2024 жылдан бері Алматы қаласының «Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау саласындағы салалық кеңес 14 отырыс өткізіп, өзекті 16 мәселені қарастырды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Олардың бірқатары шешімін тапса, қалғандары әлі де тиісті мемлекеттік органдардың қарауында. Салалық кеңестің жұмысы және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында кеңес төрағасы Эльмира Әуезова айтып берді.
Кеңес құрамына 21 адам кіреді. Оның 13-і білім беру саласының өкілдері болса, сегізі – денсаулық сақтау саласының сарапшылары. Кеңес кәсіпкерлерді, кәсіби бірлестіктердің өкілдері мен сарапшыларды біріктіреді. Оның негізгі міндеті - салаларда туындаған мәселелерді жинақтап, оларды шешу жолдарын мемлекеттік органдармен бірлесіп талқылау.
«Әртүрлі саладағы кәсіпкерлер ұқсас мәселелерді көтерген кезде ұйымдардың жұмысына нақты не кедергі келтіретінін және қай тұста ережелерді өзгерту қажеттігін анықтау маңызды. Салалық кеңес осындай жағдайларды тиісті мемлекеттік органдармен бірге талқылауға мүмкіндік береді. Бұл бизнестің тәжірибесін ескере отырып, тиімді шешімдер іздеуге көмектеседі», - деді Эльмира Әуезова.
Шешімін тапқан мәселелердің қатарында колледждердің өндірістік оқыту шеберлерін аттестаттау кезінде педагогтердің білімін бағалау талабын алып тастау бар. Сондай-ақ, медициналық колледждердің «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасымен (КДЗ) ынтымақтастық орнатуы жөнінде келісімге қол жеткізілді. Зертхана оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеуге және оларға гранттар бөлуге дайын.
Сонымен қатар, бірқатар мәселе әлі де шешімін күтуде. Олардың қатарында 2025 жылғы қыркүйек-желтоқсан айлары үшін Алматыдағы жекеменшік мектептерді А2 компоненті бойынша қаржыландыру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бөлінетін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін ұлғайту, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты түйткілдер бар.
Бұдан бөлек, мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымдарды міндетті аккредиттеуге қатысты ұсыныстар да қарастырылып жатыр.
Республикалық деңгейде шешілуге тиіс мәселелерді палата «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тиісті бөлімшелеріне жолдайды. Кеңес мүшелері дөңгелек үстелдер мен комиссиялардың жұмысына да қатысады. Сонымен қатар нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптамалық қорытындылар әзірлеп, кәсіпкерлерге заңнамадағы өзгерістерді түсіндіреді.
«Заңнамадағы өзгерістер мектептер, колледждер мен медициналық ұйымдардың күнделікті жұмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан, сала өкілдерінің жаңа талаптарды алдын ала зерделеп, туындауы мүмкін қиындықтарды белгілеуіне мүмкіндік беру маңызды. Сараптамалық қорытындылар мен түсіндіру жұмыстары бұл үдерісті бизнес үшін түсініктірек етуге көмектеседі», - деді кеңес төрайымы.
Эльмира Әуезованың айтуынша, кеңестің жұмысы жекелеген өтініштерді талқылаумен ғана шектелмейді. Қатысушылар тұтас салаларға әсер ететін мәселелерді анықтауға ұмтылады. Осы мақсатта олар мемлекеттік органдармен тұрақты диалог жүргізіп, ең өзекті тақырыптарды Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында талқылауға шығарады.
«Білім беру мен денсаулық сақтау салалары қала тұрғындары үшін аса маңызды. Сондықтан, бұл бағыттардағы шешімдер күн сайын адамдармен жұмыс істейтін мамандардың тәжірибесіне сүйенуі керек. Бизнес өкілдері талаптар мен ережелердің ұйымдардың қызметіне қалай әсер ететінін іс жүзінде көреді. Бұл тәжірибе талқылауға шығарылатын мәселелерді нақты әрі дәл тұжырымдауға көмектеседі», - деп атап өтті Эльмира Әуезова.
Салалық кеңестің төрағасы Алматы қаласының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңестің де мүшесі. Бұл оған кәсіпкерлердің мәселелерін аталған кеңестің отырыстарында көтеріп, оларды республикалық деңгейде одан әрі талқылауға ұсынуға мүмкіндік береді.