Қаржы, биржа, макроэкономика сарапшысы, экономист Айбар Олжай Facebook-парақшасында Алматыдағы Magnum гипермаркетінен отандық майонез таба алмағанын жазып, еліміздің ірі сауда желісінің шетелдік өнімге басымдық беруін сынға алды. Ол мемлекеттік қолдауға ие бизнес отандық тауар өндірушілерді ығыстырып жатыр деп мәлімдеді, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
"Сенбіде Алматыдағы "Жетісу" ықшамауданындағы іргелі Magnum-ға бас сұқтым. Бұл - тарихтағы ең тұңғыш Magnum гипермаркеті. Осы дүкен жақсы табыс әкелгеннен кейін, Magnum сауда желісі ретінде одан әрі дамыған болатын. Сөрелерді он айналып, өзіміздің отандық майонезді таба алмадым. Іздегенім Алматыда өндірілетін "3 желание" майонезі болатын. Гипермаркет қызметкері қазір қазақстандық майонездің сатылмайтындығын растады. Magnum Қазақстандық майонезді алып тастап, орнына Ресейдің "Макеев" майонезін толтырып тастаған", – дейді Олжай.
Айбар Олжайдың айтуынша, бұл кездейсоқ жағдай емес. Бұған дейін де ол Magnum сөрелерінде ресейлік жарма мен май өнімдерінің көбірек сатылуына назар аударған.
Экономист бұл жеке бизнес болғанымен, "Magnum Cash & Carry" мемлекеттен пайызсыз несие алып отырғандықтан, мұндай әрекет ақталмайтынын айтты. Оның айтуынша, компания кейінгі бес жылда Алматыда кемі 13 миллиард теңге, ал жалпы ел бойынша шамамен 18 миллиард теңге мемлекеттік көмек алған.
"Сауда министрлігі тарапынан үлкен логикалық қателік бар. Олар Magnum сияқты ірі сауда желілеріне пайызсыз несие таратып отырғанда тек белгілі бір әлеуметтік азық-түлікке бағаны өсірмеу бойынша талап қояды. Бірақ "ол тауар отандық болуы тиіс" деген шарт жоқ", – дейді ол.
Бүгінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Magnum арасындағы жағдай да шиеленісе түскен. Компания тауар өндірушілерге сөреден орын мен жарнама үшін қосымша төлем жүктеп отыр, бұл - отандық кәсіпорындарға ауыр соққы.
Сарапшы Magnum-ның ресейлік өнімдерді өткізуі еліміздің макроэкономикасына да кері әсер ететінін ескертеді.
"Қазақстанның Ресейден алатын азық-түлік импорты 2024 жылы 10 пайызға өсіп кетті. Қазір Ресейден 1,9 миллиард долларға азық-түлік аламыз. Енді осы 2 миллиардтық ақша каналы рубльдің теңгеге ықпалын қамтамасыз етеді де, ертең Ресейде міндетті түрде болатын инфляция бізге де әсер береді. Ал рубль құлап кететін болса, ол теңге бағамына қысым жасай бастайды", – дейді Олжай.
Оның айтуынша, Magnum елдегі азық-түлік саудасының 8 пайыз үлесін алып отыр. Оның отандық өндірушілерді қолдамауы, өнімдерін сөреден алып тастауы біздің өндірушілердің сату көлемін азайтып, жағдайын нашарлатады. Бұл тиісінше олардың қызметкерлерінің айлығының өспеуіне, жұмыс орындарының қысқаруына алып келеді. Тұрмысы нашарлап қалған адамдар Magnum-нан тамақ алуын азайтады.
Шешім қандай?
Айбар Олжай бұл жағдайдан шығудың екі жолын ұсынады:
-
Magnum мемлекеттік қаржыландырудан толық айырылуға тиіс;
-
Мемлекеттік көмек жалғасатын болса, отандық өнімдерге сөреде алып тастауға тыйым салынуы керек.
Ол Eurasian Foods Corporation сияқты кәсіпорындардың майонезін Ауғанстаннан Шығыс Еуропаға дейін экспорттап жатқанын еске сала отырып, еліміздегі ең ірі сауда желісінің оларды сөреден алып тастауы стратегиялық тұрғыда үлкен қателік екенін атап өтті.
"Қазақстан - Орталық Азияның майонез державасы. Ал Magnum оны Ресейдің "Макеевімен" алмастырып жатыр. Бұл - компания басшысы Азамат Османовқа үлкен сын", - дейді автор.
Ол аптаның аяғында гипермаркетке қайта барып, жағдай өзгермесе, мәселені Мәжіліске дейін көтеретінін айтты.