Ә.Нұршайықов – 100
Аталмыш телехикаядан кейін Ербол мен Меңтай шаңырақ көтерген.
Алматы төрінен орын тепкен А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхананың кітапханашысы Айнұр Балаубаева «Махаббат, қызық мол жылдар» атты әдемі де сырлы, әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Онда оқырмандар Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық-драма театры (қазіргі Абай облысы) қойған «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклінде Меңтайды сахналаған актриса, қаламгердің туған жерінен арнайы ат арытып келген Сұлушаш Төлековамен, сондай-ақ, осыдан екі жыл бұрын Qazaqstan ұлттық телеарнасы түсірген «Махаббат, қызық мол жылдар» телесериалында Ербол мен Меңтайды ойнаған Ермек Тұрғанбек және Нарқыз Айдаровамен кездесті.
Әзілхан атаның ақ батасы
ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, режиссер Сұлушаш ТӨЛЕКОВА бізге қаламгердің спектакльді Семейге арнайы келіп тамашалағанын, ақ батасын бергенін әңгімелеп берді.
– Меңтай романда өте инабатты, сыпайы, мейірімді жан болып суреттеледі. Режиссеріміз де менің бойымнан сол қасиеттерді көргенін айтып, осы рөлді ұсынғанда қуанғаным рас. Ол тұста бұл кітапты оқымаған қазақ кемде-кем еді ғой. Үлкен-кішінің жастығының астына қойып, сүйіп оқитын кітабы болған десем, қателеспеспін. Сондықтан оқырманға жақсы таныс әдемі кейіпкерді сол күйінде жеткізе аламын ба, жеткізе алмаймын ба деп жүрексінгенім де бар. Оның үстіне, спектакльдің ең алғашқы көрермені - шығарманың авторы, яғни Әзілхан Нұршайықовтың өзі болатынын естігенде, бойымда қорқыныш болғаны да жасырын емес. "Ол кісінің жүрегіндегі Меңтайды бере алмай қалсам ше?" - деп қатты қобалжығаным есімде. Сөйтіп, мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктеліп, барымызды салдық. Театр залында Әзілхан атамыздың бір өзі отырды көрермен болып. Әрине, өз көңілімізге ойдағыдай ойнап шыққан секілді болдық. Бірақ спектакль аяқталғанда байқасақ, Әзілхан ата көзін сүртіп, жылап отыр екен. Абдырап қалдым, «дұрыс ойнай алмадым ба екен, көңілінен шықпаған болдық-ау» деп. Бәріміз аяғымызды имене басып, жанына бардық. Маған бастан-аяқ ұзақ қарап тұрды. Ештеңе демеді. Одан сайын қобалжып кеттім. Бірақ қолымнан ұстап, жібермей қатты қысып, үнсіз ұзақ тұрғанда, көңілі толғанын сездім. Сосын бәріміздің маңдайымыздан сүйіп шықты.
Премьерадан кейін бәріміз үлкен дастархан басында жиналдық. Сонда Әзілхан атамыз аса бір ілтипатпен қолымнан қысып тұрып: «Айналайын, Сұлушаш балам! Отбасың, жолдасың, бала-шағаң бар екен, бақытты бол! Махаббаттың өзі үшке бөлінеді, бала махаббат, шала махаббат және мәңгілік махаббат деп. Мен соның соңғысын, яғни мәңгісін тілеймін», – деп батасын берді. Мен сондай жүрегі нәзік, ізгілікке толы үлкен тұлғаның көзін көргенімді, батасын алғанымды әркез мақтан етіп келемін, – деді осыдан он екі жыл бұрынғы оқиғаны еске алған Сұлушаш Төлекова.
Сәл шегініс. Сүйіспеншілікке толы «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы Ербол (Әзілхан Нұршайықов) мен Меңтай (Нұрғалима) - өмірде болған жандар. Ал негізінде бұл кітаптағы Меңтай образын сомдауда аяулы жары, бітім-болмысы ерек Халиманың әсер еткендігін жазушы сұхбаттарында жиі айтатын.
Түсірілім алаңында оянған сезім
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі романының желісі бойынша түсірілген 20 бөлімді «Махаббат, қызық мол жылдар» телесериалына актерлар Cinexus сайты арқылы онлайн таңдалған. 7300-ден астам өтініш түскен екен. Көрерменге телевизиялық көркем фильм ретінде жол тартқан телесериал желісі майданнан аман оралған жазушының бейбіт өмірдегі тыныс-тіршілігінен бастау алады. Басты кейіпкер – Ербол образы арқылы қазақ жауынгерлерінің ерлігі мен шынайы махаббаты суреттеледі. Телехикаяның белгілі әнші Әли Оқапов орындаған саундтрегі жазушының «Қызыл көрпе» өлеңіне жазылған.
Ең алғаш кастинг туралы естіген «Қазақ аруы – 2020» жеңімпазы, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті, бұған дейін ұлттық арнаның «Күй-ғұмыр», «Ғазиз жүрек», «Өмір-өзен» телесериалдарында негізгі рөлдерді сомдаған Нарқыз Айдарованың Меңтай рөлін ойнауға құштарлығы оянып, ұзақ ойланып жатпастан, кастинг талаптарына сай анкетасын толтырып, жөнелтеді.
Ал Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын актер, теледиктор мамандығы бойынша тәмамдаған, радиода жұмыс істейтін, бұған дейін Qazaqstan телеарнасының «Ауылдастар» телехикаясында ойнаған жас актер Ермек Тұрғанбек кастинг туралы естігенімен, қарбаласқан түрлі шаруаның басында жүріп, оған қатысуды ұмытып та кеткен көрінеді.
ЕРМЕК:
– Сол жылғы (2020 ж.) мамырдың соңына таман мені іріктеуге шақырып, суретке түсірді. Алдымен «фотопроба» болды. Одан кейін «бейнепробаға» шақырды. Сөйтіп, екі-үш рет шақырылғаннан кейін, телехикая продюсері Ернар Мәліков хабарласып, «Ербол рөлін ойнауға қалай қарайсың, таңдауымыз саған түсіп тұр» дегенде, әрине, қуандым. Академияда ұстаздарымыз «шынайы махаббаттың бойтұмарына айналған осы шығарманы оқыңдар, үлгі алыңдар деп әбден санамызға құйған романдағы бас кейіпкердің бірін ойнау мәртебесі бұйырып тұрғанда, қалай келіспессіз! Ерболдың кастингіне 3,5 мың жігіт қатысқан екен. Мен мұны тағдырымның ерекше сыйы деп қабылдадым. Әзілхан Нұршайықов атамыз өмірде осал адам болмаған, қан майданды жүріп өткен, өмірде көп қиындық көрсе де, мойымаған аяулы тұлға. Егер сізді сол кісіге ұқсатып жатса, қалай бас тартамын?!
НАРҚЫЗ:
– Маған кастингке жіберген анкетамнан кейін арада екі ай өткеннен кейін сағат түнгі 12-де хабарласып, шақырды. Мен де қуандым, әрине. Естуімше, бір Меңтайдың рөліне 5 мың қыздан өтініш түскен екен. Шыны керек, менің кітаптағы Меңтаймен болмысымда көп ұқсастық болды. Бетімдегі табиғи меңім де ұқсайды. Сол үшін де өткен шығармын (күлді).
ЕРМЕК:
– Мен ол кезде Өнер академиясының 3-ші, ал Нарқыз 1-курсында оқитын. Бір-бірімізді сырттай ғана танимыз, күнде бір дәлізбен жүреміз дегендей. Мен өзі көп ешкіммен араласа бермеймін, төменгі курстың қыздары «аға» деп сыйлап, «сәлеметсіз бе» деп өте шығады. Біз де қарындастарға ізет көрсетіп, бас изесіп, аудиториямызға асығыс басып кете береміз. Бірақ Нарқыздың орнықты, байсалды мінезін, әдемілігін байқап жүретінмін. Ал біреу «күндердің күнінде араларыңда сезім, махаббат болады» десе, сенбес едік. Тіпті, түсірілім басталардан бірер апта бұрын режиссердің бізді таныстырып тұрып: «Сериал аяқталғанда, сендер отбасын құрасыңдар, бірге боласыңдар», - дегені бар.
Түсірілім алаңына бармас бұрын бірнеше күн кеңседе жиналып, дайындалып жүрдік. Ол кезде Нарқыз екеуміз бір-бірімізбен мүлде араласқан емеспіз. Түсірілім басталған кезде ғана «өмірім өзгереді-ау осы» деген ой қылаң берді басымда. Сөйтіп, бір-бір жарым ай өткеннен кейін бір-бірімізге деген кинодағы «ғашықтығымыз» шын өмірдегі сезімге ұласа бастады.
НАРҚЫЗ:
– Иә, бір жарым ай ішінде отбасын құрдық. Бір-бірімізді танып-білуге осы уақыт жеткілікті болды. Махаббатымызға себепкер – осы сериал. Махаббатымыз түсірілім алаңында өтті сөйтіп. Ермек алғашқы күндері түсірілімнен кеш шыққанда, «өзің жалғыз жүрме, қорқып қаларсың» деп шығарып салатын, бәрі содан басталды ғой. Әрине, бірден ұнатып кеттім деп айта алмаймын. Түсірілім барысында сезімге толы керемет сахналар болды бізде. Ербол мен Меңтайды сомдап жүріп, шын сезімге беріліп, бір-бірімізге бауыр басып кеткен секілдіміз.
Жас отау
Түсірілімнің ең алғашқы күні. Таңертең ертемен жиналған бәрі. Режиссер «қазір сүйісу сахнасы болады» деген кезде, Нарқыздың әбден қобалжығаны бар. Ермек бұрын-соңды ондай сахналарда ойнаған, әрі жігіт қой. Ал Нарқызда ондай сахна болмаған. «Бір-бірімізді танымаймыз да. Ертең телесериал қалың елге көрсетіледі, ата-анамның алдында ұят шығар» деп ойлаған ұяң ару бірден әке-шешесіне хабарласып, рұқсат сұрайды. Ол кісілер «жұмысың ғой, түсінеміз» дегенде барып көңілі орнына түседі. Сөйтсе, сол сахна үшін сол күні Ермек те қобалжыған болып шықты.
«Махаббат, қызық мол жылдар» телесериалының түсірілім жұмыстары үш жарым айға созылды. Соңғы нүктесі 19 қыркүйекте қойылып, ертеңіне, яғни 20 қыркүйекте Нарқыз Ермекке қазақтың кәдесімен ұзатылды. Жігіт жақ та той жасап, ағайын-туыс, дос-жарандар бақыт тіледі.
Ең қызығы сол, Ермек те, Нарқыз да «болашақта жарым өзім секілді актер, актриса, жалпы, өнер адамы болмайды, басқа саланың адамын таңдаймын» деп ойлаған екен. Ал қазір екеуі бір саланың, бір бағыттың адамдары болғандығына бек қуанышты. Өйткені, бір-бірін жақсы түсінеді. Бірі түн жарымына дейін түсірілімде жүрсе, екіншісі жөнсіз ренжіп, қайта-қайта телефон соғып, мазасын алмайды, жұмыс барысы солай болатынын түсінеді. Екеуінің әңгімесі ортақ, отбасы туралы, өнер, шығармашылық туралы да. Бір-бірін ұзақ тыңдауға бар, бір-бірін жалықтырмайды. Бір-бірін қайта демеп, қолдап отырады.
P.S. Кейіпкерлер А.Чехов атындағы кітапхананың естелік-кітабына қолтаңбаларын, жылы лебіздерін қалдырды. Оқырмандармен естелік суретке түсті.
«Almaty-akshamу» №147 (6282) 13 желтоқсан, сейсенбі, 2022 жыл