"Кітаптарға да ем керек". Ұлттық кітапханада ескі кітаптарға екінші өмір сыйлайтындар кімдер?

  • 14:46, 10 желтоқсан 2025
"Кітаптарға да ем керек". Ұлттық кітапханада ескі кітаптарға екінші өмір сыйлайтындар кімдер? сурет: Дина Литпин/aqshamnews.kz

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының бір бұрышында кішкентай ғана "клиника" бар десем сенер ме едіңіз? Бұл жерде адамдар емес, ескі кітаптар "емделеді". Көгерген мұқаба, сарғайған парақ, жыртылған кітап беттері – бәрі осында келіп түседі. Сырт көзге жай ғана қағаз болып көрінгенімен, әр парақтың артында қанша адамның көз майы, уақыты, тарихы жатқанын бұл жердің мамандары жақсы біледі. Аqshamnews.kz тілшісі біз күнде оқып жүрген бүтін, таза кітаптың артында қандай ауыр да нәзік жұмыс тұрғанын түсіну үшін Ұлттық кітапхананың реставрация бөліміне бас сұғып, "кітап емшілерінің" көрінбейтін еңбегін бүге-шігесіне дейін өз көзімен көріп қайтты.

7 миллион құжат, қолжазбалар патшалығы: еліміздегі ең ірі кітап қоры қайда сақтаулы?

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы – әлемдегі ең ірі кітап қорларының бірі. Мұнда 7 миллионнан аса құжат сақталады. Төменгі екі қабатта алып кітап қоймасы бар. "Егемен Қазақстанның" "Социалистік Қазақстан" болып шыққан кезінен бергі барлық саны, Түркістан мен Қызылордада жарық көрген, тіпті өздерінде сақталмаған көне газеттердің түпнұсқалары да осында тұр.

суретте: қайта қалпына келтірілуін күтіп жатқан кітаптар, газеттер, қолжазбалар

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында 40 мыңнан аса жәдігер бар: куфа жазуымен жазылған XII ғасырдағы Құран, Фирдоусидің шағатай тіліндегі "Шахнамесі", Қожа Ахмет Ясауи мен Сүлеймен Бақырғанидың қолжазбалары, алғашқы қазақ баспа кітаптары мен қазақ баспасөзінің алтын қорына енген "Қазақ", "Айқап", "Абай", "Шолпан" сияқты басылымдар.

Ал өнер қорында қазақ музыкасының 3700-ге жуық сирек күйтабақ жазбасы сақталған: Дина, Дәулеткерей, Жаяу Мұса, Әміре, Күләш, Бибігүл, Роза Бағланова және басқа да дауыс иелерінің қайталанбас жазбалары бар.

суретте: қайта келтіру "отасы" жасалатын 1928 жылғы "Кеңес ауылы" газеті

Параққа қойылған диагноз: кітаптарды "емдеу" неден басталады?

Осындай орасан зор рухани қазынаның ұзақ ғұмыр сүруі – кітапхананың көрінбейтін "алдыңғы шебінде" жұмыс істейтін реставраторларға тікелей байланысты. "Кітап емшілерінің" жұмысы жайлы 15 жылдан бері осы қызметте жүрген кәсіби маман, ҚР Ұлттық кітапханасының Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінің жетекшісі Шоманова Аида Мұратқызы әңгімелеп берді. 

"Кітаптар да тірі жан секілді. Олар да ауырады. Тек физикалық күйін нақты айтар болсақ, ескі кітаптар ұзақ жата берсе көгеріп, қолжазбалар жыртылып, дақ төгіліп, сапасын жоғалта бастайды. Осындай жағдайларда біз көмекке келеміз. Реставраторлар ешқашан алдын ала зерттеу жүргізбей, қалпына келтіру жұмыстарын бастамайды. Адамды емдегендегідей, ең алдымен кітаптардан да анализ алу керек", – дейді Аида Мұратқызы.

суретте: Аида Мұратқызы

Алдымен парақ (кітап беттері немесе қолжазбалар - еск.) механикалық тазартудан өтеді: беттегі шаң, ұсақ қоқым, көгерген дақтың үстіңгі қабаты аса ұқыптылықпен алынады. Бірақ бұл – тек бірінші қадам.

Келесі кезең – анализ. Құжаттың қышқылдығы, талшықтарының құрамы, жалпы жағдайы анықталмайынша, ешқандай желім де, қағаз да таңдалмайды.

суретте: ғасыр куәгері болған "Кеңес ауылы" басылымы

Мәтін жоқ жерден өте кішкентай ғана талшық алынады. Ол затқа арналған әйнекке салынады. Сосын үстіне дистилденген судың бір тамшысы тамызылады. Сосын әмбебап индикатор қағазымен pH (қышқылдық пен сілтілік деңгейін көрсететін шкала -еск.) өлшенеді.

"Қазір бұл құжаттың көрсеткіші шамамен 6-ға келіп тұр. Бұл – қанағаттанарлық жағдай. Егер 3–4 болса, міндетті түрде бейтараптандыру, яғни қышқылдықты азайту жұмыстарын жасар едік", – деп түсіндіреді маман.

суретте: газет бетінің талшықтарын алу сәті

Артынша кітапқа диагноз қойылған соң ғана "рецепт" жазылады: қандай желім, қандай әдіс, қандай реставрациялық қағаз қолданылатыны осы зерттеулерге сүйеніп шешіледі.

"Құрылғы жетіспегендіктен микроскопты қолдан жасап, амалдап отырмыз" 

Кітаптың "ішкі әлемін" түсіну үшін химия да керек. Мәселен, құжаттың құрамын анықтау үшін жасалатын тағы бір микроспиялық талдау бар. Оны маман "қағаз құрамындағы лигнинді анықтау процесі" деп атады. 

"Қағаз құрамында лигниннің белгілі бір пайызы болады. Лигнин – қағазға беріктік, қаттылық бергенімен оның сарғайып, тез ескіруін жеделдететін зат. Сол себепті мұндай құжаттарға ешқандай ағартушы, қышқыл құрамды өңдеу жүргізбейміз", – дейді Аида Шоманова.

суретте: жас реставратор Ақжанның телефонға жалғанған микроскоппен кітап лигнинін тексеру сәті

Лигнинді анықтау үшін парақтан тағы да микроскопиялық талшық алынады. Бұл жолы ол флороглюцин ерітіндісімен өңделеді. Егер талшық құрамында лигнин 70 пайыздан жоғары болса, ол қызыл, таңқурай секілді түске боялады.

Бұл процесті мамандар тілшілерге телефон микроскобымен көрсетуге мәжбүр болды. Себебі реставраторлардың негізгі жұмысына қажет құралдар жеткіліксіз екен.

"Арнайы аппараттар жоғынан, амалдауға тура келеді. Құрылғылардың жетіспеушілігі осындай ғылыми процестерде қатты байқалады. Әлі күнге дейін біз ескі әдістерді қолданып жүрміз", – дейді зертхана меңгерушісі.

"Кітапты суға салу арқылы ғұмырын ұзартуға болады"

Ең ерекше сәттердің бірі – ескі кітаптың суға "шомылуы". Бір қарағанда оғаш көрінгенімен, дәл осылай қағаз ғұмырын ұзартуға болады. 

суретте: газет беттері жуылу үстінде

Қайта қалпына келтіретін қағазымызды алып, алдымен арнайы материалдың үстіне қоямыз. Өйткені үгітіліп тұрған ұсақ бөлшектер суға кеткенде жоғалып кетпеуі керек. Сосын парақты бір шетінен бастап, өте жайлап суға маламыз. Шамамен 5–7 минуттың ішінде қағаздағы кір, сарғыштық ыдыстың түбінде қалады. Кейін парақты алып, кептіруге қалдырамыз. Ары қарай жыртылған тұстарын жамау басталады. 

суретте: лабаратория бөлімінің биолог маманы Мадина Нұрматқызы "жуылған" газетті судан алып жатыр

"Қалпына келетін құжат шамамен 75% ағаш массасынан тұрғандықтан, соған ұқсас арнайы реставрациялық қағаз таңдалады. Бұл тұста екі қағаздың бірдей болуы маңызды. Қағаздың қандай екенін анықтап алып, арнайы желімді қолдан жасаймыз. Желім аз да, көп те болмауы керек. Жұқа қылқаламмен жыртылған жерге ақырын жағып шығамыз. Одан кейін жыртылған жерді дәл түйістіріп, үстінен жеңіл басамыз", – дейді Аида Шоманова.

Қазақстанда "кітап дәрігерін" дайындайтын оқу орны жоқ

Аида Шоманованың айтуынша, елімізде реставраторлардың арнайы оқуы жоқ. 

"Қалпына келтіруші деген мамандық бізде ресми түрде жоқ. Қалпына келтіру – үлкен ұғым, ол металға да, матаға да, керамикаға да, әйнекке де қатысты. Ал арнайы “қағаз бен былғарыны қалпына келтіруші” деген мамандықты Қазақстанда көрген емеспін", – дейді Аида Мұратқызы.

Ол бұл зертханаға 2010 жылы келіп, осы жерде үйреніп, қалпына келтіру саласының қыр-сырын меңгерген. Зертхананың өзін 2001 жылы химия ғылымдарының кандидаты Ботагөз Сәрсенбаева ашқан. Содан бері бұл шағын кеңістікте қаншама сирек кітап, құнды құжат "екінші өмірге" ие болды. Десе де, мамандардың еңбегі әлі де бағаланбай келеді.

"Бізде қалпына келтірушілердің жалақысы өте төмен. Жұмыс ауыр, жауапкершілігі көп, ал еңбекақысы оған сай емес. Сол себептен бұл салаға жастардың да қызығушылығы аз", – дейді ол.

суретте: "кітап отасын" жасауға қажет құралдар

Соған қарамастан, Ұлттық кітапхананың реставраторлары өз есебінен шетелдердегі курстарға барып, үлкен орталықтармен байланыс орнатқан. Түркия, Иран, Ресей, Армения, Беларусь мамандарымен тәжірибе алмасып, онлайн конференцияларға қатысып, жаңа әдістемелерді күнделікті жұмысына енгізіп келеді.

Кітапқа жанашырлық – көзге көрінбейтін еңбекке құрмет

Реставрация зертханасында айқай да, шу да жоқ. Тыңдаған құлаққа тек қағаздың сыбдыры, қылқаламның, мақтаның жеңіл қозғалысы естіледі. Мұндағы жандар кітапқа жай "зат" емес, емделіп жатқан тірі организм секілді қарайды. Сол үшін де реставраторлардың әр жазылған еңбекке деген құрметі бөлек. 

суретте: көгеріп кеткен қолжазба кітаптар

"Бір кітаптың артында қанша адамның еңбегі тұрғанын жиі ұмытып кетеміз. Автор, редактор, теруші, баспахана, кітапхана – бәрі сол бір кітап үшін жұмыс істейді. Сондықтан оқырмандардан ең алдымен жанашырлық сұраймыз. Кітапты бүктемеу, жыртпау, шимайламау, үстіне су-тамақ төкпеу, күннің астында қалдырмау қарапайым ғана нәрсе болғанымен, біздің жұмысымызды жеңілдететін үлкен көмек. Кітапқа деген сіздердің құрметтеріңіз – біздің еңбегімізге деген ең үлкен қолдау", - дейді Аида Мұратқызы. 

суретте: кітап мұқабасын ретке келтіріп, басқышқа салу сәті

Ұлттық кітапхананың осы кішкентай реставрация бөлімінде Қазақстанның жазбаша жадына тыныс беретін ауыр, бірақ аса қадірлі жұмыс жүріп жатыр. Ал біз, оқырмандар, мұның бәрін қолымызға бүтін, таза, "сау" кітап күйінде ұстаған кезде ғана сезінуіміз мүмкін.

суреттер: Дина Литпин 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:25

15:16

15:06

14:57

14:46

14:35

14:28

14:07

12:29

12:23

11:51

11:36

11:18

11:08

10:59

10:51

10:33

10:11

09:56

09:47

09:35

09:25

09:14

09:05

08:54