Соңғы кезде коллаген денсаулық пен сұлулыққа арналған ең танымал дүниеге айналды. Оны «жастықтың сиқырлы эликсирі» деп те атайды. Бірақ коллаген расымен пайдалы ма, әлде бұл жай ғана маркетинг тәсілі ме?
Коллаген деген не және оны не үшін ішеді?
Коллаген – бұл тіндердің серпімділігі мен беріктігіне жауап беретін ақуыз. Ол адам ағзасының «қаңқасын» қалыптастырады: теріден бастап шеміршекке дейін барлық жерде кездеседі. Коллаген – ең кең таралған құрылымдық ақуыз, ол ағзадағы барлық ақуыздардың шамамен 30%-ын құрайды.
Коллаген құрамында ағза үшін аса маңызды глицин, пролин және гидроксипролин атты үш аминқышқыл көп мөлшерде болады. Олар бірігіп, шиыршық тәрізді құрылым түзеді. Бұл синтезге С дәрумені, мырыш, мыс, марганец және глицин көмектеседі. Аталған микроэлементтер жетіспесе, коллагеннің түзілуі баяулайды.
Неліктен коллагенді толықтыру қажет?
25 жастан кейін организмде коллагеннің түзілуі біртіндеп азая бастайды. Ал зиянды әдеттер, созылмалы стресс, ультракүлгін сәуледен қорғанбау бұл үдерісті одан әрі жеделдетеді.
Коллаген жетіспеген жағдайда:
теріге әжім түсіп,,
буындар ауырып,
бұлшықет әлсірейді,
тырнақ сынғыш болып,
қан айналымы бұзылады,
асқазан-ішек жолында мәселе туындап, ас қорыту жүйесінің шырышты қабаты тозады.
Коллагеннің әсері мен пайдалы қасиеттері

Коллаген – тек тері мен шеміршекке ғана арналған «құрылыс материалы» емес. Оның басқа да мынадай маңызды қызметтері бар:
тіндерді нығайтады, сіңір мен шеміршектің қалпына келуіне көмектеседі;
сүйектің тығыздығын арттырады;
қанның ұюына қатысады;
ескірген жасушалардың орнын толтыруға ықпал етеді;
жүрек-қантамыр жүйесінің саулығына әсер етеді.
Коллагенді тұрақты қабылдау 4–6 аптадан кейін тері жағдайының жақсаруына әсер етуі мүмкін. Алайда маңызды бір жайт бар: коллаген асқазанға түскен соң аминқышқылдарға ыдырайды, ал ағза оларды өз қажеттілігіне қарай пайдаланады. Бұл үдерісті мемлекеттің бюджет бөлуімен салыстыруға болады: егер ағзада белгілі бір мәселе (мысалы, шаш түсуі) басым болса, ресурстар сол бағытқа жұмсалады. Сондықтан әсерін көріп, пайдасын сезу үшін коллагенді дұрыс тамақтану және салауатты өмір салтымен қатар қабылдау маңызды.
Коллагеннің пайдасы мен зияны
1. Теріге әсері
Зерттеулерде әйелдер тәулігіне 1–12 г коллагенді 4–12 апта бойы қабылдаған. Нәтижесінде тері серпімділігі мен ылғалдылығы артқан. Бұл кезде тамақтану мен өмір салты өзгертілмеген.
2. Буындарға әсері
Коллаген жетіспегенде жиі кездесетін ауру – остеоартрит. Зерттеулер коллаген қоспасы буындардың қозғалысын жақсартатынын көрсеткен, бірақ аурудың өзін толық емдемейді.
3. Шаш пен тырнақ
Тәжірибе жануарларға жүргізілген. Коллаген пептидтері шаш өсу фазасын белсендіріп, фолликулдардың тереңдеуіне ықпал еткен. Бұл шаштың тез әрі тығыз өсуіне ықпал еткен.
4. Сүйек саулығы
Постменопауза кезеңіндегі әйелдерге жүргізілген зерттеуде коллаген, кальций және D дәруменін бірге қабылдаған топта сүйектің минералды тығыздығы жақсы сақталған.
Зияны бар ма?
Коллаген қоспалары әдетте қауіпсіз, бірақ мынадай жағымсыз әсерлері болуы мүмкін:
аллергиялық реакциялар (әсіресе балық немесе сиыр ақуызына);
асқазанның кебуі, жүрек айнуы;
жағымсыз иіс немесе дәм (төмен сапалы өнімдерде).
Қауіпті қалай азайтуға болады?
сертификаты бар, сенімді брендтерді таңдаңыз;
қабылдауды аз мөлшерден бастаңыз;
құрамын мұқият оқыңыз.
Коллаген шынымен көмектесе ме?
Иә, көмектеседі. Бірақ бұл – бірден әсер ететін «сиқырлы таблетка» емес. Коллагеннің нәтижесі бірнеше апта немесе айлар бойы тұрақты қабылдағанда ғана байқалады.
Нәтижесі қашан білінеді?
4–6 аптадан кейін терінің ылғалдығы мен серпімділігі артады;
Кемінде 3 ай тұрақты қабылдаған кезде сүйек пен буындардың қалпына келуіне көмектеседі.
P.S Осы материал дайындалып жатқан кезде Алматы қаласында коллаген өндіретін зауыттың құрылысы басталғаны туралы ақпарат келіп түсті. Алматылық қыз-келіншектерге жергілікті өндірістің өнімін тұтынатын күннің ауылы алыс емес.