Жұбайлық жарасым әліппесі
Махаббатты әркім әртүрлі қабылдайтындықтан, некедегі сүйіспеншілікті сақтап қалу мейлінше қиын. Өмірлік серігіміздің осынау асыл сезімді қалай түсінетінін білмесек, шаңырақ шаттығына бұлт үйірілуі ғажап емес...
Бас құрап, отау тіккенге дейін, әдетте, бәрі керемет! Сүйіктіңді бір сәт көрмесең, бүкіл өмірің тоқтап қалғандай, ал қарсы алдыңнан шыға келсе бітті, айналаң тегіс жайнап, жарқырап, көңілің тасып қоя береді. «Ертең не болады?» деп ойламайсың. Бақыттан басың айналып, сезімге мас болғаның сонша, тап осы сәтті тапжылмай тұрып қалардай көресің. Өкінішке қарай, тіпті де олай емес. Бақытың үшін күресудің соңғы нүктесі тұрмыс құрумен шектелмейтінін отбасы болғаннан кейін анық түсіне бастайсың...
Жолы болмаған жігіттің жан сыры
... Үйленгеннен кейін махаббат қайда кетеді? Білесіз бе, мен өмірімде үш рет үйлендім. Барлық кезде де үйленгенге дейін бәрі тамаша болды. Бірақ отбасылық өмір басталғаннан кейін-ақ, неге екенін, бәрі бүлінді. Менің оған деген, оның маған деген махаббатының бәрі буға айналып жүре берді. Бірінші некем шамамен он жылға созылды, екіншісі үш жылдан аспады, ал үшінші некем алты жылдың айналасында сыр берді. Бірінші некемде үш-төрт жыл жап-жақсы тұрдым. Бірақ дүниеге бала келген бойда әйелімнің бүкіл ынта-ықыласы соған ауып кетті де, мені елемеуге айналды. Былай қарағанда, оның бар мақсаты – бала сүю ғана сияқты болып көрінді. Ал нәресте өмірге келісімен, мен керексіз болып қалдым. Осыны айтқанымда әйелім: «Есің дұрыс емес, күні-түні бала бағудың қандай қиын екенін түсінбейсің. Қайдағы жоқты айтқанша, маған көмектеспейсің бе?!» деп өзімді кінәлады. Мен көмектесуге тырыстым да, бірақ одан ештеңе өзгермеді. Арамыз алыстаған үстіне алыстай берді, біраз уақыттан кейін сезім атаулыдан тіпті ештеңе қалған жоқ. Екеуміз де ажырасқанды жөн көрдік.
Екінші некем о бастан дұрыс болмады. Не болып, не қойғанын өзім түсінбей де қалдым. Біз бір-бірімізді шын сүйеміз деп ойлағанбыз. Бірақ бал айының өзін ұрыс-керіссіз өткізе алмадық. Бірге тұрған үш жылымыз үш ғасырға татитындай тозақта өтті.
Ал үшінші рет үйленгенде бәрі тамаша болады деп ойладым. Оның алдында екеуміз екі жылдай кездесіп жүрдік. Сол кезде өмірімде бірінші рет біреуді сүю дегеннің не екенін түсінгендей болғам. Оның да мені сүйетінін сезгем. Үйленген соң өзгеріп кеттім деп ойламаймын. Отбасы болғаннан кейін де оны бұрынғыдай сүйдім, үнемі қолпаштап отыруға, сүйетінімді айтып, сезімімді жасырмауға тырыстым. Әйтсе де бас қосқанымызға бірнеше ай өтісімен-ақ күңкіл сөз көбейді. Әуелде «қоқысты шығармадың», «киіміңді орнына ілмедің» деген сияқты ұсақ-түйектен бастады да, бара-бара «мені алдап жүрсің», «шыныңды айпайсың» деп мінез-құлқыма наразылық білдіруге көшті. Тұрмысқа шыққанға дейін ешқашан жағымсыз мінезі болған емес еді, тіпті бұрын-соңды көрген адамдарымның ішіндегі оңдысы сол болатын. Ешқашан ештеңеге шағым айтпайтын. Мен не істесем де оған бәрі керемет болып көрінетін. Ал қалай үйлендік, солай – мен қолынан «түк келмейтін» біреу болып шыға келдім. Біртіндеп көңілім қала берді де ақырында сынына төзуді қойдым. Бұдан әрі бірге тұрудың мүмкін еместігін екеуміз де түсініп, әрқайсымыз өз жолымызбен кеттік.
Содан бері әлі ой үстіндемін: шынымен де, үйленгеннен кейінгі уақытта махаббат қайда қалады? Жұрттың бәрінің жағдайы менікіндей ме? Елімізде ажырасудың көп болатыны осыдан емес пе екен? Ал отбасын сақтап қалатындар амалсыз тұра ма әлде кейбір некелерде махаббат шынымен де сақталып қала ма? Олай болса, қалайша?..
Махаббаттың негізгі тілі әркімде әртүрлі
Некеге қатысты мәселелер мен отбасындағы ахуалды жақсартудың қыр-сырын зерттеген білікті маман Гери Чепмен жоғарыдағы азаматтың біз тілге тиек еткен әңгімесін тыңдай келе, жағдайды былай таразылаған екен: «Махаббат қайда кетеді?» деген бұл сұрақ – бүгінде үйленгені бар, ажырасқаны бар, мыңдаған адамдарды толғандырып жүрген мәселе. Бұл жөнінде біреулер достарымен кеңессе, келесі біреулері психолог мамандар мен дін қызметшілерінен, тағы біреулері өз-өздерінен сұрайды. Жауаптар кейде психологиялық терминдер түрінде болып, түсінікке ауыр соқса, кейде әзіл-қалжың арқылы жетеді. Қай-қайсысында да шындықтың ұшқыны бар болғанымен, оның бәрі – қатерлі ісікпен ауырған адамға аспирин бергенмен пара-пар.
«Некеде таңғажайып махаббат салтанат құрса» деген тілек бәріміздің ой-санамызға мықтап орнығып қалған. Танымал журналдардың бәрі дерліктей әрбір санында некедегі өзара сүйіспеншілікті қалай сақтап қалуға болатынын жазады. Бұл тақырыпта кітап та көп. Радио-телеарналардағы ток-шоулар да осы туралы әңгіме қозғап жатады. Некедегі махаббатты сақтап қалу – өте маңызды іс. Ал кітаптар мен журналдардың, нақты көмек пен ақыл-кеңес берушілердің жетіп-артылатынына қарамастан, үйленгеннен кейін махаббатын сақтап қалу тек санаулы ғана жұптардың қолынан келетіні несі? Талай отбасы дұрыс қарым-қатынас жасауды үйрену шеберханасына барады, мамандардың кеңесіне жүгінеді, алайда үйіне келгенде сырттан көрген-білген, үйренген үлгілерін қолдануға мүлде қабілетсіз екенін байқайды. Яғни журналдардан «Екінші жартыңызға өз сезіміңізді білдірудің 101 тәсілі» атты мақаланы оқып, өзімізге анағұрлым сәйкестеу 2-3 қағиданы таңдап, қолданып көреміз, ал жұбайымыз мұнымызды тіпті аңғармайды да. Сөйтіп, қалған 98 тәсілді жайына қалдырамыз да, күнделікті тіршілігімізге көшеміз.
Егер сезіміміз жауапсыз қалмасын десек, жұбайымыздың махаббатының негізгі тілін меңгеруге тиіспіз. Бұл ретте, осы сұрақтарды қаузайтын кітаптар мен мақалалардың сізге көмектесе қоюы неғайбыл. Мұндағы мәселе – біздің аса маңызды жайтты, яғни әркімнің өз махаббатын білдіру түрі әртүрлі екендігін ұмыт қалдырғанымыз.
Лингвистика тұрғысынан алғанда, жапон, қытай, испан, ағылшын, грек, неміс, француз сияқты басқа да бірнеше негізгі тілдер бар. Көпшілігіміз өз ата-анамыз бен жақын туыстарымыз сөйлейтін тілді меңгереміз. Сол тіл біздің негізгі немесе ана тіліміз болып есептеледі. Кейінірек басқа да тілдерді үйренуіміз мүмкін, бірақ ол бізден қосымша күш жұмсауды талап етеді. Ол тілдер біздің екінші тілімізге айналады. Бірақ бәрінен де өз тілімізде жақсы сөйлейміз, оны бәрінен жақсы түсінеміз. Сол тілде сөйлесек, бізге анағұрлым жайлы болады. Ал екінші тілді неғұрлым көбірек пайдалансақ, оны қолдана отырып, өзімізді соғұрлым жақсырақ сезінеміз. Мысалы, тек өз тілімізді ғана білсек және біз сияқты өз тілінде ғана сөйлейтін және онысы біздікінен өзгеше басқа бір адамды кездестірсек, онымен қарым-қатынасымыз шектеулі болады. Мұндай жағдайда ишараға, бет-әлпетіміз бен қол қимылдарына жүгінуге, айтарымызды сурет арқылы кесіндеуге мәжбүрміз. Әрине, бірдеңе ғып қарым-қатынас жасаймыз, бірақ мейлінше ебедейсіз. Тілдік айырмашылық – адамзат мәдениетінің құрамдас бөлігі. Егер де қарым-қатынасты тиімді етіп, мәдени тосқауылдарды бұзып өткіміз келсе, араласқымыз келген адамдарымыздың тілін меңгеруіміз қажет.
Махаббат тұрғысынан алғанда да жағдай тура осылай. Қытай тілі ағылшын тілінен қалай ерекшеленетін болса, сіздің махаббатыңыздың тілі де жұбайыңыздың тілінен дәл солай өзгеше болуы ықтимал. Ағылшынша сөйлей отырып, өз махаббатыңызды білдіруге қалай тырысатыныңыз маңызды емес. Өйткені жұбайыңыз тек қытайша ғана сөйлесе, бір-бірлеріңізді қаншалықты сүйетіндеріңізді сол күйі түсіне алмайсыздар. Мәселен, некелерінің сәтсіз болғанын айтқан жігіт өзінің үшінші әйелімен «Сөзді нығарлау» арқылы сөйлескен. «Үнемі қолпаштап отырдым, сүйетінімді айтып, сезімімді жасырмауға тырыстым» дейді. Әрине, ол ағынан жарылған, шынын айтқан, бірақ жары оның тілін түсінбеген. Яғни ол күйеуінің өз махаббатын мінез-құлқы арқылы көрсеткенін қалаған және оны таба алмаған. Бұл арада шынайы болып қою аз. Егер некеміз баянды болсын десек, жұбайымыздың махаббатының негізгі тілін анықтап алуға ұмтылғанымыз абзал. Соны тауып, сол тілде сөйлеуді үйренген бойда махаббатқа толы некенің кілтіне қол жеткізеріңіз анық.
Махаббат құтысы толып тұруы шарт
Әдетте, «махаббат – баға жетпес гауһар сезім», «әлемді алға жылжытатын да – махаббат» деп айтамыз. Мыңдаған кітаптар мен журналдар, әндер мен фильмдер осы сөзге толы.
Осы орайда, психологтар сүйікті болу – адамның негізгі эмоционалдық қажеттілігі екенін айтады. Махаббат үшін адамзат тау шыңдарын бағындырады, теңізді жүзіп, шөл даланы кесіп өтеді, адам төзгісіз қиындықтарды жеңеді. Махаббат жоқ жерде таулар асу берместей, теңіз ұшы-қиырсыз, ал шөл дала адам төзгісіз азапты болып көрінеді, сөйтіп, қиындық атаулыны өзімізге шығарылған соңғы үкімдей қабылдаймыз. Түптеп келгенде, адам баласының негізінде махаббат сезімі жатпаған жетістіктерінің өзі мағынасыз. Қай кезде де адами драманың соңғы сценасында басты үш қаһарман ғана қалады, олар – сенім, үміт, махаббат. Осылардың ішінде бәрінен де махаббат маңыздырақ.
Рас, көптеген ғасырлар бұрынғы сияқты, қазір де адамзат қоғамына махаббат тән, бірақ осы сөздің өзінің мағынасын көп жағдайда түсіне бермейміз. Былайынша, біз оны мыңдаған жағдайда қолданамыз. «Иттерді жақсы көремін», іле-шала «Анамды жақсы көремін» дейміз. Суға жүзу, шаңғы тебу, аңға шығу тәрізді сүйіп шұғылданатын істерімізді айтамыз. Әртүрлі заттарды – кулинарлық тағамдарды, машинаны, үйді жақсы көреміз. Иттерді, мысықтарды, жан-жануарларды жанымыз сүйеді. Табиғатқа – ағашқа, шөпке, гүлге, ауа райына тамсанамыз. Адамдарға – ата-анамызға, ұл-қызымызға, жұбайымызға, достарымызға ет-жүрегіміз елжіреп тұрады. Біз тіпті махаббат сезімінің өзіне де ынтықпыз.
Бұл аз болса, әлдебір іс-әрекетімізді түсіндіру үшін де «махаббат» сөзін қолданамыз. «Мен оны сүйетіндіктен де осылай істедім» – кез келген әрекет осы тіркеспен түсіндіріледі. Әйелінің көзіне шөп салған еркек те сол қылығын «махаббат» деп біледі. Діни қауым мұны «күнә» дейді. Маскүнемнің әйелі күйеуінің бірінен соң бірін босатып, шашып тастаған бөтелкелерін жинайды және онысын «жақсы көретіндігімнен» деп ойлайды. Психолог мұны «өзара тәуелділік» деп атайды. Ата-ана да «махаббат» деп түсініп, баласының бүкіл тілегін орындайды. Ал отбасы мәселелері жөніндегі маман мұны «жауапсыздық» деп есептейді. Ондай болса, біреуге махаббатпен қарау, жақсы көру дегеніміз не?..
«Махаббат тілін» меңгеру – үлкен өнер
Балалар психологтары «Әрбір балада негізгі-негізгі деген белгілі бір эмоционалдық қажеттіліктер болады және бала эмоционалдық жағынан орнықты болуы үшін сол қажеттіліктер қанағаттандырылуы тиіс» деп тұжырымдайды. Осы эмоционалдық қажеттіліктердің арасында жақсы көру мен назарда болу, өзінің біреуге тиесілі және қажет екенін сезінуден маңызды нәрсе жоқ. Егер де балаға тиісті көңіл бөлінген жағдайда ол жауапкершілік сезімі жоғары азамат болып ержетеді. Ол махаббатсыз баланың әлеуметтік және эмоционалдық дамуы кешеуілдейді. Яғни бала тәртібіндегі ауытқушылықтардың көпшілігі «махаббат құтысының» бос екендігінен туындайды. Әрине, махаббат құтысы – көзге көрінбейтін нәрсе, бірақ оның нәтижесі көзге ұрып тұрады. Мысалы, бала тәртібінің нашар болуы – оның өзі сезінбеген махаббатты, жан жылуын іздеудің салдары.
Бір анығы, махаббатты қажетсіну – балалыққа ғана тән нәрсе емес. Бұл сезім есейген кезімізде, отбасылық өмірде де бізбен бірге жүреді.
«Ғашық болу» бұл қажеттілікке уақытша ғана жауап бере алады, бірақ ол тек «жедел жәрдем» ғана. Кейіннен байқайтынымыздай, ол тек қысқа және айтарлықтай шектеулі уақыт аралығын ғана қамтиды. «Ғашықтық» көгінен жер бетіне түскен бойда махаббатқа деген эмоционалдық қажеттілік қайтадан жоғарыға қалқып шығады, өйткені ол – біздің табиғатымыздың фундаментальді негізі. Ол біздің бүкіл қалауымыздың дәл ортасында тұрады. Махаббат бізге ғашық болғанға дейін де қажет болған және қашан соңғы деміміз таусылғанша қажет бола да береді. Некелесуді қалаудың негізінде де жар махаббатын сезіну қажеттілігі жатыр. Сол себепті де, көп адамдар «Ерлі-зайыпты екі адам бір-бірін сүймесе, байлықтан не пайда?» деген пікірде. Демек материалдық дүние махаббаттың орнын алмастыра алмайды. Әлдекімнің әйелі «Күні бойы ол мені керек те етпейді, тек түнде, төсекте ғана іздейді. Бұл маған ұнамайды» деп шағынады. Ол, әрине, төсек қатынасын жек көретін әйел емес. Ол – эмоционалдық махаббатқа мұқтаж әйел.
Өзгелердің өзін жақсы көргенін қалап тұру – адамзат табиғатына тән нәрсе. Оқшауланып қалу психиканы қатты зақымдайды. Қылмыскерді жеке камераға қамаудың ауыр жаза болып есептелетіні содан. Әлдекіммен жақын қарым-қатынаста болу, біреудің өзін сүйгенін қалау адамзат тіршілігінің негізі болып табылады. Некенің өзі де жақындық пен махаббатқа деген осы қажеттілікті қанағаттандыру мақсатынан шыққан. Сондықтан да діни әдебиеттер ерлі-зайыптыларды бір бүтінге айналуға уағыздайды. Бұл әркімнің өзінің тұлғалық қасиетін жоғалтуы дегенді білдірмейді, ерлі-зайыптылар бір-бірінің өмірінен өте үлкен орын алуға тиіс деген сөз.
Алайда қаншалықты маңызды болса, махаббат түсінуге де соншалықты қиын. Отбасылық шексіз бақыт туралы бастапқы ой-арманы шынайы өмірдің жартасына соғылып, тауы шағылған жұбайлар көп. Сол себепті де: «Махаббатымыз өлді. Қарым-қатынасымыз күйреді. Бір-бірімізге жақынбыз деп ойлап едік, бірақ оның бәрі артта қалды. Бізге енді бірге болған ұнамайды. Біз бір-біріміздің қажеттілігімізге жауап бере алмаймыз» дейді. Олардың оқиғалары балалар сияқты үлкендердің де «махаббат құтысы» болатынын көрсетеді. Бәлкім, сыр бере бастаған некенің тереңінде меңзегіші нөлді көрсетіп тұрған құты жасырулы тұрған болар? Ерсі қылық пен жатырқай қарауға, қорлап сөйлеу мен сынап-мінеуге сол құтының бостығы себепкер болса ше? Егер оны толтырудың тәсілін тапсақ, некемізді де жаңғырта алатын болармыз? Бәлкім, сол құты некенің мызғымастығын қамтамасыз ететін кілт шығар?
Бір ескерер жайт, автокөлікке жанармай қаншалықты қажет болса, махаббаттың эмоционалдық құтысының толы болуы неке үшін соншалықты маңызды. Сондықтан махаббаттың негізгі тілдерінің қандай болатынын түсіну және соның қайсысын жарыңыздың құп көретінін білу өміріңізді түбегейлі өзгертетінін ұмытпаңыз. Махаббат құтысы толғанда адамдардың мінез-құлқы мен іс-әрекеті де өзгереді.
(Ғаламтор материалдары негізінде әзірленді)