Әлем тарихын көшпелілер тарихынсыз қарастыру мүмкін еместігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген Лев Николаевич Гумилев туралы біз не білеміз?
Лев Николаевич Гумилев – ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы. Ол еуразиялық кеңістіктегі халықтардың тарихын жан-жақты жүйелі түрде зерттеген. Оның мұралары тарихи, философиялық, этностық және саяси ойдың перспективалық бағыты ретіндегі еуразиятанудың терең негіздемесіне айналған.
- Лев Николаевич Гумилев - түркі халқы тарихы сыңаржақты бағаланған кеңестік заманында Ұлы Дала тарихы туралы іргелі зерттеулер жүргізіп, ой тереңдігімен, соны пайым-тұжырымдарымен, ерекше дарындылығымен, ғылымға деген шынайы адалдығымен оза білген дара тұлға, ғалым.
Ол өмір сүрген кезендегі қоғамда болып жатқан саяси-әлеуметтік жағдайлар мен жүйелік алмасулар оның жастық шақтағы тағдырына ауыр тиді. Ол өмірінде бірнеше рет жауапқа тартылып, темір торға тоғытылса да, өмірде қанша сүрініп құласа да, өмірдің сынағынан сынбай өтіп, алдына қойған асқақ армандарына жетуге тырысты. Оның жүрген жолы ылғи да кедергілерге тап болып, тосқауылға тірелсе де, өмірден көрген қиыншылыққа мойынсынбай, алдына қойған мақсатына жету жолында өзінің айтқанынан қайтпайтын қайсар адам болды.
- Өмірбаян жолдарынан
Ғалымның өмірі мен шығармашылығына тоқталып өтетін болсақ, ол 1912 жылы 1 қазанда Царское Село деген аумақта, әдебиетшілер әулетінде дүниеге келді. Оның ата-анасы орыстың әйгілі ақындары Николай Гумилев пен Анна Ахматова. Бұл адамдардың өмірі мен шығармашылығы XX ғасыр басындағы жаңа орыс мәдениетіндегі айтулы құбылысқа айналған. Николай Гумилев 1921 жылы контрреволюциялық әрекеттері үшін ату жазасына кесілді. Ал анасы Анна Ахматованың шығармашылығына 1946 жылдан бастап ресми түрде тыйым салынады. Ата-анасы үшін Лев Николаевич екі рет түрмеде отырды.
Лев Николаевич басынан ауыр жылдарды өткере жүріп, Ленинград университетін тәмамдайды. Университет қабырғасында оқып жүргенде бірнеше тілдерді (француз, неміс, ескі түркі, латын) үйреніп, қатардағы бітіруші студенттің бірі емес ғұндар өркениеті және байырғы моңғол тарихы бойынша маман болып қалыптасады. Ол 1948 жылы Түркі қағанатының (546-659) саяси тарихына арналған тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Алайда, 1948 жылы 6 қарашада, Алтайдағы ғылыми экспедиция жұмыстарын қорытындылау кезінде, ғылым кандидаты дипломын алу қарсаңында ол тағы да тұтқындалады. Бұл жолы өзі айтқандай, «анасы үшін» қамауға алынады (алғашында, 1935 жылы, өзі үшін; 1938 жылы «әкесі үшін» қамалып еді). Ленинградтың ерекше кеңесуінен кейін «контрреволюциялық әрекеті» үшін ол 10 жылға сотталады. Лагерь Қарағандыдан онша қашық емес, Шерубай-Нұра жайлауында, көптеген совет ғалымдары жазасын өтеп жатқан орында болатын. Одан соң Л.Гумилев Междуреченск деген жерге ауыстырылып, жазасын өтеу мерзімін Омбы абақтасында аяқтайды. 1956 жылы ұзақ сұрау салып, өтініш етуден соң бостандыққа жіберіліп, қылмысының болмауына байланысты ақталып шығады. 1956 жылы Эрмитажға кітапханашы болып жұмысқа тұрады. Қарапайым кітапханашы бола жүріп, түркілер тақырыбы бойынша 1967 жылы докторлық диссертация қорғайды. Сол жылы қорғаған докторлық диссертациясының толықтырылған нұсқасы негізінде «Көне түркілер» атты еңбегі жарыққа шығады. Алайда, Жоғарғы аттестациялық Кеңес Лев Николаевичтің докторлық диссертациясын бекітпейді, ол қайтыс болардан сәл-ақ бұрын оның жұмысы ресми бекітілді.
- Біздің дәйектеме
Лев Гумилев Бежецк орта мектебінде оқып, 1930 жылы Ленинградта совет мектебін тәмамдайды. Университетке түскісі келеді, бірақ ата-анасының дворян тегінен шыққанына байланысты жаңа қоғамдық құрылыс адамының әлеуметтік мәртебесіне «лайықты» болмағандықтан оқуға қабылдау кезінде қарсылыққа тап болады. 1934 жылдан бастап Ленинград университетінің Тарих факультетінде оқыды. 1935 жылы университеттен шығарылып, тұтқынға түсті, бірақ аз уақыттан кейін босатылды. 1937 жылы Л.Гумилевті университетке қайта қабылдайды: ол бірнеше рет ғылыми баяндамалар жасайды, Б.Греков және С.Малов сияқты профессорлармен, Ежелгі Ресей тарихы мен Сібір, Моңғол түріктерінің көне тарихын зерттеуші мамандармен шығармашылық байланыста болады.
Ғалымның докторлық диссертация тақырыбының өзектілігі және көшпенділер мәдениетінің беймәлім қырларының ашылуы, оның терең білімді екендігін ғылыми ортада дәлелдесе, ал оның жазу стилі, тілінің қарапайымдылығы көпшілік оқырман қауымының да назарын өзіне аударады. Ғалым әлем тарихын тұтастай көшпелілер тарихынсыз қарастыру мүмкін еместігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.
Ленинград университеті негізінде 1967 жылы ашылған география ғылыми-зерттеу институтына, ректор А.Александровтың шақыруымен Л.Н.Гумилев ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылданады. Осы жұмыс орында ғалым 1986 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер деген сатылардан өтіп еңбек етеді.
- Дерек
Ғалым 1938 жылы негізсіз жазаның кесірінен тұтқындалып, жазасын өтеуге әуелі Беломорканал жері белгіленеді. Алайда, заң орындары «жұмсақ жазаны қатайту керек» деп оның құжаттарын қайта тексеруге жібереді, сөйтіп ату жазасына үкім шығарады, ол жазаны кейіннен Норильскідегі түрме тұтқыны етумен алмастырады. Қамаудағы уақыт аралығында ол жер қазушы, тау-кеніш шахтасында, рудниктегі кітапханада кітап сақтаушы, техник, геолог (геотехникалық, кейін тау басқаруында геофизикалық топта) болып түрлі жұмыс істеді, ал уақытының соңында тіпті лаборант-химик болып орналасты. 1943 жылы қамау мерзімі аяқталған бойда майданға сұранып, 1944 жылы бірінші Беларусь майданындағы Ерекше екпінді әскердің айып батальонына ерікті солдат ретінде жіберіледі.
Көшпелілер тарихына ерекше қайталанбас, әлем тарихына оң ықпалын тигізген өркениет деп қарау, көптеген батыс ғалымдары үшін шындыққа сай келмеді. Көшпелілер, немесе номадтар деп аталған ерекше шаруашылығы мен тұрмысы бар халықтардың тарихына деген көзқарас ежелден біржақты болып келді. Сондықтан Л.Н.Гумилев көшпенділердің әлем тарихына қосқан үлесін бұрмалап көрсетуге тырысқан еуроцентристік біржақты пікірлерге үнемі қарсы шығып, ғылыми дәлелді тұрғыда соққы берді.
- Лев Николаевичтің ХХ ғасырдың 60–80-жылдары жарық көрген ғылыми мұралары «Ғұндар», «Ежелгі түркілер» «Қиял патшалығын іздеу», «Хазарияның ашылуы», «Этногенез және Жер биосферасы», «Ежелгі Русь және Ұлы Дала», сондай-ақ Еуразия халқы тарихы туралы тағы басқа да зерттеулері құрайды. Ғалым өзінің еңбектерінде көшпенділердің дүниежүзілік өркениетінің дамып, өркенденуіне баға жетпес жағымды ықпалын тигізгенін дәлелдеп берді.
Еуразияның көшпелі халықтарының тарихын зерттеуден бастай отырып, Лев Гумилев әуел бастан Ұлы Даланы және оған іргелес жатқан аймақтарды бір кеңістік шеңберінде қарастырды. Ал көшпелі тұрмыстың пайда болуы мен көшпелі мемлекет билігінің құлауына дейінгі аралықты бір уақыт шеңберінде алып қарады. Өзінің алдындағы ғалымдар әрбір халықты және олардың даму тарихын да жеке-жеке, дербес зерттеумен айналысып келген еді. Ал Лев Николаевичтің зерттеу жұмысындағы ой-тұжырымдары сол кездегі кеңестік идеологияны жақтаушы қоғамтанушы ғалымдарлардың ой-тұжырымдарына мүлде қарсы болды. Кеңестік кезеңде партия идеологиясын жақтағандарға қарсы пікір білдіргені үшін Лев Николаевичке «антимарксист», «географиялық детерменист», «шолақ ойлы анархист», «нәсілшіл» және т.б. айыптар тағылды.
1976–1989 жылдар аралығында оның еңбектері жариялану құқынан айырылды. Лев Николаевич Гумилев 1992 жылы 80 жасында дүние салды. Никольск қорымындағы Александр-Невский лаврасынан топырақ бұйырды.
Өзі өмірден өткенімен, ғалымның қалдырған мұрасынан 15 томдық еңбектер жарияланды. Оның қалдырған мұрасы бүгінде талай ғылыми ізденістерге негіз болары анық.
ТҮЙІН:
Лев Гумилев еңбектерінде өзекті мәселелерді қамтыған тың ойлар, өткір де, тапқыр тұжырымдар, тосын идеялар өте көп. Олардың арасында баға жетпес құндысы – еуразиялық теория. Бұл идея біздің аймақтағы мемлекеттердің идеологиялық және саяси ілімдерінің (доктрина) негізіне айналып отыр. Еуразиялық идеяның ғылыми-білім кеңістігінде жүзеге асуының бір көрінісі – бұл күнде атақты ғалымның мұраларын оқып-зерттеудің және еуразиялық идеяны өрістетудің қазақстандық орталығына айналып отырған әрі Лев Николаевич Гумилев атын иеленген Еуразия ұлттық университетінің құрылуы деп білеміз.