Отан қорғаушылар күні қарсаңында Алматыда жастар арасында азаматтық жауапкершілікті, дене дайындығын және командалық рухты дамытуға бағытталған «БЕС ҚАРУ» әскери-патриоттық ойыны өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шараға қала әкімдігі, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар, сондай-ақ Алматы жастары қатысты. Құрметті қонақ ретінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысты.
Іс-шараның ашылуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде алып кірумен және Әнұранның орындалуымен басталды. Құттықтау сөз сөйлеген Абзал Нүкенов мұндай бастамалардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.

«Бұл жоба жастардың бойында патриоттық рухты, тәртіпті, жауапкершілікті және командалық бірлікті қалыптастыруға бағытталған. Мұндай бастамалар Отанға деген құрметті арттырып, жастарды ел болашағына бейжай қарамауға шақырады», — деді Абзал Нүкенов.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты іспен көрінетін патриотизмнің маңыздылығы туралы сөзін еске салды:
«Біз туған жерге қамқорлық жасаудан, қоғамға қызмет етуге дайын болудан көрінетін патриотизмді қолдауымыз керек».
Құттықтау сөзді ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы академиясының бастығы, полиция полковнигі Қалижан Қобландин де сөйлеп, жастарды қызметке дайындау мен көшбасшылық қасиеттерді дамыту маңыздылығын атап өтті.
Бағдарламаның негізгі бөлігі көпсатылы эстафета болды. Ол спорттық және зияткерлік тапсырмаларды қамтыды: жүгіру, күш жаттығулары, әскери дайындық элементтері, Калашников автоматын бөлшектеу және жинау, аналитикалық ойлау мен жедел шешім қабылдауға арналған тапсырмалар.
Қатысушылар тек физикалық төзімділіктерін ғана емес, құқықтық білімдерін, командалық жұмыс дағдыларын және күрделі жағдайларда жылдам әрекет ету қабілеттерін көрсетті.
Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, эстафета қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушылар марапатталды.
Алматы еліміздегі ең «жас» қалалардың бірі — мұнда 14 пен 35 жас аралығындағы 712 мыңнан астам жас тұрады. Осыған байланысты патриоттық тәрбиені дамыту және жастар бастамаларын қолдау қалалық саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
«БЕС ҚАРУ» әскери-патриоттық ойыны азаматтық жауапкершілік, бірлік және Отанға деген сүйіспеншілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналып, Алматы жастарының белсенді әрі жауапты буынын қалыптастыруға өз үлесін қосты.