытта барша қоғам үлес қосқаны абзал. Еліміз аман болсын!
Бауыржан НҰРАХМЕТОВ,
Алматы технологиялық университетінің Бірінші проректоры:
Қастерлі Отанымызда үлкен өзгерістер болып жатыр. Әр тарихи кезеңнің өзіндік жаңару жолы болады. Біз жастармен тікелей жұмыс істейміз. Оқу ордамызда техникалық бағытта мамандар даярланады. Олардың көбісі жемісті қызмет етіп жүр. Еліміздің депутаттары университетімізде жастармен, оқытушылармен, т.б жүздесіп отыр. Біздің студенттер өздерінің белсенділігін танытып, әртүрлі тақырыпта сауалдарын жолдады. Жалпы, Қазақстан қоғамын өркениетке бастайтын жастар. Ендеше болашағымыз тәрбиелі, білімді де білікті жастардың қолында болады деп сенеміз.