Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі сахнасында "Махаббат – мәңгі ертегі" атты әсерлі концерт өтті. Бірегей музыкалық жоба ұлттық ғашықтар күні саналатын Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні мерекесіне орай ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кеш көрерменді нәзік сезімдер әлеміне жетелеп, махаббаттың мәңгілік тақырыбын әсем әуенмен өрнектеді. Концерт бағдарламасында ұлттық оркестрдің сүйемелдеуімен ең таңдаулы лирикалық шығармалар мен жүрекке жылы әсер ететін сырлы туындылар орындалып, залға ерекше атмосфера сыйлады. Музыка мен сөз үйлесімі тыңдарманды терең толғанысқа бөлеп, әрбір әуен махаббаттың сан қырын сезіндірді.

"Ғашықтар күніне арналған концертті өткізу жыл сайын дәстүрге айналып келеді. Бүгінгі кештегі шығармалардың өзі адамзатқа ортақ сүйіспеншілік сезімін жеткізеді. Ұлттық оркестрмен бірге Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары – Еркеш Хасен, Абик Жексен және Аружан Данышпан өнер көрсетті. Өнер иелерінің орындауындағы әсерлі әндер кештің көркемдік мазмұнын байыта түсті", – деді оркестр директоры Медет Қуанышев.
Ұлттық оркестрдің бас дирижері – "Құрмет" орденінің иегері Абылай Тілепберген. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын және республикалық байқаулардың лауреаты Нарын Қажығали дирижерлік шеберліктерін танытып, кештің музыкалық деңгейін биіктете түсті.

"Бұл мереке бекітілгелі бері қазақтың ұлттық оркестрі неге осындай маңызды күнді концерт арқылы көрерменге ұсынбасқа деген ой туындады. Бағдарламада қазақтың күйлері мен әндерінен бөлек, шетелдік туындылар да орындалды. Бұл – көрерменге жаңа әсер сыйлаудың бір жолы", – деді бас дирижер Абылай Тілепберген.
"Махаббат – мәңгі ертегі" концерті көрерменге ерекше көңіл күй сыйлап қана қоймай, музыка мен сезім үндестігін тереңнен паш еткен мазмұнды рухани кешке айналды. Осындай жобалар ұлттық өнердің жаңа тынысын ашып, көрермен мен сахна арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз.
Дана САДЫРҚАН